06.12.2006, 18:47 3065

Депутат Назарбаева үкімет басшысына Қазпоштаның қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады

АСТАНА. 6-желтоқсан. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева үкімет басшысына "Қазпошта" АҚ-ның іс-қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Даниал Ахметовтың атына жолдаған сауалын депутат бүгін мәжілістің жалпы отырысында оқып берді.

Мәселен, Д.Назарбаева : "жазылу арқылы таратылатын басылымдарды жеткізіп беретін пошта операторларының қызмет құны не себепті реттелмейтін тарифтерге жатқызылған; жазылыммен таратылатын басылымдардың бағасы мен пошта операторлары бөлшек саудамен сататын басылымдардың бағасын кім және қалай белгілейді; басылымдарды жеткізіп беру және жазылу қызметін көрсету жөніндегі "Қазпошта" АҚ-ның тарифтері қалай қалыптасады", деген сауалдарға қызығушылық танытты.

Сонымен бірге ол уәкілетті мекеме тарапынан пошта операторы қызметін көрсетуге қанша лицензия берілген және "Қазпошта" АҚ-ның осындай қызметтер нарығындағы үлесі қандай екендігі жайында мәліметтер беруді сұрайды.

Д.Назарбаева сонымен бірге "халықтың басым бөлігі "Қазпошта" АҚ-ның қызметіне қол жеткізе алуы мен оның жұмыс тиімділігін арттыру үшін қандай қадамдар жасалғалы жатқаны жайында, сондай-ақ, "Қазпошта" АҚ ұлттық операторы мен басқа да пошта операторларының іс-қызметін реттеуді оңтайландыру мен жетілдіру мәселелері бойынша" үкімет тарапынан қолданылуы мүмкін шаралардан хабардар болғысы келеді.

Бұған қоса депутат үкіметтің пошта операторлары көрсететін қызметтердің тарифтерін реттеу мәселелері бойынша тиісті заңнамаға өзгерістер енгізуге ниеті бар-жоқтығын білгісі келеді.

Депутаттық сауалын оқып таныстырған Д.Назарбаева қазіргі таңда басылымдарды татару қызметінің құны реттелмейтін тарифтер тобына жататынын және оны пошта операторларының өздері белгілейтінін атап өтті.

"Басылым редакторларының, әсіресе, аймақтық басылымдардың редакторларының пікірінше, пошта қызметінің құны шарықтай өсуіне байланысты жазылуға сәйкес таратылатын басылымдардың, жалпы басылымдық өнімдердің саны азая түсуде. Соның салдарынан басылымдардың бағасы қымбаттап, олардың бөлшек саудада таратылу саны азая түсті",- деді Д.Назарбаева.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны