24.01.2008, 17:00 3312

"Болашақ" президенттік стипендиясы 223 үміткерге тағайындалды

"Болашақ" президенттік стипендиясы 223 үміткерге тағайындалды

Астана. 24 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - "Болашақ" президенттік стипендиясы 223 үміткерге тағайындалды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып, отырыс қорытындысы бойынша "Болашақ" президенттік стипендиясы 223 үміткерге тағайындалды.

2007 жылдың күзіндегі конкурстық құжат қабылдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауға 1896 өтініш келіп түскен. Оның ішінен 235 үміткердің жеке істері комиссияның қарауына ұсынылды, олардың 117-сі шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше түскендер ретінде конкурстық іріктеуге қатысады, ал 118-і жалпы конкурс бойынша іріктеуден өтеді.

"Бүгінгі күннің өзінде "Болашақ" түлектері мемлекеттік қызметте, сондай-ақ Қазақстан бизнесінде де жауапты орындарға ие болып отыр. Олардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына табысты қатысуын одан әрі кеңейту - бұл Мемлекет басшысы біздің комиссияның және бүкіл мүдделі органдардың алдына қойып отырған басты мақсат", - деп мәлімдеді Қ.Саудабаев.

Басымдыққа ие мамандықтар тізбесіне сәйкес, осы кезеңде өтініш білдірген үміткерлер экономика, ақпараттық технологиялар мен жүйелер, мемлекеттік басқару, халықаралық коммерциялық құқық және мемлекеттік саясат сияқты мамандықтарды қалаған.

Президенттік стипендияға үміткерлердің бысым бөлігін Алматы мен Астана қалаларының, Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының өкілдері құрап отыр.

Үміткерлердің көбі "магистратура", сондай-ақ "бакалавриат", "аспирантура", "маман", "клиникалық ординатура" және "докторантура" бағдарламалары бойынша білім алуға ниет білдірген.

Үміткерлер білім алғысы келетін елдер арасында бірінші орынды Ұлыбритания, одан кейін АҚШ, Ресей, Қытай, Германия, Малайзия және Ирландия елдері алып отыр.

Комиссия отырысында "Болашақ" стипендиясы иегерлерінің өтініштері қаралды, сондай-ақ Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2007 жылғы хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жөніндегі ақпараты тыңдалды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны