25.11.2020, 23:35 11858

Экологиялық кодекс кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларға міндетті емес, ерікті түрде өтуге мүмкіндік береді - Зұлпыхар Жолдасов

"Бүгінде елімізде қалдықтардың 14%-ы ғана өңделеді. Сондықтан Еуропа елдерінің практикасы арқылы Waste to Energy механизмімен қалдықтарды өртеп, энергия алмақпыз.

Алматы. 25 қараша. Kazakhstan Today - ҚР Парламентінің Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған жаңа Экологиялық кодекс жобасының ең маңызды нормаларының бірі - кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуі. Кодекстің елдің экологиялық ахуалын жақсартуға тигізетін пайдасы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпыхар Жолдасов айтып берді.

"Бұл механизмді алдыңғы қатарлы елдер пайдаланып, тиімділігін көріп отыр. Еуропа мемлекеттері аталған технологиялар арқылы шығарындылар көлемін 90%-ға дейін азайтты. Біз Экологиялық кодексте бірінші санаттағы кәсіпорындарға ЕҮҚТ-ҒА міндетті емес, ерікті түрде өтуге мүмкіндік жасап отырмыз. Себебі, олар үшін бірнеше стимул бар. 10 жыл уақыт береміз. Ал өтпеген компанияларға әр үш жыл сайын салық өсе береді", - деп түсіндірді Зұлпыхар Жолдасов министрліктің Facebook парақшасындағы тікелей эфирде.

Оның сөзінше, қазірдің өзінде ең үздік қолжетімді технологияларға өтуге "Қазцинк", ERG компаниялар тобы секілді ірі өнеркәсіп орындары дайын екендерін мәлімдеп үлгерген. Комитет төрағасы Экологиялық кодекс стихиялы қалдық алаңдары мәселесін де тиімді шешетінін айтады.

"Қазір кез келген жүк көлігі бар азамат жарнама беріп, қалдықтарды үйіңізден алып кете алады. Ал оны қоқыс алаңына апарып тастауға көп ақша шығындағысы келмей, қаланың сыртына төге салады. Осылайша заңсыз қалдық алаңы пайда болады. Енді жаңа нормалар бойынша тек біздің тізімде тұратын компаниялар ғана қалдық жинаумен айналыса алады. Бұл жұмыспен айналысуға лицензия алулары керек. Олар көліктеріне GPS треккер орнатуы тиіс. Біз сонда қоқысты қайда төккенін біліп отырамыз", - деді З. Жолдасов.

Сонымен бірге, қалдықтарды өртеп, қуат көзін алуды көздейтін Waste to Energy механизмімен жұмыс істейтін зауыттар салуға инвесторлар дайын отыр.

"Бүгінде елімізде қалдықтардың 14%-ы ғана өңделеді. Сондықтан Еуропа елдерінің практикасы арқылы Waste to Energy механизмімен қалдықтарды өртеп, энергия алмақпыз. Шетелдік инвестолар Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Тараз, Шымкент қалаларында пилот ретінде зауыт салуға дайын. Стандарттар өте қатаң болады. себебі қалдықтарды өртеген соң оның түтіні ауаны қатты ластамауы тиіс", - деп атап өтті комитет төрағасы.

Айта кетейік, министрліктің баспасөз қызметі салалық комитеттер мен департаменттер, ведомствалық мекемелер өкілдерімен маңызды проблемалар жөнінде тікелей эфирлерді дәстүрлі түрде күн сайын өткізіп отырады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны