07.02.2013, 11:34 2898

Бірінші вице-премьер Б.Сағынтаев жұмыс бабымен Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысына барды

Алдымен ОҚО Созақ ауданы Таукент ауылына барды, онда Б.Сағынтаев тұрғын үйлерді және Сағыралыұлы атындағы орта мектепті қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін тексеріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Астана. 7-ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Үкіметтің жұмыс тобы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтің басшылығымен Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының дауылдан зардап шеккен аймақтарына барды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Алдымен ОҚО Созақ ауданы Таукент ауылына барды, онда Б.Сағынтаев тұрғын үйлерді және Сағыралыұлы атындағы орта мектепті қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін тексеріп, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Осы жылдың қаңтарында ОҚО Сарыағаш, Түлкібас және Созақ аудандарының елді мекендерінде болған жауын-шашынның молдығынан, қардың қарқынды еруі мен екпінді желдің кесірінен аулалар мен үйлерді су алған болатын.

Түстен кейін жұмыс тобы Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласына барды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев бірінші вице-премьерге аймақтағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын мәлімдеді. Жаңатаста жұмыс тобы қалпына келтіріліп жатқан көп пәтерлі тұрғын үйлер мен аудандық аурухана ғимаратын, Қаратау қаласында гимназияны, орталық қазандықты және көп пәтерлі тұрғын үйлерді қарап шықты.

Еске сала кетейік, 12 қаңтарда Жамбыл облысының бес ауданында және Тараз қаласында болған қатты екпінді желдің кесірінен төтенше жағдай туындаған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысындағы дауыл салдарын жою бойынша Республикалық штаб құрылған болатын. Халыққа көмек көрсету үшін жедел шаралар қолданылды, оның ішінде мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, коммуналдық қызметтер мен ұйымдар тарапынан қажетті күштер мен қаражаттар жіберіліп, жасақтар құрылды.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің тапсырмасымен Жамбыл облысында бірінші кезектегі жұмыстарды жүргізу үшін ҚР Үкіметінің төтенше қорынан 800 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

ТЖ салдарынан пайда болған материалдық зиянды бағалау мен өтеу бойынша комиссияның жұмысы жалғасуда. Бұл жұмысты аяқтаған соң комиссия Үкіметке дауыл салдарын жою үшін қосымша қаражаттар бөлу туралы ұсыныстар енгізеді.

Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жұмыс сапарының қортындысымен Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында ТЖ бойынша Үкімет комиссиясының кезекті көшпелі отырысы өтті, онда ТЖ салдарын жою жұмыстарын жүргізу мәселелері қарастырылды.

"ТЖМ Үкіметтік резервтен қаржы бөлу туралы Қаулы жобасын дайындады, құжат жобасы орталық мемлекеттік органдардың қарауында. Алдын-ала есеп бойынша шығын көлемі Оңтүстік Қазақстан облысында 820 млн. теңгені құрады",- деп хабарлады Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, комиссия отырысында ТЖ министрі В.Божко мен екі облыстың басшылары аймақтардың алдағы көктемгі су тасқынына дайындығы туралы баяндады. Б.Сағынтаев оларға барлық дайындық жұмыстарын мұқият жүргізіп, кез-келген табиғи апаттың алдын алуды тапсырды.

Бірінші вице-премьер бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдеріне ТЖМ, ИЖТМ, "КЕГОК" АҚ-мен бірлесіп, қысқа мерзімде өмірлік қажетті нысандарда, әлеуметтік сала, энергиямен қамтамасыз ету нысандарында жөндеу-қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтап, сондай-ақ дауыл зардаптарын жою үшін қосымша қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев Жамбыл облысының әкіміне ИЖТМ және "КЕГОК" АҚ-мен бірлесіп, зардап шеккен аудандарда электр тарату желілерінің техникалық жағдайын толық тексеру жөнінде тапсырма берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны