01.02.2012, 12:58 9691

Білім және ғылым министрлігінде алқа мәжілісі өтті

Астанада Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары шығарылды және осы жылға арналған міндеттер белгіленді.

Астана. 1-ақпан. Kazakhstan Today - Білім және ғылым министрлігінде алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, Астанада Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары шығарылды және осы жылға арналған міндеттер белгіленді.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша алқа отырысына вице-премьер Ербол Орынбаев қатысты.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде, "еліміздің ғылым және білім саласы үшін өткен жылдың ерекше болғанын - Білім беруді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың алғашқы жылы болғанын" атап өтті.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету үшін "Ғылым туралы", "Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және Назарбаев Қоры мәртебесі туралы" жаңа заңдар қабылданды. Өткен жылы барлығы 7 заң қабылданды.

2011 жылы білім беру саласына мемлекеттік бюджеттен қарастырылған қаражат 203 млрд. теңгеге артып, 1 трлн. астам теңгені немесе ЖІӨ-нің 3,8 пайызын құрады. Мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті -2015 жылға қарай барлық білім беру деңгейлерінде жан басына қаржыландыру механизмін енгізу, сондай-ақ 2012-2013 жылдары Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін енгізу болып табылады.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында педагогикалық құрамның сапасын арттыруға ерекше тоқталып өтті: "Базалық педагогикалық білім берудің стандарттарын, мектептер мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына қойылатын талаптарды күшейту керек",- деді Елбасы.

2011 жылы мұғалімдердің біліктіліктерін арттыру жүйесінде өзгерістер басталды. Педагогтардың біліктілігін жетілдірудің ұлттық орталығы құрылып, ол өңірлердегі орталықтармен ықпалдастырылуда. "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" жандарынан Педагогикалық шеберлік орталықтары ашылып жатыр.

"Жалпы алғанда, біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі 2012 жылы толығымен жұмыс істеуі тиіс және ол оқытушылардың біліктілігін жетілдіруге қойылатын жаңа талаптарға жауап беруі керек",- деп атап көрсетті Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ведомствоның алқа мәжілісінде.

Айта кету керек, 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұғалімдер мен тәрбиешілерге біліктілік санаттары үшін берілетін үстеме ақы көбейтілді, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының шеберлеріне үстеме ақы белгіленді.

Елімізде сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдардың саны қарқынды артып келеді. 2011 жылы олардың саны 8096-ға жетті ( 2010 жылы 6446 болған).

Мектепке дейінгі мекемелердегі балалардың жалпы саны - 588 мың (өткен жылы 446 мың болған). Қабылданған шаралардың арқасында 3-6 жастағы балаларды қамту 65,4 пайызды құрады, 2010 жылы 55 пайыз болатын.Білім және ғылым министрлігінің бүгінгі алқа мәжілісінде атап көрсетілгендей, ең жоғары көрсеткіш - Қарағанды (97,1 пайыз), Қостанай (96,4 пайыз), Батыс Қазақстан (93,1 пайыз), Шығыс Қазақстан (92,3 пайыз) облыстарында қамтылды.

"Балапан" бағдарламасы шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырысты орналастыру жекеменшік балабақшалар жүйесін 102 бірлікке көбейтуге мүмкіндік берді, және оның саны 449-ды құрады. Бүгінде жекеменшік балабақшалар үлесі еліміздегі жалпы балабақшалар санының 17 пайыздан астамын құрайды.

Орта білім беру саласында елімізде 7696 мектеп жұмыс істейді, онда 2,5 миллиондай бала білім алуда. 2011 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 59 мың орындық 89 мектептің құрылысы басталды, 25 мектеп пайдалануға берілді. Елбасының тапсырмасымен 6 Назарбаев Зияткерлік мектебі құрылып, жұмыс істеуде. 2011 жылы республикалық бюджет есебінен 59 мың орындық 89 мектептің құрылысыбасталды, 25 мектеп пайдалануға берілді.

Елбасы Жолдауда қазақстанның барлық білім беру жүйесінің Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептердің деңгейіне жету қажеттігіне ерекше атап өтті. Білім және ғылым министрлігінен хабарлағандай, 2015 жылға дейін тағы 15 "Назарбаев Зияткерлік" мектебін салу жоспарлануда, қазіргі таңда 12 нысанның құрылысы басталды.

Орта білім берудегі негізгі міндет 12 жылдық оқытуға көшу болып табылады. Білім және ғылым министрлігі материалдық жағдай жасау, "Бейіндік мектептің" тұжырымдамалық-құқықтық негізін, жаңа мемлекеттік білім беру стандартын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді, оқыту бағдарламаларын әзірлеу, педагогтерді қайта даярлауды және т.б. ауқымды жұмыстарды жүргізуде.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда техникалық және кәсіптік білім берудің ролі маңызды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының желісі 2011 жылы 896 бірлікті құрады, бір жылдың ішінде 14 оқу орнына көбейді. Оларда 609 мың адам оқуда.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовтің төрағалығымен Ұлттық кеңес, жұмыс берушілер активімен 16 өңірлік, 14 салалық кеңес құрылды. Техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа инфрақұрылымын үйлестіруді жүзеге асыратын "Кәсіпқор" Холдингі құрылды.

Жоғары білімді дамытуда Назарбаев Университетін құру айрықша серпін берді. Ол алғашында білім, ғылым мен инновация сияқты үш маңызды бөлікті біріктіруге бағытталды. 2011 жылы оның Жоғары қамқоршылық кеңесі құрылды. Назарбаев Университеті елдегі басқа жоғары оқу орындарын дамыту үшін "болашақтың үлгісіне" айналды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ендігі міндет еліміздің бүкіл жоғары білім жүйесіне осы модельді тарату болып табылады.

Осы мақсатта "зерттеу университеті" деген ұғым заңнамалық негізде енгізілді, жоғары оқу орындарын жаңа алты сатыға жіктеу белгіленді.

Қазіргі уақытта елімізде 147 жоғары оқу орны бар. Студенттер саны 599 мың адамды құрайды. Тағы бір жаңалық - 2011 жылдан бастап біздің жоғары білімнің тарихында алғаш рет ел ішінде, сондай-ақ шет елдерде академиялық мобильдікті мемлекет қаржылай қолдай бастады. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының 300 магистранты Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және ТМД университеттеріне бір жыл оқып келді. Және өткен жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес "Студенттік баспана" бағдарламасының жобасы әзірленді.

"Өткен аптада Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Елбасы білім беру жүйесін ұйымдастыру және дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол ортамерзімдік және ұзақмерзімдік басымдықтар. Білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі елімізге мол мүмкіндіктер береді",- деп атап көрсетті Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев алқа мәжілісінде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны