18.05.2007, 19:06 2925

Бірыңғай ұлттық тестілудің дұрыс жауаптарының кілттері құпия құжаттардың реестріне қосылды - тестілеу орталығының директоры

АСТАНА. 18 - мамыр. Kazakhstan Today. Бірыңғай ұлттық тестілеудің дұрыс жауаптарының кілттері құпия құжаттардың реестріне қосылды. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Мемлекеттік білім беру және тестілеу стандарттарының ұлттық орталығының директоры Исатай Сағындықов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Үстіміздегі жылы бірыңғай ұлттық тестілеудің дұрыс жауаптарының кілттері құпия құжаттардың реестріне қосылды, себебі өткен жылы дұрыс жауаптардың кодтары емтиханға дейін қолға өтіп кетті деген үлкен сындар айтылған болатын",- деді И. Сағындықов. Ол, енді "осы заңды бұзған адамдардың қылмыстық жауапқа тартылатындығын" түсіндіріп өтті.

Директордың айтуынша, тестілеу орталығының қызметкерлері қазіргі уақытта "тиісті тестілеуден өткен және де құпия құжаттарды алуға рұқсаттары бар". "Сонымен қатар, тестілеу орталығында қосымша қауіпсіздік шаралары да қабылданған",- деп атап көрсетті И. Сағындықов.

"Тестке қатысты негізгі база сақталатын компьютерлер қазіргі уақытта оқшауланған. Компьютерлер орнатылған бөлмелерге 16 бейне бақылау құрылғысы орнатылған, олар барлық болып жатқанд оқиғаларды үзіліссіз таспаға түсіріп отырады. Біз кез-келген уақытта компьютерге кімнің қашан келіп жұмыс істегендігін көре аламыз",- деп атап өтті ол. Ол, сондай-ақ, "құпия құжаттары бар компьютерлер тұрған бөлме таңбамен бекітілген және тек емтихан күні - 10 маусымда ғана ашылатындығын" айтып өтті.

"Тестілеу орталығында 3-сәуірден бері ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кезекшілік атқаруда, яғни ақпараттың сыртқа таралуы іс жүзінде мүмкін емес",- деп қорытындылады орталық директоры.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны