03.07.2020, 21:49 3502

COVID-19 инфекциясы бойынша жағдайы күрделі өңірлер - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды

Компьютерлік томография клиникалық симптоматикасы бар пациенттерге ғана жасалады: ентігу, тыныс алудың қиындауы, кеуде қуысындағы ауырсыну, қандағы оттегі деңгейінің төмендеуі, олардың барлығы аппараттардың көмегімен анықталады. Көрсетілімдерді дәрігер айқындайды.

Алматы. 3 шілде. Kazakhstan Today - Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясы бойынша өңірлердегі жағдай мен індетке қарсы күрес шаралары жайлы баяндады.

Соңғы айда, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды сынды халқы көп қалаларда COVID-19 инфекциясын жұқтырған пациенттер көп тіркелген. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният Коронавирус инфекциясы бойынша өңірлердегі жағдай мен індетке қарсы күрес шаралары жайлы айтты.

Әрбір облыстың өз ерекшелігі бар, сондықтан, медициналық көмеке қатысты туындаған қиындықтардың да себебі әртүрлі және ол проблемаларды жергілікті атқарушы органдар өздері жеке-жеке шешуде, -деді вице-министр.

Мәселен, Нұр-Сұлтанда сырқатына байланысты медициналық ұйымдарға өздігінен жүгінген пациенттер көп және олар еліміз бойынша жалпы өлім санының үштен бір бөлігін құрайды.

Алматы қаласында COVID-19 инфекциясына шалдыққандардың негізгі үлесі скрининг кезінде және байланыста болған адамдар арасында анықталуда.

COVID-19 инфекциясы бойынша жағдайы күрделі үшінші өңір - Атырау облысы. Мұнда кен орындарында індет жұқтырғандар саны көп, себебі аймаққа облыстың әр ауданынан, басқа өңірлер мен елдерден жұмысқа келушілер көп.

Шымкент қаласында инфекциялық ауруханаларда реанимациялық төсектер жетпейді. Шымкент халқы тығыз қоныстанған қалалардың бірі, және бұл шаһарда Нұр-Сұлтан, Алматыдағыдай үлкен республикалық клиникалар жоқ болғандықтан, онда жалпы төсек қоры шектеулі.

Батыс Қазақстан облысында инфекция сырттан тасымалдануда. Облыс басқа елдермен шекаралас және көршілес облыстардан жұмыс іздеп келушілер саны көп. Осыған байланысты, бұл облыста байланыста болған адамдарды анықтау қиынға соғуда.

Қазақстанның әрбір өңірінде медициналық көмек көрсету мәселелерін шешу үшін тиісті шаралар әзірленіп, қабылдануда,-деді спикер.

Емханалар жұмысын бірде-бір күн тоқтатқан емес. Эпидемиялық жағдайға байланысты пациенттер инфекцияны жұқтырмау үшін емханалар қашықтықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылды: учаскелік және консультациялық қызметтер қашықтықтан көрсетіледі, жоспарлы көмек және диагностикалық қызметтер қатаң түрде дәрігерлердің көрсетілімдері бойынша онлайн-жазылу арқылы жүзеге асырылады, емханаларда кезек күту, көп адам жинауға жол берілмейді, бүгінде үш түрлі 383 көшпелі мобильді бригада ұйымдастырылды, олар COVID-19 тест алады, COVID-19 анықталған пациенттерге медициналық көмек көрсетеді,созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді, жүкті әйелдер мен балаларға патронаж жүргізеді.

Министрлік дені сау адамдарға арналған, жіті респираторық вирустық инфекциясы бар адамдарға арналған, COVID-19 инфекциясымен ауыратын пациенттерге арналған жадынамаларды әзірледі.

Барлық сұрақтар бойынша пациенттер Call-орталығына жүгінуіне болады, әрбір облыста бірыңғай Call-орталық ұйымдастырылған, емханалардың жанында байланыс орталықтары жұмыс істейді. Көптеген пациенттер өздерінің учаскелік дәрігерлерімен және мейіргерлермен тікелей байланыста бола алады.

Елімізде жедел жәрдем машиналары жеткіліксіз, алпы 1967 машина бар, Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында жедел жәрдем машинасы тапшы, - деді Ажар Ғиният.

Осы проблеманы жедел шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, медицина қызметкерлерін тасымалдау, дәрі-дәрмектерді жеткізу және пациенттердің басқа да қажеттілігі үшін медициналық емес мемлекеттік ұйымдардың автокөліктерін, автопарктердің резервтерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Вице-министрдің айтуынша, еліміз бойынша жедел жәрдем шақыру саны орташа есеппен екі есеге, кейбір өңірлерде 4 есеге артты.

Елімізде эпидемияға дейін күніне 15 мың шақыртуға қызмет көрсетілетін еді. Қазір соңғы екі аптада шақыртулар саны 2 есеге өсіп, 30 мыңнан асып отыр, соның ішінде COVID-19-ға күдікті жағдайлар бойынша - 13,6% (4100 шақырту), 33,7% (1383) стационарларға жеткізіледі, актив бойынша амбулаториялық емдеуге емханаларға 66,2% (2717) беріледі.

Шақыртулардың 84,6% басқа да себептерге байланысты: әртүрлі жарақаттар, инфаркт, инсульт, уланулар және т.б. Мұндай пациенттер "инфекциядан таза" стационарларға емдеуге жатқызылады.

"Жедел жәрдем қызметінің медицина қызметкерлері көмекке шақырған азаматтар тарапынан жайсыз эмоциялық жағдайларды да көруде, себебі олардың физикалық және психикалық-эмоционалдық жүктемесі ауыр. Шақыртуларға қызмет көрсету бірінші кезекте пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты анықталад",-деді ол.

Тестілеу төңірегіндегі дауға келсек, ол ПТР-тест тапшылығына байланысты емес, - деді вице-министр. Азаматтардың көпшілігі бір мезгілде жүгінген жағдайда ПТР-анализаторлары бар 56 зертхананың қуаттылығы жеткіліксіз болып отыр, осыған байланысты кезек ұзарады. Спикер тестілеу мынадай санаттағы адамдар арасында өткізілуі тиіс деді: инфекция анықталған пациенттермен жақын қарым-қатынаста болған адамдарға - бұл отбасы мүшелері; COVID-19 күдікті ауырсыну жағдайлары бар пациенттерге; медицина қызметкерлеріне.

Сондай-ақ, маусым айында компьютерлік томографиядан өту мақсатында халықтың жүгіну саны күрт өсті. COVID-19 анықталған адамдар жаппай өкпенің компьютерлік томографиясынан өте бастады.

Компьютерлік томография клиникалық симптоматикасы бар пациенттерге ғана жасалады: ентігу, тыныс алудың қиындауы, кеуде қуысындағы ауырсыну, қандағы оттегі деңгейінің төмендеуі, олардың барлығы аппараттардың көмегімен анықталады. Көрсетілімдерді дәрігер айқындайды.

Елімізде барлығы 135 томограф жұмыс істейді. Компьютерлік томография кабинеттерінің өткізу қабілетін де ескеру қажет - әрбір пациенттен кейін санитариялық өңдеу жасалады, бұл кезек күту уақытын ұлғайтады. Жуық арада республикалық бюджеттің есебінен өндіруші зауыттан 2 КТ аппараты жеткізіледі, қосымша 17 аппарат сатып алу бойынша келіссөздер жүргізілуде, жергілікті бюджеттен 1 аппарат сатып алынып Алматы қаласында қойылған, 4 облыста тағы 7 аппарат сатып алынды.

Тыныс алу жолдарының ауруларын диагностикалау үшін хаттамаға цифрлық рентгенография аппараттары енгізілді, қазіргі заманғы цифрлық рентгенография аппараттарының жұмыс қабілеті жоғары.

Бүгінгі күні елімізде 3 мыңнан астам рентген-аппарат жұмыс істейді, оның ішінде 1118-і жылжымалы аппарат, олар ауылдағы халыққа диагностикалық қызмет көрсету үшін қолданылады.

2020 жылғы 28 маусымдағы кезеңде қосымша 1,8 мың инфекциялық төсек-орны, 8 мың провизорлық төсек-орны ашылды:

Нұр-Сұлтан қаласында қосымша 500 инфекциялық төсек-орын ашылды, Жамбыл облысында - 150 инфекциялық төсек-орын, Шығыс Қазақстан облысында 400 инфекциялық төсек- орын, Ақмола облысында - 200 инфекциялық төсек-орын ашылды.

Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 12.6 мың пациент, оның ішінде ауыр және өте ауыр жағдайда 256 ересек пациент ем алуда, COVID-19 инфекциясымен ауыратын 178 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

2020 жылдың маусым айында өкпені жасанды желдету аппараттарымен толық қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған 3,3 мың аппаратқа қосымша 978 аппарат сатып алынды және тағы 1000 бірлік сатып алу рәсімі жүргізілуде. Бұдан басқа, оксигенотерапияны үздіксіз қамтамасыз ету үшін 4 мың оттегі концентраттары сатып алынды.

Ажар Ғиният пандемия кезеңінде COVID-19 инфекциясынан 25 мыңнан астам пациент емделіп шыққанын, олар қалыпты өмірге қайта оралғанын айтты. Дәрігерлер ауыр жағдайда болған 2085 пациентті аман алып қалды. COVID-19 жұқтырған жүкті әйел 167 баланы дүниеге әкелді.

Алайда, біздің елімізде ғана емес бүкіл әлемде эпидемиялық жағдай әлі де ауыр. Бүгінде COVID-19 қарсы күреске 41 мыңнан астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Күніне орташа есеппен 1,5 мың адам індет жұқтырады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны