04.10.2006, 17:17 3506

Депутаттар Еңбек кодексінің жобасына кеншілер мен металлургтардың ең төменгі еңбекақы стандарттары туралы норма енгізуді ұсынады

АСТАНА. 4-қазан. Kazakhstan Today. Мәжіліс депутаттары Еңбек кодексінің жобасына кеншілер мен металлургтардың ең төменгі еңбекақы стандарттары туралы норма енгізуді ұсынады. Бүгін өткен палатаның жалпы отырысында мәжіліс депутаты Шаймерден Оразалинов үкімет басшысының атына жолдаған осы жөніндегі депутаттық сауалын оқып берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Депутаттық сауалда атап көрсетілгеніндей, "жалақының төмендігі, зейнет демалысына жеңілдікпен шығу мүмкіндігін алып тастау салдарынан кенші немесе металлург мамандығының беделі төмендеп, кәсіби білікті мамандардың жалақысы жоғары және жұмыс жағдайы жақсы басқа салаларға кету көріністері көбейді. Жастар шахталар мен металлургиялық комбинаттарға барып жұмыс істеуге құлықсыз. Бұның бәрі еліміз экономикасының базалық салаларында болашақта жұмыс істейтін адам қалмайтын ахуалға алып келетін секілді" ,-дейді депутаттар.

Осыған байланысты депутаттар кеншілер мен металлургтардың зейнет демалысына шығатын жас мөлшерін 55 жас деп белгілеуді талап етуде. Қазір жалпыға ортақ жас мөлшері 63 екені белгілі.

Осы сауалмен бірге депутаттар үкімет басшысына шахта жұмысшыларының айлық жалақысын кеншілер мен металлургтардың ең төменгі еңбекақы стандарттарын пайдалану арқылы, сондай-ақ, Ленин атындағы, "Шахтинская" және басқа да "МитталСтилТеміртау" АҚ-ына қарасты басқа да шахталардың жұмыс топтарының бірлескен отырыстарының талаптарының жобаларын ескеру негізінде көтеру жөніндегі ұсыныстарын жолдады.

Бұл сауалды қолдаған бірқатар депутаттар ахуалды тереңірек зерттеуді ұсынды. Мәселен, мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев : "қазір бар айыпты бас инженер, бас механик пен учаске механигі секілді үш адамға жауып қойғылары келуде. Шынтуайтында қалыптасқан ахуалға кім кінәлі екенін анықтап алу керек. Сайып келгенде жабдықтардан ақша аяп қалған инвестор кінәлі. 20-30 жыл болған метан датчиктерін күні бүгінге дейін қолданып келген. Жабдықтар іс жүзінде мүлдем ауыстырылмайды десе болады",- деп мәлімдеді.

"Парламент өз ұстанымын білдіруге тиіс. Біз митингіге шыққан кеншілермен біргеміз деп турасын айту керек. Біз шетелдік инвестордың алдына қойып отырған талаптардың орындалуын қалайтынымызды айтуымыз керек",- деді Тінікеев.

Мәжіліс депутаты Серік Ибдірахманов үкімет пен Лакшми Миттал арасындағы келісім-шартын зерттеуге шақырды. "Миттал мырзаның біздің көмір мен металдан қанша пайда тауып отырғанын білу керек. Мен өз әріптестеріме үкімет пен Лакшми Миттал арасындағы келісім-шартын зерттеуді ұсынамын. Егер бұл үлкен құпия болса, біз онда бар есік-тереземізді қымтай жауып алып талқылап, кеншілер мен металлургтардың кедейлене түсу себебін анықтап алайық",- деді ол.

Мәжіліс депутаты Ерасыл Ибілқасымовтың пікірінше, кеншілер халықаралық сотқа шағымдануға тиіс. "Миттал - жеке тұлға, ол халықаралық синдикаттың жетекшісі. Осыған байланысты қарағандылықтарға мен оның аралық сотқа шағымдануға, соған сәйкес тиісті қылмыстық және басқа да жауапкершіліктерге тартуға қолұшымды беруге дайын екенімді мәлімдеймін. Осыған қол жеткізсек жақсы болар еді. Артынан оны елімізден қуып жіберуге де болады",- деді депутат.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны