09.04.2007, 14:55 3687

Депутат Аяшевтың ұлына қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды - ІІМ

АЛМАТЫ. 9-сәуір. Kazakhstan Today. ҚР Ішкі істер министрлігі парламент үйінің күзетшісі Данияр Какеевті атып жаралаған депутат Оңалбай Аяшевтың ұлына қатысты қылмыстық іс екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылғанын растады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

"Серік Аяшевқа қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық істер кодексінің 38-бабы, 1-тармағына сәйкес екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды",- деді бүгін өткен брифингте ҚР ІІМ ақпарат және қоғамдық байланыстар орталығының бастығы Бағдат Қожахметов.

Оның түсініктемесіне сәйкес, "қылмыстықты істі 23-ақпанда Астана қалалық прокуратурасы қылмыстық іске сот-медициналық және баллистикалық сараптамаларға қатысты материалдарды қосу, күдіктінің қатысуымен тергеу сараптамасын өткізу, сондай-ақ, айыпкердің іс-әрекеттерін ҚР Қылмыстық істер кодексінің 111-бабына ауыстыру мәселесін шешу туралы жазбаша нұсқауымен тергеушілер тобына қайтарған". "Аталған жайттың бәрін тергеу тобы Астана қалалық прокурорының көрсетуі бойынша атқарып, бұлтартпау шарасына қатысты шешімді де прокуратураның нұсқауы бойынша өзгертті",- деді Б.Қожахметов.

Оның айтуынша, "алдын-ала тергеу барысында да жәбірленуші Какеев өзінің жауаптарын өзгертіп, Аяшевтың оны соққыға жықпағанын, олардың арасында ешбір дау- дамайдың болмағанын, оқ атылу сәтін өзінің көрмегенін және есінде жоқ екенін жеткізді". "Сонымен бірге жәбірленуші Какеевтен Аяшевтың өз айыбын өтеп, екі жақтың татуласуына байланысты оған қатысты қылмыстық істі доғару жөнніде өтініш келіп түсті",- деді министрдің баспасөз хатшысы.

"Іс бойынша жинақталған дәлелдер айтылған жайттарды жоққа шығара алмады, соған сәйкес Аяшевтың іс-әрекеттері "адамның денсаулығына қасақана ауыр зақым келтіру" жөніндегі 103-баптан "абайсызда адамның денсаулығына ауыр зақым келтіру" жөніндегі 111-бапқа өзгертіліп бағаланды",- деді Б.Қожахметов.

Осы орайда еске сала кетсек, депутат Оңалбай Аяшевтың ұлы, 23 жастағы Серік Аяшев қаңтар айында мас күйінде "Нұрсая" депутаттар үйінде күзетшіні жарақаттаған. Ол атқан оқ Данияр Какеевтің басы мен иығынан тиген. Депутат Оңалбай Аяшев Какеевтер отбасына өтемақы ретінде екі бөлмелі пәтер мен емделуге ақша ұсынған.

Д.Какеев бүгінге дейін ауруханада жатыр. Оған бүгінге дейін үш операция жасаған, қазір төртіншісіне дайындалуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны