14.02.2013, 15:04 6249

Бірінші вице-премьер Б.Сағынтаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды

Бірінші вице-министр өңірге сапарын Степногор қаласынан бастап, онда қаланы дамытудың кешенді жоспарының іске асырылу барысымен танысты. Степногор қаласы Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде еліміздің республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын моноқалалары тізбесіне енгізілгендігі белгілі.

Астана. 14-ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысында жұмыс сапарында болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бірінші вице-министр өңірге сапарын Степногор қаласынан бастап, онда қаланы дамытудың кешенді жоспарының іске асырылу барысымен танысты. Степногор қаласы Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде еліміздің республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын моноқалалары тізбесіне енгізілгендігі белгілі.

Қала халқының саны 64,3 мың адамды құрайды. Қаланың мамандануы - тау-кен өндіру өнеркәсібі. Бақытжан Сағынтаев сапар барысында Степногор ЖЭО мен "Степногор тау-кен-химия комбинаты" ЖШС гидрометаллургиялық зауытын аралады. Сондай-ақ, Степногор қаласының 250 маман еңбек ететін, қуаты жылына 1500 тоннаны құрайтын жерде сирек кездесетін металдардың концентраттары мен дербес қосылыстарының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру және 220 адам жұмыс істейтін, қуаты жылына 170,7 тонна болатын пирит концентратын қайта өңдеуді ұйымдастыру сияқты "зәкірлі" жобалардың іске асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысты.

Бірінші вице-премьер қала басшылығымен және бизнес өкілдерімен өткен кездесуде атқарушы билік органдарының міндеті салалық шектеулерсіз кредит бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мөлшерлерін арттыру арқылы шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа өндірістер ашуға гранттар ұсыну және қала халқының өздігінен жұмыспен қамтылғандарына, жұмыссыздары мен аз қамтамасыз етілген топтарына жұмысқа орналасулары үшін жан-жақты жәрдем көрсету екендігін атап көрсетті.

Бақытжан Сағынтаев қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды (жылумен, электрмен және газбен жабдықтау) қайта жаңарту, салу, сондай-ақ Степногор қаласының көп пәтерлі үйлері мен әлеуметтік сала объектілеріне жөндеу жүргізу мәселелеріне айрықша көңіл аударды.

Сонымен қатар, бірінші вице-министр Ақмола облысының әкімдігіне Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп, "Степногор тау-кен-химия комбинаты" ЖШС гидрометаллургиялық зауытын одан әрі дамыту бойынша алдағы күндері жеке кеңес өткізуді тапсырды.

Түстен кейін бірінші вице-министр Ақмола облысы Целиноград ауданының әлеуметтік объектілерімен, оның ішінде 140 орынды балабақшаның және 300 орынды жалпы білім беретін мектептің құрылысымен танысты, сонымен қатар, Ақмол ауылындағы "Ақмола-Феникс" АҚ құс фабрикасын аралады.

Көшпелі отырыс жұмысында Бақытжан Сағынтаев Астана қаласына іргелес жатқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарының іске асырылу барысын және Астана айналасындағы азық-түлік белдеуі жобасын орындау мәселелерін талқыға салды.

Жоғарыда аталып кеткен кешенді жоспарда жалпы сомасы 40,4 млрд. теңгені құрайтын 93 іс-шараны іске асыру көзделгендігі белгілі. Ағымдағы жылы 26 іс-шараны іске асыруға 9,6 млрд. теңге қарастырылып отыр, бұлар - 3000 орынды 4 орта мектептің құрылысы (Целиноград ауданының Қараөткел, Қосшы, Тайтөбе және №96 разъезд ауылдарында); 1300 орынды 3 балабақша құрылысы (Целиноград ауданының Қосшы, Қоянды, Талапкер ауылдарында); аудандық емхана мен аурухана құрылысы (Целиноград ауданының Ақмол ауылында); Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы инженерлік-коммунакациялық инфрақұрылымды дамыту және т.б.

Бақытжан Сағынтаев кеңес қорытындысында Ақмола облысының әкімдігіне бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерімен бірлесіп, ТКШ, білім беру, денсаулық сақтау объектілері бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың сапалы әзірленуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ бюджет қаражатын уақытылы игеру және осы жылға жоспарланған объектілердің пайдалануға берілуі жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Астананың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту шеңберінде бірінші вице-министр Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдіктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-құрылымдармен бірлесіп, өңірде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жағдайында сауда-логистикалық орталықты дамыту мәселелерін мұқият пысықтаулары қажет екендігін тілге тиек етті.

Сөз соңында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері мен тамақ өнеркәсібін қайта өңдеуді қолдау және дамыту жөніндегі "жол картасының" толықтай орындалуы үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны