21.02.2007, 18:14 2802

Денсаулық сақтау министрі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетінің таралуына қатысты ахуалды баяндады

АСТАНА. 21-ақпан. Kazakhstan Today. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетінің таралуына қатысты ахуал туралы мәселе қаралды. Бұл туралы бүгін отырыс аяқталғаннан кейін өткен брифингте Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой хабарлады.

"Мен Денсаулық сақтау министрлігінің облыс әкімшілігімен бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетіның өршу ошағын жоюға қатысты қабылданған іс-шаралар туралы баяндама жасадым",- деді министр. Оның мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта індет ошағында 56 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, ВИЧ індетін жұқтырған 93 бала мен 14 ана анықталып отыр.

Министр сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетінің ошағында жүргізіліп жатқан жұмыстарға Ресей, Украина, Израиль мен Кубаның, басқа да бірқатар халықаралық ұйымдардың 50-ден астам мамандары тартылғандығын атап өтті.

"Бүгінде облыста республикалық ғылыми орталықтардың 18 маманы жұмыс істеуде. Емдеу мекемелерінде 31 бала емделуде, оның 26-сы арнайы ретровирусқа қарсы ем қабылдауда",- деді Анатолий Дерновой.

"Біз бүгінде балаларды республикамыздың шипажай-дауажай мекемелерінде емдеу шараларын жалғастырудамыз. Сәуір айында Алматы қаласындағы Денсаулық сақтау министрлігінің шипажайларына аналар мен балалардың екінші тобы емдеуге жіберіледі",- деп хабарлады ол.

Сондай-ақ, министр қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдау жұмыстарының да жалғастырылып жатқандығын, облыстың медициналық ұйымдарының басшылары мен медициналық қызметкерлердің аттаестациядан өткендігін атап өтті. Оның сөздеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы шамамен 1 мың дәрігер мен 2 мыңдай орта медициналық мамандар білім жетілдіруге және оқуға жіберіледі.

"Республикамыздағы ВИЧ індетін жұқтыру ахуалы жалпы алғанда айтарлықтай күрделі",- деп қорытындылады өз сөзін Анатолий Дерновой. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 7557, соның ішінде өткен жылы 1745 ВИЧ/СПИД індетін жұқтыру оқиғасы тіркелген.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны