17.01.2007, 18:37 2920

Депутат Назарбаева Есеп комитетінен ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша бюджет қаржысының пайдаланылу жағдайын тексеруді сұрады

АСТАНА. 17-қаңтар. Kazakhstan Today. Депутат Дариға Назарбаева Есеп комитетінен ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі 2004-2010-жылдарға арналған бағдарламасы бойынша бюджет қаржысының пайдаланылу жағдайын тексеруді сұрады. Осы жөніндегі депутаттық сауалды депутат бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Комитеттен бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаржысының пайдаланылуына қатысты тексеру мәліметтерін беруді сұраймын. Қаржының пайдаланылуы туралы ақпарат болмаған жағдайда тиісті тексеру жүргізуді өтінемін",- деді Д.Назарбаева Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың атына жолдаған хатында.

Сонымен бірге депутат ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі бағдарламаның бірінші кезеңінің жүзеге асырылуына қатысты ақпарат беру туралы депутаттық сауалды еліміздің вице-премьері - экономика және бюджетті жоспарлау министрі Аслан Мусиннің атына да қайта жолдады. Д.Назарбаеваның айтуынша, осындай бірінші депутаттық сауалға берілген жауапта толық ақпарат жоқ және онда басты сұрақтар қамтылмай қалған. Осыған байланысты депутат "бағдарламаның жүзеге асырылуына мониторинг жүргізу жүйесі жасалған-жасалмағаны туралы, соның ішінде, жергілікті атқарушы билік органдары мен жеке меншік құрылымдар тарапынан іске асырылып жатқан шаралар туралы" мәліметтер беруді өтінеді.

Д.Назарбаеваның хабарлауынша, бұған дейін берілген ақпаратқа сәйкес, "2004-2006-жылдар аралығында даму әлеуеті төмен ауылдық елді мекендердің саны 776-дан 207-ге дейін азайған". Осыған байланысты депутат "ауылдық елді мекендердің саны қандай көрсеткіштердің есебінен азайғанын" хабарлауды және даму әлеуеті төмен деп танылған елді мекендердің толық тізімін беруді сұрайды.

Д.Назарбаева сонымен қатар "ауыл тұрғындарын оңтайлы орналастыру моделін жасауға мүмкіндік беретін әдістемелік базаның бар-жоқтығына" қызығушылық танытты. Сонымен бірге ол "ауыл тұрғындарын орналастырудың табиғи және күн райы ахуалына, сондай-ақ, өндірістік күштерді орналастырудың ұлттық схемасына сабақтастыра жасалған тиімді моделі бар-жоқты туралы" мәліметтерді беруді сұрады. Өндірістік күштерді орналастырудың ұлттық схемасы 2006-жылдың аяғына дейін жасалуға тиіс болған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны