12.12.2007, 18:56 3084

Денсаулық сақтау министрлігі "Халықты құрт ауруынан қорғау шаралары туралы" үкімет қаулысының жобасын әзірледі

Денсаулық сақтау министрлігі "Халықты құрт ауруынан қорғау шаралары туралы" үкімет қаулысының жобасын әзірледі

Астана. 12-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Денсаулық сақтау министрлігі "Қазақстан Республикасында халықты құрт ауруынан қорғау шаралары туралы" Қазақстан Республикасының үкімет қаулысының жобасын әзірледі, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Халықтың құрт аурумен науқастануы және кесел салдарынан қайтыс болуына қатысты негізгі көрсеткіштердің оңға басқандығына қарамастан, еліміздегі эпидемиялық ахуал шиеленіскен күйде қалып отыр. Құрт аурумен күрес жұмысының тиімділігінің сапалы көрсеткіштері Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы мен бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіруі үшін үлкен мәнге ие екендігін ескерсек, аталмыш проблеманың өзектілігі орасан зор",- деп айтылған Денсаулық сақтау министрлігінің сәрсенбіде таратқан баспасөз баянында.

Құрт ауруының алдын алу және оның таралуына қатысты проблемаларды шешу денсаулық сақтау жүйесінің аясынан тыс қалып отыр, деп түсіндірді министрліктегілер. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінде "Қазақстан Республикасында халықты құрт ауруынан қорғау шаралары туралы" үкімет қаулысының жобасы, "2008 - 2016 жылдарға арналған салауатты өмір салты" бағдарламасының жобасы, сондай-ақ "2008 - 2010 жылдарға арналған Қазақстан Республкасындағы қан қызметін жетілдіру" бағдарламасының жобасы әзірленіп, үкімет қарауына енгізілді.

"Қазақстан Республикасында халықты құрт ауруынан қорғау шаралары туралы" үкімет қаулысының жобасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасындағы құрт ауруына қатысты эпидемиологиялық ахуалды жақсарту болып табылады",- деп атап көрсетілген хабарламада.

Жобада, атап айтқанда, бұрынғы бактериологиялық диагностика әдісін қолдануға және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар мен құрт ауруына қарсы ұйымдардағы қысқа мерзімді химиотерапия жүргізуге қойылатын бақылауды күшейту қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше емдеуге жатпайтын құрт ауруына шалдыққандар үшін бөлімше (аурухана немесе хоспистер) құру; құрт ауруына қарсы емдеу орындарының аумағын қоршау және күзету; құрту ауруына қарсы ұйымдардың материалдық-техникалық базаларын нығайту арқылы құрт ауруына қарсы ұйымдарды реформалау қажет. Аталмыш қаулы арқылы құрт ауруына қарсы жүргізілетін іс-шараларға, сонымен қатар малдар мен құстар арасында құрт кеселінің таралуын алдын алудың профилактикалық шараларын жүргізуге бөлінген қаржыны мақсатты пайдалануға қатаң бақылау қою жоспарланған. Құжат сондай-ақ мал өнімдерін өндіріп, сатумен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың белгіленген мал дәрігерлік-санитарлық талаптарды орындауын; санитарлық-эпидмиологияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралардың орындалуына бақылау қоюды; құрт ауруына қарсы дәрі-дәрмектерді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына негізделген таза субстанцияларды сатып алуды ұйымдастыруды қарастырады.

Құжатқа сәйкес тергеу изоляторында отырған тәуекелділік топтағы адамдарға - изоляторға түскен кезінде және жарты жыл сайын, түзету мекемелеріндегі сотталғандарға - жылына екі рет флюорогрфиялық және бактериологиялық зерттеу жүргізу және науқастану түріне қарай құрт аурумен ауыратындарды емдеу; әскери қызметкерлер арасындағы құрт ауруымен науқастану күдігі туған тұлғаларды дер кезінде емдеу; халық арасында құрт ауруының алдын алуға қатысты санитарлық-гигиеналық ілімді кеңінен насихаттау жоспарланған.

Іс-шаралар республикалық бюджеттен және облыстар, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджетінен денсаулық сақтау саласын реформалау және дамытудың аймақтық бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын болады.

2008 жылы Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту және реформалаудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрт ауруларына қарсы мекемелер үшін қымбат рентгенодиагностикалық және зертханалық құрал-жабдықтар сатып алуға республикалық бюджет қаржысынан облыстар, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттеріне мақсатты трансферт ретінде 1,7 млрд теңге бөлінеді.

Құрт ауруына қарсы дәрі-дәрмек сатып алуға 2008 жылы республикалық бюджет қаржысынан 2,34 млрд теңге бөлінетін болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны