05.12.2007, 17:20 3232

"Эйр Астана" Астана - Стамбул бағыты бойынша ұшқан ұшақ бортында жанжал шығарғандардың үстінен шағым түсірмек

"Эйр Астана" Астана - Стамбул бағыты бойынша ұшқан ұшақ бортында жанжал шығарғандардың үстінен шағым түсірмек

Астана. 5-желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - "Эйр Астана" әуекомпаниясы Астана - Стамбул бағыты бойынша ұшқан ұшақ бортында жанжал шығарып, ұшақтың Атырау әуежайына шұғыл қонуына мәжбүр еткендердің үстінен 2 млн 414 мың теңге көлемінде шағым түсірмек. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне әуекомпанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 29-қарашада № 917 рейспен Астана - Стамбул бағытында ұшқан А-320 ұшағының бортында екі жолаушының арасында жанжал туындаған. "Түркияның екі азаматы - Ибрагим Умул мен Енгин Жанбасоглының арасында басында қарапайым дау-шар туындап, екеуі тыныштық сақтауды, өз орындарына жайғасуларын сұраған борт жолсеріктерінің өтініштеріне назар аудармастан ерегесті одан бетер өршітіп, оның соңы төбелеске ұласқан. Осыдан кейін төбелеске жанжал шығарушылардың серіктестері араласқан",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Ұшақ капитаны Сергей Челапконың айтуынша, ұшудың екінші сағатында оған жолсерік бортта жанжал туындағандығы туралы мәлім еткен. "Мен тыныштық бұзушыларға ескерту жасауды бұйырдым. 15 - 20 минуттан кейін борт жолсерігі төбелеске 6 адамның араласып кеткендігі және жағдайдың шиеленісіп бара жатқандығы туралы хабарлады. Мен ұшуды тоқтатып, Атырау әуежайына қону туралы шешім қабылдадым",- деді капитан.

Жергілікті уақыт бойынша 22 сағат 53 минутта ұшақ Атырау әуежайына келіп қонған, онда жанжалға қатысқан жолаушыларды желілік ішкі істер органдарының қызметкерлері күтіп тұрды. Полицейлер рейстен жанжалды бастаған екі жолаушыны істің ақ-қарасын анықтау үшін алып қалды.

Алдын ала анықталған шығын көлемі әуекомпанияның жоспардан тыс қонуға, лайнерге техникалық қызмет көрсету, ұшаққа жанармай құю, жолаушыларды қосымша тіркеу, жүктерді шығарып, қайта тиеуге кеткен шығындарды ескере отырып есептелген.

Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, оқиғадан кейін бірнеше сағаттар бойы барлық қажетті ақпараттар жиналған, атап айтқанда экипаж бен жолаушылардан куә ретінде жауап алу, Астана әуежайының жердегі қызметінің хабарлары. Белгілі болғандай, жолаушыларды отырғызу кезінде жанжал шығарушылар тарапынан күдікті ештеңе байқалмаған. Бірақ, әуекомпаниясындағылардың хабарлауынша, IKAO - халықаралық азаматтық авиация ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, көптеген жағдайда бортта жағымсыз қылықтар шығаруға психикалық ауытқуы бар адамдар бастамашы болады.

"Соңғы кездері жолаушылардың жағымсыз қылықтар шығару оқиғаларының саны айтарлықтай өсіп кеткен, бұл 2003 жылдан бері жолаушылар ағымының 6 есеге дейін өсуіне тікелей байланысты. "Эйр Астана" АҚ басшылығы ұшақ борттарындағы тәртіптің бұзылуына алаңдаушылық танытып, өз клиенттерін авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында борт жолсеріктерінің барлық нұсқауларын орындауға шақырды",- деп хабарлады әуекомпанияның баспасөз қызметіндегілер.

"Эйр Астана" АҚ президенті Питер Фостер, экипаждың қабылдаған іс-әрекетін сауатты және дұрыс деп бағалады, үстіміздегі жылдың 7-желтоқсанында әуекомпанияның қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысында борттағы оғаш қылықтар проблемасы мен оларға қарсы тұру шаралары талқыланатын болады.

Иуекомпаниясындағылардың пайымдауынша, "Қазақстан Республикасындағы қолданыста бар заңнама әуе лайнерлерімен қатынайтын жолаушылардың тәртіп бұзу оқиғаларымен күрестің жетілген құралы болып табылмайды, сондықтан да Қазақстан IKAO аясында қабылданған халықаралық заңнама базасына қосылуы қажет. Мысалы, АҚШ пен басқа да бірқатар еуропалық елдерде жолаушылардың оғаш қылық көрсетуімен күресте қатаң жаза қолданылады".

"Эйр Астана" Иуе кеңістігі қауымдастығының мүшесі және де ұшақтарға еуропалық стандарт бойынша техникалық қызмет көрсететін сертификаты бар Қазақстандағы бірден бір әуекомпания болып табылады. "Эйр Астана" АҚ - "Самұрық" мемлекеттік холдингі мен "BAE System" ағылшын компаниясының біріккен кәсіпорыны, олардың акция үлесі тиісінше 51 пайыз және 49 пайызды құрайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны