05.07.2006, 17:24 2948

Демократиялық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы судья болудан үміткерлердің тізімін Жоғарғы соттың сайтында жариялауды ұсынады

АСТАНА. 5-шілде. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасында демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы судья болудан үміткерлердің тізімін Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің ресми сайтында жариялауды ұсынады. Жұмыс тобына қатысушылар бүгін өткен отырысы барысында осындай нұсқау қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мақсұт Нәрікбаевтың айтуынша, ол басқаратын топқа судьялықтан үміткерлердің тізімін республикалық БАҚ-тарда жариялау туралы Бас прокуратурадан ұсыныс келіп түскен. Бұл ұсынысты талқылау барысында Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасы Зейнолла Мақашев “қазір кейбір облыстарда дәл осылай жасалады”, деп хабарлады.
Алайда, оның айтуынша, судья қызметінен үміткерлердің толық тізімін комитет толық жариялауға қауқарсыз. Өйткені, бұл жерде әңгіме 3000-дай үміткердің тізімі туралы болып отырғандықтан, ол үшін ауқымды қаржы талап етіледі. “Үкімет бұл іске бюджеттен қаржы бөлген жағдайда ғана біз бұл қадамға бара аламыз. Ал қазір бірқатар облыстарда мұндай тізім комитеттің қаржысы есебінен жария етілуде”,- деді З.Мақашев.

Өз кезегінде “Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы” ашық қоғамының директоры Евгений Жовтис үміткерлердің толық тізімін Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің ресми сайтында жариялаумен шектелуді ұсынды. “Шын мәнісінде үміткерлердің толық тізімі жұртшылықты қызықтырмайды. Бұқара үшін процедураның ашықтығы ғана маңызды. Осыған байланысты мен тізімді ресми сайттарда ғана жариялау жеткілікті деп санаймын. Бұл аталмыш мемлекеттік мекемелердің ашықтық жөнінде міндеттеме жүктейтінін бекітіп көрсетеді”,- деді ол. Жұмыс тобы осы ұсынысты қолдап дауыс берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны