26.06.2007, 15:52 3349

Дәрігерлер Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу бағдарламаларына бөлінген қаржы жеткіліксіз деп санайды

АЛМАТЫ. 26-маусым. Kazakhstan Today. Дәрігерлер Қазақстанда нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламаларына бөлінген қаржы жеткіліксіз деп санайды. Осындай пікірді бүгін Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орайластырылған баспасөз мәслихатында Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары жөніндегі ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев ортаға салды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"жыл сайын салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған 20 бағдарламаға 300 млн теңге бөлінеді, бұл денсаулық сақтауға бөлінген бюджеттің 0,15%-іне тең. Бүгінде біз тым құрыса таяудағы жылдарда бұл санды 1%-ке дейін жеткізу жөнінде мәселе көтеріп жатырмыз, ал қазір біз 2 млрд теңгеден астам қаржы сұрап отырмыз", - деді Қ.Төлебаев. Оның нақтылауынша, осы 20 бағдарламаның ақпараттық-білім беру жобаларына еліміз бойынша 6 млн теңге бөлінеді. "Олай болса, осы санды бөліп, нақты ахуалды бағалай беріңіздер", - деді ұлттық орталықтың директоры.

Мамандардың ақпаратына жүгінсек, нашақорлықтың әлеуметтік-медициналық бағдарламалары жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық алғашқы сатылы профилактикалық мақсатта оқыту-диагностикалық бағдарламаның жобасын жасаған. Оның көмегімен баланың немесе жасөспірімнің есірткіге тәуелділікке бейімдік тәуекелін есептеп шығаруға болады. Сонымен бірге мұғалімдерді есірткіге елту оқиғаларын танып білуге және балаларға көмек көрсетуге үйрететін мектепге арналған есірткіге қарсы видеотеканың жобасы жасалған. Алайда, нашақорлықтың әлеуметтік-медициналық бағдарламалары жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық директоры Александр Катковтың айтуынша, есірткіге қарсы видеотеканы тек Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес комитеііунң күшімен ғана тарату мүмкіндігі бар.

"Жалпы алғанда мемлекеттік мекемелерді қаржыландыруға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Сол себепті нақты өнімдер мектепке жете ме, жоқ па деген мәселе осынау мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландырылу-қаржыландырылмауына тікелей байланысты", - деді А. Катков. Оның айтуынша, "елімізде нашақорлықпен және еасірткі саудасымен күресті қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бар". "Біз бірнеше жылдан бері осы бағдарлама аясында есірткіге қарсы видеотеканы барлық оқу орындарына таратуды да қаржыландыру жөнінде мәселе қойдық. Өйткені, тек мектептердің өзі 7,5 мыңнан асады. Бірақ біздің сөзіміз өткен жоқ", - деді.

Сонымен ірге орталық нашақорларға көмек көрсетудің 12 стандартының жобасын және 36 білім беру стандартының жобасын жасаған. "Бір ғана жол бар- ол оқыта беру, оқыта беру. Бірақ бұл шараларды қаржыландыру қажет. Сонда ғана 2-3 жылдан кейін Қазақстандағы ахуал өзгереді", - деді А. Катков.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы есірткі тұтынуға қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психиатрия , психология және нашақорлық проблемалары жөніндегі ғылыми-тәжірибелік орталықтың мәліметтеріне сәйкес, 2006 -жылы нашақорлыққа бірінші мәрте шалдығу көрсеткіші азайып, әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 398,3 оқиғаны құраған. Бұл індетке шалдығуға қатысты жоғары көрсеткіштер 100 мың тұрғынға шаққанда Алматыда - 1302,6 оқиға, Павлодар облысында - 611,1 оқиға, Шығыс Қазақстан облысында - 591,8 оқиғаны құрап отыр. Еліміздегі медициналық мекемелерше нашақорлыққа шалдыққан 53 172 науқас диспансерлік есепте тұр. Дегенмен, А. Катковтың айтуынша, нақты науқастар саны бұдан 4,5 есе артық.

"Қазіргі жағдаймен 1470 бала ресми есепте тұр, олар есірткілік және улы әсері бар заттарды тұтынады. Ал есепте тұрған жасөспірімдер саны 5,5 мыңға жетеді", - деді А. Катков.

Сонымен бірге оның айтуынша, Қазақстан бойынша орта есеппен алғанда жыл сайын есірткіні әсіре тұтыну немесе есірткі тұтыну салдарынан дерті асқынудан 3 - 5 мың адам көз жұмады. "Бірақ бұлар токсикологиялық бөлімдерге, біздің назарымызға ілігетін адамдар ғана. Алайда, емдеуден өтсе де, нашақорлардың басым бөлігі 40 жасқа да жетпестен басқа да ауруларының асқынуы салдарынан қайтыс болады", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны