11.04.2007, 10:50 1564

Бішкекте оппозицияның мерзімсіз митингісі басталады

БІШКЕК. 11-сәуір. Kazakhstan Today. Бүгін Қырғызстан астанасы Бішкекте президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу және конституциялық реформалар жүргізу жөніндегі талаппен оппозицияның мерзімсіз митингісі басталады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Митинг Бішкектің орталық алаңында, Қырғызстанның үкімет үйінің алдында сағат 14-те басталады деп күтілуде. Шараны "Қырғызстанның лайықты болашағы үшін" біріккен майданы мен "Реформалар үшін" қозғалысы ұйымдастырып отыр. Оппозицияның болжамы бойынша шараға 50 мыңдай адам қатысады. Қатысушылар Бішкектің орталық алаңына қаланың түрлі аудандарынан ұйымдасқан колонналар түрінде келмекші.

Кеше 10-сәуірде президентті жақтаушы Республикалық еңбек және бірлік партиясы Қырғызстан азаматтарын оппозицияға қарсы митингілерге қатысуға шақырды.

"Елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалды осылайша одан әрі ушықтыра әрі тұрақсыздандыра берген жағдайда өз қатарына 50 мыңнан астам адамды біріктірген Республикалық еңбек және бірлік партиясы барлық жерлерде тұрақтылық пен демократияны, заңдылық пен тәртіпті қорғауға бағытталған бұқаралық шаралар өткізетінін мәлімдейді",- делінген партияның хабарламасында.

Ал кеше қаланың орталық алаңында киіз үйлер мен шатырлар тігіліп, оларға республика өңірлерінен келген оппозицияның жақтастары жайғаса бастады. Қала орталығындағы көптеген дүкендер жаңа дүрбелеңдерден қорқып тауарларын басқа жаққа алып кетті. Бішкектің азық-түлік дүкендерінің жаймалары бос қалды. Халық ерте бастан қамданып, азық-түлікті алдын-ала сатып алған. Қала орталығындағы мектептерде оқушылар сабаққа келмей қалды. Көптеген ата-аналар бүгін оларды сабаққа жіберуден қорыққан.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны