06.07.2020, 23:27 6527

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрілік заттарды қолданарда аса сақ болуға шақырды

"Біз клиникалық хаттамаға "Фавипиравир" деген жаңа препарат қостық, ол көршілес елдерде, еуропалық аймақта, Жапонияда өте көп қолданылады. Жаңа дәрі жақын арада стационарларға түседі, препарат коронавирус инфекциясына шалдыққан жағдайы ауыр науқастарға ғана беріледі", - деді Алексей Цой.

Алматы. 6 шілде. Kazakhstan Today - Денсаулық сақтау министрі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстандағы коронавирус инфекциясына қарсы күрес шаралары мен дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізу мәселесін шешу жайлы баяндады.

Ералы Тоғжанов атап өткендей, қазір дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады.

Біріншіден, халық тарапынан сұраныс жоғары. Мысалы, Алматыда мамырда бір айда парацетамолдың 50 мың бумасы сатылса, қазір тек бір тәулік ішінде - 100 мыңы сатылған. Сол сияқты, бір жыл бұрын дене қызуын өлшейтін 100 мың құрал сатылса, қазір бұл көлем 1 апта ішінде сатып кетті.

Екіншіден, әділетсіз бәсекелестік, алыпсатарлар дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуы. Осыған байланысты дәрі-дәрмектің шекті бағасын көтеруге жол бермеу үшін құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар берілді. Анықталған фактілер бойынша заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады.

Үшіншіден, ішкі нарықтағы дәрі-дәрмектің 13 пайызы отандық өндіріске тиесілі, ал 87 пайызы импортталады - бұл да дәрі тапшылығына әсер етеді.

"Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана жұмыс істейді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша мынадай жұмыстар жүргізілді: вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер бойынша дәріханаларға ингавириннің 70 мың орамы келді. Дене қызуын түсіретін дәрілер бойынша: нарыққа 800 мыңнан астам парацетамол бумасы келді, алдағы аптада қосымша 900 мың бума жеткізіледі деп күтілуде. Антибиотиктер бойынша: өткен аптаның соңында отандық өндірушілер азитромициннің 150 мыңнан астам орамасын жөнелтті. Жақын арада қызуды төмендететін және вирусқа қарсы препараттардың тапшылығы толығымен шешіледі", - деді вице-премьер.

Жалпы, әр өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Үкіметтің ерекше бақылауында. Мысалы, Алматы әкімдігі фармокомпаниялармен келісімге қол қойды және дәрі-дәрмек жеткізетін негізгі 103 дәріхананың тізімін анықтады.

"Өзін-өзі емдеумен айналысудың қажеті жоқ, симптомдар мен сырқат байқалғанда дәрігерге барып, кеңес алу қажет", - деді Ералы Тоғжанов.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой дәрілік заттарды қолданарда аса сақ болуға шақырды. "Өкінішке қарай, қазір азаматтар босқа даурығып, тіпті, бірден антибиотиктің 5-6 түрін қабылдауда. Препараттарды тек дәрігер тағайындайды, себебі әрбір дәрі-дәрмектің кері әсері де бар. Бірнеше дәріні бірге қабылдағанда пациенттің денсаулығын, нақты созылмалы ауруларды ескеру керек.Өйткені кез келген препаратты қабылдай берсек, өзімізге зиян келтіріп алуымыз мүмкін", - деді министр.

Ол сондай-ақ стационарлық емдеу кестесінің өзгергенін хабарлады. "Біз клиникалық хаттамаға "Фавипиравир" деген жаңа препарат қостық, ол көршілес елдерде, еуропалық аймақта, Жапонияда өте көп қолданылады. Жаңа дәрі жақын арада стационарларға түседі, препарат коронавирус инфекциясына шалдыққан жағдайы ауыр науқастарға ғана беріледі", - деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, бұр препарат жуырда Қазақстанда өндіріледі. Бұдан басқа, шетелдік мамандармен бірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны апробациялау бойынша клиникалық зерттеу де аяқталып қалды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны