14.06.2007, 13:33 2787

Депутат Шалахметов Қазақстанда мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен күресті күшейтуді ұсынады

АЛМАТЫ. 14-маусым. Kazakhstan Today. Депутат Ғаділбек Шалахметов республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен күресті күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Өз сауалында мәжіліс депутаты мұнай және мұнай өнімдерінің айналымына қатысты қылмыстар санының өсе түсуіне байланысты олармен күресті күшейтіп, тиісті қылмыстық істерді мұқият тексеру арқылы оларды аяғына дейін жеткізу қажет екендігін атап өтті. "Бұл жерде тек атқарушылардың іс-әрекетінің алдын алу мен оларлы анықтаумен ғана шектеліп қалмай, сонымен бірге қылмыстық бизнестің тізбегін толық әшкерелеу, оны ұйымдастырушылардың әрекеттеріне тосқауыл қою қажет. Қылмыскерлерді қорғап отырғандардың және мафиялық топтардың жұмысына қолдау көрсетіп отырғандардың іс-әрекеттерінің де жолын жабу керек",- деп санайды Ғ.Шалахметов.

Осыған байланысты, депутаттың пікірінше, елімізде аудандық және облыстық ішкі істер органдарының жұмысын жаңалап, олардың мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен күресінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ, қаржы полициясының заңсыз алынған мұнайды пайдаланатын терминалдармен күресін пәрмендендіру қажет.

Мәжіліс депутатының пікірінше, мұнай ұрлау оқиғалары жыл өткен сайын өсе түсуде. "Мәселен, егер 2004-жылы ондай қылмыстардың саны 10 болса, 2005-жылы - 23, 2006-жылы - 66 оқиға анықталған",- делінген сауалда. Депутаттың айтуынша, 2006-жылы Ақтөбе облысында тіркелген "қара алтынды" ұрлауға қатысты әрбір екінші оқиға мұнай құбырынан алынған. "44 қылмыстық іс қозғалып, 13 млн теңгенің 405 тонна ұрланған мұнайы тәркіленіп кері қайтарылған. Бұл тек қайтаруға мүмкіндік туғандары ғана. Өңірдегі мұнай кеніштеріндегі ұрлықтың ауқымымен салыстырғанда бұл сандар тым мардымсыз",- деді депутат.

Өз сауалында депутат үкімет басшысынан қалыптасқан ахуалды түзету үшін үкімет тарапынан қандай шаралар қолданылатынын сұрайды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны