21.02.2008, 19:28 2825

Бүгін Ақордада ҚР президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның 2008 жылғы бірінші отырысы өтті

Бүгін Ақордада ҚР президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның 2008 жылғы бірінші отырысы өтті

Астана. 21-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен ҚР президентінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның 2008 жылғы бірінші отырысы өтті, оның негізгі арқауы ел президентінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жан-жақты күшейту бойынша жуықта берген тапсырмалаларын іске асыру жөніндегі іс жүзіндегі қадамдарды әзірлеу болды, деп хабарлайды агенттік президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінің маңызды басымдығы болып қалуда. Президенттің жуықта өткен Бас прокуратураның кеңейтілген мәжілісіндегі құқық қорғау органдарының жұмысына қатаң және жағымсыз баға беруі оның осы саладағы істердің жай-күйіне ерекше алаңдаушылығы мен қанағаттанбауының дәлелі болып табылады. Өзінің халыққа жыл сайынғы жолдауында Елбасы құқық қорғау органдарының қызметін батыл әрі түбегейлі жақсартуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты әрі маңызды табыстарды тағы да талап етті", - деді отырысты аша отырып мемлекеттік хатшы. - Президенттің барлық айтқандары Сіздер - елімізде заңдылықты, құқық тәртібі мен әділдікті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мүшелері болып табылатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияға да толығымен қатысты. Бүгін тек "көзбояушылық" шаралар немесе кезекті, абстракциялық, бақылауға бағынбайтын бағдарламалар туралы емес, бұл зұлматтың түп-тамырына балта шабу жөніндегі нақты іс-қимылдар туралы сөз болмақ. Президент айтқандай, осы зұлматтан арылуды құқық қорғау органдары өздерінен бастауы тиіс екендігін ашып көрсете отырып, "сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті адамына, қызметіне, шеніне, байланысына қарамастан жүргізу қажет".

Мемлекеттік хатшының пікірі бойынша, оның артында кім тұрғанына қарамастан, әрбір сыбайлас жемқорлық фактісі үшін жауаптан жалтармаушылықты қамтамасыз ету қағидаттық тұрғыдан маңызды. "Біз тек осылай ғана мемлекет азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қабілетті екендігіне, заң алдындағы теңдік принципін іс жүзінде іске асыруға деген халықтың қатаң сенімін орната аламыз. Бұдан басқа, бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кең жұртшылық пен БАҚ-тың ісі болуға тиіс екендігі белгілі. Сондықтан да президент - "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қуатты қоғамдық қозғалыстың авангарды болуға тиіс партияның алдына да осы салада нақты міндеттер қойды. Енді құқық қорғау органдары мен жұртшылық арасындағы барынша тығыз үйлестіруді қамтамасыз ету, стратегиялық және жедел ынтымақтастықтың пәрменді тетіктерін әзірлеу қажет. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әрбір азаматтың, бүкіл қоғамның ісі болуға тиіс. Еліміздің одан әрі табысты дамуы және оның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елдерінің қатарына кіру мүмкіндігі Мемлекет басшысының бағыт-бағдарларын тиімді іске асыруға байланысты. Осы міндеттерді шешудегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның айрықша жауапкершілігін атап көрсетудің қажеті жоқ,- деді мемлекеттік хатшы.

Осыны негізге ала отырып, комиссия отырысында комиссия мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы есептері тыңдалды және президенттің тиісті бағыт-бағдарларын орындау жөнінде түбегейлі шаралар қаралды.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігінің төрағасы С.Қалмырзаев, Бас прокурор Р.Түсіпбеков, Ішкі істер министрі Б.Мұхаметжанов, Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев және басқа да комиссия мүшелері баяндама жасады.

Отырыс қорытындылары бойынша Комиссия тиісті мемлекеттік органдарға "Нұр Отан" ХДП-ның жергілікті жерлерде қүрылған қоғамдық кеңестерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және саяси партиялармен ынтымақтастықтың пәрменді тетіктерін әзірлеу; Республиканың бүкіл аумағында жұмыс істейтін, азаматтар кез келген сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлай алатын бірыңғай сенім телефонын құру; бұқаралық ақпарат құралдарындағы және сенім телефондары арқылы берілетін сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламаларға шұғыл әрі тиімді ден қою; тексерулердің нәтижелерін кең жұртшылыққа жеткізу; тиісті моральдық және кәсіптік қабілеті жоқ қызметкерлерді басшы қызметтерге тағайындау мүмкіндігін болдырмайтын кадр саясатын жүргізу; барлық жергілікті соттарда істерді автоматты түрде бөлетін электронды жүйені және сот отырысының цифрлық аудиожазбасын енгізуді аяқтау; қолданыстағы заңнамаға жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссиялардың жұмысына міндетті түрде қатысуын көздейтін өзгерістер енгізу ұсынылды.

Комиссия, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеу барысы туралы мәселелерді қарады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны