08.07.2019, 09:30 13115

Домбыра күнінде дүниеге келген нәрестелерге ұлттық аспап тарту етілді

Қазақстан халқы ассамблеясының бұл акциясы ежелгі дәстүр - әр үйде домбыра болуын, оның ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы тарихы мен мәдениетінің сақталуына жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұруын жаңғыртуды көздейді.

Нұр-Сұлтан. 8 шілде. Kazakhstan Today - Домбыра күнінде дүниеге келген нәрестелерге ұлттық аспап тарту етілді. Қазақстан халқы ассамблеясы елімізде екінші рет аталып отырған Ұлттық Домбыра күніне орай "Ұлттың саз байрағы - Домбыра" акциясын өткізді.

7 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпрофильді қалалық аурухананың перинаталды бөлімшесінде және "Ана мен бала" ұлттық ғылыми орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері дәл осы айтулы күні дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген қасиетті домбыраны тарту етті.

Бұл акция Қазақстанның жаңа туған азаматтары мен олардың ата-аналарына балаларын рухани қалыптастыру жолындағы маңызды бағдар болмақ.

Мұндай акцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы дәстүрге айналдырды.

Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға елордалық ассамблея мүшелері мен Аналар кеңесі және этномәдени бірлестіктер ат салысты. Олар Елордадағы перзентханаларды аралап ана мен баланы құттықтап, сый құрмет жасады. Ақ тілектерін арнап, сәбилерге қазақтың атын әлемге танытатын талант иесі болсын деп тілек айтты. Оларға арнап күй орындады.

Әйгерім Тілеуова, батыр ана:

- Отбасымызға үлкен қуаныш. Бүгін сегізінші баламыз дүниеге келіп жатыр. Домбыра күніне орай туып жатыр. Сіздерге рахмет айтам өстеп келіп құттықтап жатқандарыңызға. Енді болашақта қызымыз үлкен домбырашы болсын.

Ләззат Құсайынова, қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

- Жыл сайын қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен перзентханаларға барып, бүгінгі күні алғашқы туған перзенттерге домбыра ұсынамыз. Болашақта бұл балалар еліміздің нағыз азаматтары болып өссін деп. Домбыраға ие болған балалардың өмірлерін зерттеп, болашақта өзіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясына қосамыз деген ойдамыз.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан еліміздегі бұл акция төл мәдениет пен салт-дәстүрлерімізді одан әрі дамытуға өз септігін тигізе бермек. Әрі "Қазақтану" жобасын танытуға әсері мол.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Ұлттық домбыра күні туған нәрестелерге сыйлықтар тарту етті.

Баба қазақ кебісті

Тас қапасқа өшікті.

Іздеймін деп кеңістік,

Кентін тастап көшіпті.

Бәрін тастап осы күн

Жеткен ұлы мұратқа. Домбыра мен бесігін

Тастамаған бірақ та!

(Қадыр Мырзалиев "Домбыра мен бесік")

ҚР Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ директоры С.Ф. Мажитов сәбилерін құшақтарына жаңа алған аналар мен білікті дәрігерлерге құттықтау тілегін білдіре отырып, ҚХА-ның сәбилерге жолдаған арнайы хатын тапсырды.

Өз кезегінде жас босанған аналар тәрбиелік мәні зор осындай іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Қазақстан халқы ассамблеясының бұл акциясы ежелгі дәстүр - әр үйде домбыра болуын, оның ата-бабалардың сан ғасырлар бойғы тарихы мен мәдениетінің сақталуына жәрдемдесіп, ұлттық кодты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан нышаны ретінде әр үйдің төрінде тұруын жаңғыртуды көздейді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны