30.11.2006, 10:38 5782

Бішкекте Қырғызстанның сыртқы қарыздарды шығынға жазу бағдарламасына қосылуына қарсы ұйымдастырылған наразылық акциясы аяқталды

БІШКЕК.30 қараша. Kazakhstan Today. Кеше Қырғызстан астанасында Қырғызстанның HIPC сыртқы қарыздарын шығынға жазу бағдарламасына қосылуына қарсы наразылық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Акция Илемдік банктің кеңсесінің жанында өтті, оған қолдарына:"Жастар HIPC-ке қарсы", "HIPC білдірмей буындырады",-деген плакаттар ұстаған бірнеше ондаған жастар қатысты. Акцияны республиканың белгілі құқық қорғау ұйымдары ұйымдастырып отыр.

Шерушілердің пайымдауынша, "халықаралық донорлар Қырғызстанның сыртқы қарыздарын шығынға жазуды желеу етіп мемлекеттің ішкі саясатына араласуды көздейді". Наразылық шарасы осы мәселені талқыға салу үшін Илемдік банк сарапшыларының Бішкекке келуіне орай ұйымдастырылған.

HIPC (Highly Indebted Poor Countries) дегеніміз - сыртқы қарыздары көп кедей елдерге көмек көрсету бағдарламасы. Оны Илемдік банк пен Халықаралық Валюта қоры 1996 жылы ұсынған болатын. Бұл аса кедей елдер мен қарызға белшесінен батқан елдердің мәселелерін шешудің бірден бір жолы іспетті.

Бүгінгі таңда Қырғызстанның сыртқы қарызы 2,1 млрд $ құрайды. Биыл мемлекеттің қарызын өтеуге республика 50 млн долар бөлсе, келесі жылы осы мақсатқа 80 млн. доллар қажет.

Қырғызстандық кәсіпкерлердің бастамасымен республикада сыртқы қарыздарды өтеуге бағытталған арнайы қор ашылған. Қаржыларын қорға аударуға осы күні көптеген мемлекеттік және қоғам қайраткерлері дайын екендігін білдірген.

Осыған дейін айтылғандай, Қырғызстанның HIPC бағдарламасына қосылуы туралы пікірталас республикада осы жылдың көктем айынан бастап жүріп жатыр. Ең бірінші болып өз ұстанымын Қырғызстан сыртқы істер министрлігі білдірген болатын. Қырғызстан СІМ басшысының пікірінше, бұл бағдарламаға қосылу мемлекеттің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделіне нұқсан келтіреді. Сыртқы істер министрлігі өз ұстанымы үшін күресуде. Атап айтқанда, Қырғызстандағы АҚШ елшісі Мари Йованович сұхбаттарының бірінде , республика "бұл бағдарламадан бас тарта алмайды" дегенде, ҚР СІМ оған қатал түрде жауап берген еді. Елдің белгілі дипломаттары бұл пікірді, "ішкі істерге араласу және Қырғызстан басшысына қысым көрсету" деп бағалаған-ды.

HIPC бағдарламасына қосылуды республиканың экономика және қаржы министрлігі қатты қолдап отыр, Ұлттық банк басшылығы мен халықаралық донорлар ұстамдылық танытуда. Қырғызстан экономика министрі Ақылбек Жапаровтың сөзіне қарағанда, халықаралық донорлардың ұсынып отырған бағдарламасына қосылу 800 млн. долларды жаратылып кетті деп жазуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаға қосылу үшін Қырғыз Республикасы экономиканың бірқатар секторында және денсаулық сақтау, білім салаларында реформа жүргізуге міндеттеме алуы тиіс.

Қырғызстанның премьер министрі мен президенті HIPC бағдарламасына қосылу туралы шешім әлі қарастырылып жатқанын бірнеше мәрте атап айтқан болатын. Олар егер елдің саяси еркіндігіне нұқсан келтіретін болса, билік сыртқы қарыздарды осылайша өтеуге жол бермейтіндігін айтып сендіруде.

Праламент депутаттарының мәселеге қатысты пікірлері де жан жақты. Нақтырақ айтсақ, парламентің бюджет жөніндегі комитеті елдің бағдарламаға қосылуына байланысты теріс шешім шығарған. Парламент комитетінің отырысында, комитет жетекшісі депутат Ақтамбек Келдібеков айтқандай, HIPCке қосылу республикаға келіп жатқан инвестицияның кері қайтуына ықпал етеді. Парламенттегілердің пайымдауынша, "Илемдік банк пен Халықаралық Валюта қоры елдің дамуына кедергі келтіреді, себебі Қырғызстан он бес жыл бойы солардың кеңестеріне сүйене өмір сүріп келді".

Депутат Арыстанбек Малиев өз кезегінде сыртқы қарызды өтеуден бас тартуды ұсынды, себебі несие экс-президент Асқар Ақаевтың тұсында алынған. Қырғызстан парламенті HIPC бағдарламасына қосылу туралы мәселені осы жылдың желтоқсан айының басында талқылайды деп күтілуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны