Система Orphus

Әлеуметтік кәсіпкерлік:"Bir bala" әлеуметтік жобасы туралы сұхбат

15.10.2019, 21:57 12394
Әлеуметтік кәсіпкерлік:"Bir bala" әлеуметтік жобасы туралы сұхбат

Алматы. 15 қазан. Kazakhstan Today - Сіздердің назарларыңызға Жазираханым Мейрамбекқызы есімді жас әлеуметтік кәсіпкермен сұхбатты ұсынамыз. Ол жетімдер үйінде тәрбиеленген балаларға Жоғары оқу орындарына түсуге қолұшын беретін жобаның авторы. Әңгіме жастар арасындағы өзекті проблемалар: елде қалу керек пе, әлде кету керек пе, ал егерде қалатын болсаң, не істеу керек деген сұрақтар төңірегінде өрбиді.

Сұрақ: Жазира, оқырман жастарға әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз не екенін түсіндіріп өтсең?

Әлеуметтік кәсіпкерлік - әлеуметтік мәселелерді кәсіпкерліктің көмегімен шешу. Мұнда басты идея адамдарға көмек көрсету, қоғам проблемаларын шешу болып табылады. Қайырымдылықтан айырмашылығы - жоба қаржылық тұрғыдан өз-өзін ақтауы және пайдалы болуы тиіс. Бұл меценаттарға, қайырымдылыққа тәуелділіктен құтқарады. Өз бизнесінің көмегімен қоғамның дамуына үлес қосуымен өзгеше. Менің ойымша, бұл болашақтың бизнес - моделі. Біздің әлеуметтік бизнестегі өзін - өзі ақтайтын коммерциялық бөлігі - шетелдік жоғары оқу орындарына түсу қызметтерін көрсететін орталық. Ал әлеуметтік жағы - "Bir bala" жобасы, онда біз бенефициар-балаларға оқу орындарына ақысыз түсуге көмектесеміз. Әлеуметтік бизнестегі "бенефициарлар" деген ұғым - бұл әлеуметтік жағынан осал адамдар, біздің жобада - балалар үйінің балалары.

Сұрақ:"Bir bala" әлеуметтік жобасы туралы айтып берсең?

"Bir bala" әлеуметтік жобасы балалар үйлерінің, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балаларына бюджеттік негізде оқу орындарына түсуге көмектеседі. Оқуға түсуге мүмкіндік беретін мемлекеттік, жеке бағдарламалар базасын жинадық. Кейбірінің құжатын дайындап, енді бір бөлігін емтиханға жеке дайындайсың. Қазірше тек Қазақстанның ЖОО мен колледждеріне оқуға түсуге көмек беріп жатырмыз. Алдағы уақытта ең үздік балаларды шетелге оқуға жіберсек деген арманымыз бар.

Сұрақ:Бұл әлеуметтік жобаның берері қандай? Мұндай жобаны қолға алуға не себеп болды?

Әлеуметтік жобамен айналысатын адамдардың мотивациясы көбінесе жеке себептерге байланысты деп ойлаймын. Өзіме келсем, Қазақстанға бір жарым жыл бұрын оралдым. 17 жасымда мектептен кейін Мәскеуге кетіп, онда 10 жыл тұрдым. Менің бойымдағы құндылықтар сол жерде қалыптасты, достарым сонда қалды. Алматыға келген соң өзімді эмигрант секілді сезіндім, өйткені мен басқа елге оралғандай болдым. Елімізде көптеген салаларда, жұмыста, әр түрлі ортада адамдардың қарым-қатынасынан құрылады, бюджеттік ұйымдарда сені маман ретінде бағаламайды, мінез-құлық бағаланады, жұмыс кезінде кәсіби арақатынас сақталмайды, бір сөзбен айтқанда, қазақы діл көптеген құрылымдарда жағымсыз жағынан көрініс береді. Мәскеудегі соңғы жұмыс орным Яндекс компаниясы болды, онда өзіндік мінсіз философиясы бар, жеке әлем. Қызметкерлер арасындағы ерекше қарым - қатынас орнаған, әрбір қызметкер - жеке шығармашы. Біздің елде осындай жұмыс форматы халықаралық компанияларда ғана болуы мүмкін. Ал мен орналасқан ғылыми институтта белгілі бір ұстанымдары бар, ескі кеңестік жүйе сақталған. Мәскеуде барлығы тамаша болды, жұмыс, саяхат жасау мүмкіндігі, қызықты орта. Ал Алматыда жалғыздықты сезіндім, барлығын басынан бастауға тура келді. Мен қазір тек жеке басымдағы мәселені айтып тұрғаным жоқ, бұл проблемалар барлық шетелден оралған жастардың басынан өтеді. Біздің мемлекет жастар үшін шетелде білім алуға жол ашу үшін көп нәрсе жасағанын мойындау керек, бірақ сол жастар еліне басқа адамдар болып оралатынын ескермеді (егер қайтып оралса). Олар идеямен, басқа құндылықтармен, қоғамға қызмет етемін деп құлшынысымен оралады. Бірақ мемлекеттік ұйымдарда орнығып алған сіреспе ережелер, мардымсыз жалақы, тіпті симония мен непотизм олардың алдынан шығады. Ең қорқыныштысы, сіз ештеңе істей алмайтынын түсінесіз. Маған Денис Теннің өлімі қатты әсер етті. Бұл оқиға мемлекетімізде орныққан құрылымдық бейберекетсіздікті, "милиция еркіндігі" билейтінін, ертеңгі күнге деген сенім жоқтығын ашып берді. Өмір кез- келген сәтте үзілуі мүмкін екенін көрсетті. Ал Денис Тен секілді жас та болса "үлкен" адам қас-қағымдай ғұмырында қоғам үшін ауқымды дүние жасай білді. Жүрегі ояу жастар осындай ойға батып, бұндай елде қалай өмір сүре аламыз дегенге келіп тіреледі. Статистикаға сенсек, Қазақстан жоғары білікті азаматтардың эмиграцияға кетуі бойынша 15 елдің қатарына кіреді екен. Бәрін тастап қайта шетелге кету қиын емес. Бірақ жағдайды көре тұрып әрекет жасамасаң кейін өкініп жүрерсің. Бірақ мен не істей аламын, кішкентай адаммын ғой? Егер бірдеңе өзгерте алсаң, тек өз кішкентай әлеміңде ғана өзгерте аласың. Мүмкін содан бастау керек шығар деп түйдім...

Мен Алматы облысындағы жеке меншік жетімдер үйіне жақын жерде тұрдым, оларға қонаққа баратынмын. Мектеп түлектері бар екенін біліп, оқуға түсуге көмек қолымды созуды ұйғардым. Әлімжан есімді бала байқауларды жіберіп алып, оқуға түсе алмапты. Мен осы шаруға шындап кірісіп, колледждерді, жоғары оқу орындарын, білім беру басқармасын араладым. Айта кету керек, қазақстандық шенеуніктермен тіл табысу жеке шеберлік пен күш-жігерді талап етеді (күледі). Нәтижесінде Әлімжан Мұхамеджан Тынышпаев атындағы колледжге грантқа түсті, жатақхана берілді, шәкіртақы алды, қазір 2 курста оқып жатыр. Осы балалар үйінің тәрбиешісі маған: "Жазира, сен демек, елге бекер қайтып оралмапсың. Біздің ұл екі қолға бір күрек таппай сенделіп қалып еді. Сен тым құрыса бір баланың тағдырын басқа арнаға бұра алдың",- деді. Бұл сөз мені бір желпінтіп тастағандай болды. Содан бері өз таңдауым туралы өкініштен арылдым: осында, еліңе келген екенсің, қарап қалмау керек. Әрекет шағын істен басталады. Осылайша "Bir bala" әлеуметтік жобасын жасадым. Егер бір балаға көмектесе алсаң, онда бұл істі жүйелеп, жүз баланың тағдырын жақсарту да қолыңнан келеді деген сөз. Ал білім алу - әрбір адамның өміріндегі аса маңызды кезеңдердің бірі.

Сұрақ:Әлеуметтік жобаның қатысушыларына бұл не береді?

Кез- келген адамның өз өмірінде жеткісі келетін мақсаттары бар. Олардың бір- бірінен айырмашылығы - құндылықтарында. Біреу үй немесе көлік алуды армандаса, енді бірі мәнсапты көздейді, тағы біреуінің сұранысы материалдық құндылықтардан басқада болады. Әрине мәнсап, отбасы, сүйікті ісі, бизнес. Бірақ бұл адамның жеке басына, жақындарына, өз пайдасына, өсуіне бағытталған мақсаттар. Әлеуметтік жобалар бөгде адамдарға көмек жасаумен қатар, өз өміріңе де өзгерістер береді. Өмірің мән-мағынаға ие болады. Белгілі бір миссия туындайды. Әлеуметтік жоба маған алға жүруге күш берді, менің қоғамның дамуына және әлеуметтік проблемаларды шешуге үлес қосуға мүмкіндігім бұл. Қазіргі таңда алда тұрған келесі қадам - ниеттестер мен мүдделестерді жинау. Команда жинау оңай емес, өйткені әлеуметтік жоба - ерікті іс. Бірақ еріктілердің ынтасы әртүрлі, кейбіреулері ұзаққа созылады. Келесі жыл - Қазақстанда ресми түрде жарияланған еріктілер жылы (волонтер). Жалпы еріктілер мәдениетін елімізде дамыту маңызды тақырып, әсіресе жастар арасында. Еріктілік - өз қоғамының алдында жауапкершлікті сезіне алатын, азаматтық белсенділікті тәрбиелейтін іс.

Сұрақ:Әлеуметтік кәсіпкерлік әдеттегі бизнестен немен ерекшеленеді?

Әлеуметтік жоба ұзақ уақыт жұмыс жасау үшін қаржыландыру көзі керек. Көбінесе кәсіпкерлерге немесе гранттарға тәуелді болады. "Bir bala" жобасына 1 жылдан соң қаржыландырусыз қиын болатынын түсіндім. Сол кезде әлеуметтік кәсіпкерлік саласын кездейсоқ аштым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешетін бизнес. Мен қосымша іс ретінде шетелдік жоғары оқу орындарына талапкерлерді түсіріп, біраз жыл осы салада тәжірибе жинадым. Осылайша, клиенттерге шетелдік жоғары оқу орындарына түсу бойынша қызметтерді ұсына отырып, осы қаражаттың бір бөлігін әлеуметтік жағынан жетім балаларды оқуға түсіруге бағытталған әлеуметтік жобаға бөлуге болады. Әлеуметтік бизнестің өзінің жеке миссиясы бар. Әзірше біз ел ішінде оқуға түсуге көмектесеміз, әріқарай ең дарынды балаларды шетелге оқуға түсуге дайындауды жоспарлап отырмыз.Ең бастысы, пайда белгілі бір әлеуметтік проблеманы шешудің құралы болып табылады. Біз миссиямызды келесі сөздәйекпен түйіндейміз: Everyone deserves to study.

Сұрақ: Әлеуметтік кәсіпкерлікте бизнес-модельдер қалай жұмыс істейді?

Кәсіпкерлер, бенефициарлар және клиенттерді қамтитын негізгі 4 модель бар. Екінші модель бойынша - бенефициарлар қызметкерлер болып табылады. Бенефициарлар - бұл ықпал етуге бағытталған қоғамның әлеуметтік осал азаматтары. Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кәсіпкерліктердің бірі - GreenTal компаниясы. Оның құрамына тігін шеберханасы, жиһаз бөлімі, полиграфия кіреді, онда қызметкерлер - мүмкіндігі шектеулі адамдар, белгілі бір саладағы мамандар болып табылады. Яғни бұл басқа компаниялар сияқты жұмыс жасап, табыс табады, бірақ айырмашылығы - мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, үлкен әлеуметтік мәселені шешеді. 3-ші модель бойынша бенефициарлар - клиенттер ретінде болады. Ал 4-ші модельде бенефициарлар бизнеске қатыспайды, бірақ жалпы модельге әлеуметтік құрамдас бөлік ретінде қамтылады. Біздің әлеуметтік-кәсіпкерлік жобамыз осы 4-ші схема бойынша жұмыс істейді. Ол "YKI-consulting" шетелде білім алуға жіберетін орталықтан және "Bir bala" әлеуметтік жобасынан тұрады. Біздің идеямыз 3 + 1 деген модельді біріктіреді. Үш клиент - шетелдік жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отырған мектептен мен колледж түлектері. Клиенттер орталық ұсынған қызметтер үшін ақы төлейді, оған кеңес беру, құжаттарды дайындау, бағдарламаны таңдау, шетелдік университетке түсу бойынша ақылы қызмет ұсынылады, сондай - ақ виза алуға қолдау көрсетіледі. Ал төртіншісі - талапкер - балалар үйінің түлектері. ЖОО түсуге дайындық, құжаттар, емтиханға дайындықтар тегін көмек ретінде жасалады. Оған оқу орнына түсуге дайындық бойынша нақты көмек көрсетіледі.

Сұрақ: Сеніңше, "әлемді өзгерту" идеясы неден басталуы керек?

Адамзат тарихында әртүрлі салаларда түбегейлі өзгерістерге әкелген көптеген төңкерістер белгілі. Бірақ ол күтпеген нәтижелер беруі мүмкін, ол көбінесе іргелі дамымайды. Бұл мағынада эволюциялық дамуды таңдау менің ойымша неғұрлым тиімді. Алайда эволюциялық даму көп уақытты, шығындарды және шыдамдылықты талап етеді. Америкалық экономист Джефри Сакс әлемдік дамудың тұрақты саласында 17 мақсат бөлді. Біздің жоба білім берумен байланысты. Сапалы білім алу-елдің белсенді азаматы тұлғасын қалыптастыру үшін негіз. Осы мақсаттардың бірін таңдап, әрекет ете бастауға болады. Қазақстанда қоғамдық проблемалар өте көп. Ең бастысы - бастау. Бір күні оқушы ұстазынан: "ұлы өзгерістерді қанша күту керек?", деп сұрағанда: "егер күтсең, ешқашан өзгеріс болмайды"- деп жауап алыпты.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны