16.07.2009, 12:34 1248

Екі жылдан бері жалақысын ала алмай жүрген "Қуат" компаниясының жұмысшылары қаладағы бір көшені жабамыз және аштық жариялаймыз деп мәлімдеуде - телеарна

Екі жылдан бері жалақысын ала алмай жүрген "Қуат" компаниясының жұмысшылары қаладағы бір көшені жабамыз және аштық жариялаймыз деп мәлімдеуде - телеарна

Алматы. 16 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Екі жылдан бері жалақысын ала алмай жүрген "Қуат" компаниясының жұмысшылары қаладағы бір көшені жабамыз және аштық жариялаймыз деп мәлімдеуде, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, "ҚуатТрансСервис" компаниясының құрылысшылары 2 жылдан бері жалақысыз жүр. Тіпті, компания қарызын өтеуге міндеттейтін соттың бір жарым жыл бұрын шыққан шешімін орындамай отыр.

"Жұмысшылар екі жыл бойы компанияның құрғақ уәдесі мен 10-20 мың теңгеден төлеген ақшасына сеніп келген. Тауы шағылған олар бүгін кезекті рет корпорация алдына жиналды",- делінген телесюжетте.

Телеарнаның хабарлауынша, "бұл жолы төзімі таусылған жұмысшылар Алматының бас көшелерінің бірі -"Достық" даңғылын жауып тастауға оқталғанымен, құзырлы орындар рұқсат бермеді. "Қуат" корпорациясының алдына олар он күн бұрын да жиналған. Ол кезде "15-шілде күні келіңдер, жалақыларыңды толық алып кетесіңдер" деген уәдесі тағы өтірік болып шықты".

"Компания президентінің өзі қолымызды алып, 15-і күні айлық болады деген. Міне, 15-і болды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, төлеп жатқан жоқ. Ал жаңа президенті келіп: "Менің келгеніме 3-ақ ай болды, мәселелеріңді қарастырып жатырмын", - деді құрылысшы Тынысбек Наушабаев.

КТК ақпаратына сәйкес, 1200 жұмысшының 32-сі сотқа арызданып, жеңіп шыққан. Алайда "Қуат Транс Сервис" жұмысшылар алдында қарыздарын өтеуге міндеттейтін шешімін әлі іске асырған жоқ.

"Содан бері " береміз" деген уәдемен келеді. 10-20 мың теңге аванс беріп келген. Енді ол да жоқ",- дейді жұмысшылар.

Мекеменің жұмысшылар алдындағы қарызы 220 миллион теңгеден асқан. Бірақ компанияның бас директоры Вячеслав Нам дәл қазір қызметкерлермен есептесетін ақша жоқ деп отыр.

"Ақшаның басы құралмай жатыр. Түсініңіздерші! Ақша жақын арада болуы керек",- дейді ол.

"Бүгін Вячеслав Нам мен жұмысшылар ортақ келісімге келгендей болды. Компания ай соңына дейін әрқайсысына жалақыларының 30 пайызын төлеуге уәде берді. Ал екі айдың ішінде жұмысшылардың барлығы жалақыларын толық алуы тиіс",- делінген сюжетте.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны