24.11.2006, 14:39 2990

Депутат рулі оң жақтағы автокөліктерді мінуге тыйым салу туралы шешімнің заңдылығы туралы үкіметтен түсініктеме беруді сұрады

АСТАНА. 24-қараша. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаты Сергей Киселев рулі оң жақтағы автокөліктерді мінуге тыйым салу туралы шешімнің заңдылығы туралы үкімет басшысынан түсініктеме беруді сұрады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

С.Киселев өзінің осы жөніндегі депутаттық сауалын бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында таныстырды.

Депутаттың пайымдауынша, азаматтардың құқығына қатысы бар мұндай шешім үкіметтің қаулысымен бекітілмей, парламентте қабылдануға тиіс. "Бірқатар конституциялық нормалар меншік иесінің құқығын шектеу тек парламенттің құзырындағы мәселе екеніне негіз болады. Ал басқару жүйесі оң жақтағы автокөліктерді елге енгізу мен оны мінуге тыйым салу үкіметтің қаулысымен жүзеге асырылмақшы",- деді депутат.

"Елге заңды әкелінген автокөлікті мінуге тыйым салу іс жүзінде меншікке тыйым салу болып табылады",- деді депутат. Ол ҚР Ата заңының 39-бабы, 1-тармағындағы: "Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деген қағиданы еске салды. Ал Конституцияның 61-бабына сәйкес, аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттемелері мен жауапкершілігіне; меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға тек қана парламент хақылы, деді депутат.

Сонымен бірге С.Киселев Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде жарияланған рулі оң жақтағы көліктердің қатысуымен болған жол апаттарының санына қатысты мәліметтерге күдік келтірді. "Автокөліктің техникалық төлқұжатында да, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамада да, жол апаты болған кезде толтырылатын хаттамаларда да автокөлікті басқаратын руль түрі көрсетілмейтіні белгілі. Сонда мәжілісте жарияланған сандар қайдан алынған?",- деді С.Киселев.

Бұған қоса депутаттың пайымдауынша, елге заңды әкелінген, және қазір пайдаланылып отырған рулі оң жақтағы автокөлік иелері тыйым салынғаннан кейін не істейді деген сауалға нақты жауап әлі де жоқ. "Автокөлікті басқару тізгінін сол жаққа ауыстыру сол көліктің қозғалыс кезіндегі қауіпсіздігі мен көліктің жол үстіндегі сенімділігін қамтамасыз ететін буынын өзгертеді",- деді ол. Сарапшыларға сілтеме жасай отырып депутаттың хабарлауынша, рульді ауыстыру үшін автокөліктің маңызды тораптары мен тетіктерінің 30-60 процентін ауыстыру талап етілмекші. "Еліміздегі техникалық қызмет көрсету станцияларының қазіргі аянышты ахулында оны жүзеге асыру мүмкін бе және осылайша көлікті өзгерту қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай келеді? Ал машина жасаушы зауыттардың басым бөлігі көліктердің трансмиссия жүйесіне, рульмен басқару жүйесіне және тежегіш жүйесіне конструктивті өзгерістер енгізуге жол бермейтіні белгілі емес пе?",- деген сауал тастады депутат.

Депутаттың пайымдауынша, көтеріліп отырған осы мәселелерді "проблема бойынша қандайбір нормативтік акт қабылданбай тұрып" шешу қажет.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны