20.06.2007, 17:01 3160

Дариға Назарбаеваның Kazakhstan Today ақпараттық агенттігінің сауалдарына берген жауабы

Kazakhstan Today: Дариға Нұрсұлтанқызы, ҚР Конституциялық кеңесі жуырда парламенттің бір топ депутатының Конституциялық кеңеске жолдаған сауалы бойынша ел Конституциясына енгізілген өзгерістердің парламентке жаңаша өкілеттіліктер беру жөніндегі тұсының күшіне ену тәртіптеріне қатысты шешім қабылдады. Оған сіз қандай баға берер едіңіз?

Д.Назарбаева: Бұл сұрақтың жауабы айқын. Бұл шешім ҚР парламенті мәжілісінің жаңа кезектен тыс сайлауын өткізу қажеттігін меңзейді.

Мен оны дұрыс деп санаймын. Өйткені, еліміздегі саяси жүйе 2009-жылғы кезекті сайлауды күтіп отырмай, одан әрі алға жылжи беру үшін пісіп жетілді.

Бұл қадам Қазақстанның демократиялық даму мүдделеріне де, елімізді қарқынды жаңалау міндеттеріне де сай келеді. Парламент тарапынан ел Конституциясына өзгерістер енгізуден басталған саяси реформалар қазіргі сәттен өмірде жүзеге аса бастауға тиіс деп санаймын.

Қоғамдық-саяси құрылыстың жаңа қазақстандық моделін таңдауды ту еткен саяси реформа - біздің ортақ жетістігіміз дегенді тағы бір баса айтқым келеді. Оның астарында бізді ауқымды істер күтіп тұр.

Реформалардың аясында Қазақстанның саяси жүйесіндегі партиялардың ролі мен орнын кеңейтуге, сондай-ақ, өкілетті билік бұтағының ролін күшейтуге бағытталған ережелер айрықша маңызға ие. Бұл біздің қоғамымыздың алға қарыштап басуы және тарихымыздағы аса маңызды оқиға. Ендігі жерде тер төгіп жұмыс істеу керек.

Бұл жұмыстар аясындағы бір маңызды әрі бірінші қадам - жаңа парламентті партиялық тізім бойынша сайлау болып табылады.

Kazakhstan Today: жаңа парламентті партиялық тізім бойынша сайлау елімізде мүлдем жаңаша саяси ахуал қалыптастырады. Біз партиялардың ірілену құбылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, жаңаша бірлестіктер мен альянстардың құрылғанына куә болып отырмыз. Осындай жағдайда "Нұр Отан" партиясы өз жұмысын қалай құрмақшы, оның сайлау алдындағы ұстанымы қандай?

Д.Назарбаева: Расында да біз саяси партиялардың белсенділігі артқанын байқап отырмыз. Бұл жақсы да. Саяси партиялардың дамуы Қазақстанның демократиялық даму, азаматтық қоғамды нығайту мақсаттарына сай келеді.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жыл біздің "Нұр Отан" партиясы үшін оқиғаларға толы әрі күрделі жыл болды. Партия өз айналасына еліміздегі президент Н.Назарбаевтың саясатын қолдайтын саяси күштерді біріктіру кезеңін бастан өткерді. Меніңше, бұл кезең табысты болды.

Партияның 2005 жылғы президент сайлауы кезінде Қазақстанның халықтық коалициясының шеңберінде жинақтаған саяси және ұйымдастырушылық тұрғыдағы құнды тәжірибесі біздің партияның алдағы парламент және мәслихат сайлауларында жеңіске жетуіне мықты негіз қалайды.

Бүгінгі күні "Нұр Отанның" саяси салмағы күн санап өсе түсуде. Бұл рас. Дейтұрғанмен, дәл қазіргі таңда партияның беделі - біздің көшбасшымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі екенін мойындау керек. Және партияға осы жолғы сайлау науқаны барысында бірінші кезекте қазақстандықтарға өзінің партия көшбасшысының масштабына, оның қажыр-қайраты мен ойға алғанына жетпей қоймайтын қабілетіне лайық екенін дәлелдеу үшін үлкен жұмыс тындыруға тура келеді.

Конституциялық реформалардың аясында мемлекет басшысы үшін саяси партияға мүше болуға салынған тыйымды алып тастау Нұрсұлтан Назарбаевтың іріленіп жаңаланған "Нұр Отан" партиясын ресми түрде басқарып, оған сайлауда жетеушілік ете алатындығын білдіреді. Ирине, бұл мәселеде таңдау құқығы - ел президентінің құзырында.

Kazakhstan Today: Президент Н.Назарбаев "Нұр Отан" партиясы өз жұмысында жастарға, ел халқының саяси белсенді бөлігіне арқа сүйейді деп мәлімдеді. Осы жайт партияның сайлау алдындағы стратегиясымен қалай сабақтасады?

Д.Назарбаева: Партия бірінші кезекте адамдардан құралады. Олардың сенімі мен ерік-жігері тоғысқан жерде таңғажайып істерді тындыру қабілеті туындайды.

Жаңа сайлау дегеніміз - "Отан", "Асар", Азаматтық және Аграрлық партиялардың бұрынғы мүшелерін біріктірген партиялық белсенділердің сапалық жаңаша деңгейде өздерін таныту, азаматтық кемелдік пен жауапкершілікті паш ету мүмкіндігі.

Коституциялық реформаларға сәйкес, сайлауда жеңіске жеткен партия ел үкіметін жасақтайтындықтан, дәл қазіргі таңда азаматтық жауапкершіліктің маңызы еселене артып отыр. Демек, жеңіске жеткен партиямен елімізде болып жатқан барлық оқиғалар үшін жауапкершілікті бөліседі деген сөз.

Мен партияның жастар қанатын дамытуға айрықша маңыз беремін. Қазіргі жастар - өткен тарихымыздың ұдайы оң сипатта бола қоймаған ауыртпалықтарын арқаламаған, онымен санасы уланбаған мүлдем жаңаша ұрпақ. Біздің жастарымыздың ұмтылысы үлкен. Сайлау науқаны мен белсенді саяси жұмыстар оған өзінің азаматтық әлеуетін жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік береді. Біздің жастар қанатымыз осы жолғы науқанда өзін белсенділігімен таныта алады деп білемін.

Қазақстан әйелдері деген ауқымды сайлаушылар ресурсын да айрықша атап өткім келеді. Отбасындағы тауқыметтердің ең ауыр бөлігін, жалпы "айбынды" ерлер қауымы арқалатып қоятын ауыртпалықтың бәрін әйелдер өздерінің "талдырмаш" иығымен көне көтеруге тиіс деп саналады.

Ал "бейбіт" уақытта және сайлау кезінде әйелдердің есіне "отбасы мен ошақтың қасы" туралы ескертіп, тасаға қарай ысырып тастауды жақсы көреді. Ал мен біздің "Нұр Отан" партиясы алдағы сайлау науқанында гендірлік сезімталдық танытып, партиялық тізімде 30 проценттен кем емес орынды әйелдерге сеніп тапсырады деп сенемін. Сол арқылы басқа партияларға үлгі- өнеге болмақ.

Kazakhstan Today: Дариға Нұрсұлтанқызы, "Нұрбанктің" айналасындағы шиеленісті жағдай мен қатаң ақпараттық қысым көптеген жалған өсек-аяңдар мен асығыс жасалған байламдарды тудырды. Осындай дақпырттардың басым бөлігі лезде пайда болғаны секілді, жылдам ғайып болып отырды.

Д.Назарбаева: Расында да күрделі ахуал қалыптасты. Бұл жайт менің жеке басыма тікелей қатысты болды. Бұл жерде "қатысты" деген жай сөз жарамсыз. Бұл жайт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Еліміздегі журналистиканың белгілі бір бөлігі ғана даусыз ұтысқа ие болды. Бұл сенсациямен кейбір басылымдар өздерінің таралымын ұлғайтып алды. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген осы..

Менің жақындарым Қазақстан президентінің отбасы мүшелерінің ахуалы ұдайы басқаның жіті назарында екенін және ол назардың көп жағдайда ақ пейілмен жасала бермейтіндігін, бұл ахуалдың жеке өмірге қатысты құпияны сақтауға ұдайы мүмкіндік бере бермейтінін әлдеқашан ұғынған. Соған қарамастан, мен өз отбасымды ақ ниеттіліктен ада әрі көрсеқызар көзқарастардан сақтау үшін бәрін істеп келдім және істей беретін боламын.

Алып-қашпа, қаңқу сөздер әрине көп. Бір ғана оқиғаны - ажырасу дерегін растай аламын. Бұл менің отбасым үшін ауыр сын. Өз тарапымнан саналы түрде әрі жан күйзелісімен жасалған қадам екенін қоса кеткім келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны