15.12.2009, 18:46 6016

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің 18 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты

Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз. Иә, бұл мереке - ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке. Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз "Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас" деп жырлайтын еді.

Астана. 15 желтоқсан. Kazakhstan Today - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің 18 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде былай деді: "Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесімен - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Иә, бұл мереке - ұлық мереке, шын мәніндегі ұлы мереке.

Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз "Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас" деп жырлайтын еді. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың өз бостандығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз.

Тәуелсіздікті жария еткен Конституциялық Заңға қол қойған күннің ертеңіндегі, 17 желтоқсандағы митингіде сөйлеген сөзімде "Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Иулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін", деген едім.

Сол айтқаным келді!

Осыдан он сегіз жыл бұрын біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Дүниеде Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Ылайым, бетімізден жарылқасын деп тіледік.

Сол тілегімізді берді!

Қазақстан тәуелсіздік жолына қатар түскен өзі теңдес елдердің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастап келе жатыр. Біздің еліміздің ішкі жалпы өнімінің мөлшері Орталық Азия мемлекеттерінің бүкіл ішкі жалпы өнімінің мөлшерін қоса есептегеннен асып түсіп тұр.

Қазақстан жан басына шаққандағы табыс көлемімен барша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы елдердің алдына шықты. Қазақстандықтардың тұтыну тауарларымен қамтамасыз етілуі осы жылдар ішінде бес есеге дейін өсті. Еліміздегі тұрғын үй қоры соңғы он жылдың ішінде 30 миллион шаршы метрге өсті.

Осының бәрі сол айтқанымның келгені емес пе?

Қазақстанымызда жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанымызда діндер мен тілдердің жарасымына қол жетіп, біздің ортақ Отанымыз әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш бірдей съезін өткізген құт мекенге айналды. Қазақстанымызда орнаған саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өркениетті әлем тарапынан танылды.

Қазақстанымыз 2010 жылға бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан, бүкіл түркі тілдес елдер арасынан, бүкіл мұсылман әлемі арасынан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы сынды аса беделді ұйымға тұңғыш төраға болып сайланды, 2011 жылға Ислам конференциясы ұйымына төрағалық тізгінін қолға қоса алғалы тұр. Қазақ қазақ болып жаратылғалы мұндай дәрежеге жетіп көрген емес.

Осының бәрі сол тілекті бергені емес пе?

Сөз жоқ, дәл солай!

Осы он сегіз жылдың ішінде атқарған ауқымды істеріміздің ең негізгілерін тек санамалап шығудың өзі біраз уақытты алар еді.

Ортақ одақ ыдырап, шаруашылық байланыстар шетінен үзіліп жатқан шақта бүкіл экономикасы негізінен шикізаттық сипатқа құрылғандықтан өнімдері өтпей қалған Қазақстандай дотациялық республика үшін әуелде ел болып тұра алудың өзі оңай міндет емес еді. Біз ол міндетті шештік.

Біз ел болып тұра алдық.

Қазақтың ұзына бойғы тарихында дәл бүгінгідей бүкіл дүние таныған, өз шекарасы, өз экономикасы, дербес саясаты бар мемлекеті болған емес. Соңғы бірнеше ғасырдың ішінде бодандық жағдайда болған елдің дербес мәселе шеше алатын кадрлары жоқ еді. Бұл сол кезде алдымызда тұрған ең қиын міндет - мемлекет құрудың оңайға түспейтінін көрсетіп еді. Біз ол міндетті де шештік.

Біз мемлекет құра алдық.

Алғашқы жылдардағы апақ-сапақта екі миллионнан астам қазақстандықтар өздерінің тарихи отандарына оралуға асықты. Олардың арасында Қазақстанда білім алған тәжірибелі, экономикалық, әлеуметтік саланың неше түрлі майталман мамандары бар еді. Оның сыртында сонан кейінгі жылдардағы митингілік демократия, директор сайлаудан әр ұйымнан депутат сайлауға дейінгі саяси сергелдеңдер тұсында ұлттық белгілер бойынша бөлінушілікке жол бермеудің өзі оңай міндет емес еді. Біз ол міндетті де шештік.

Біз бірлікшіл ел болып құралдық.

Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында біздің алып аумағымызды көлденең тартып, мұндай саны аз, оның ішінде қазақтары елдің жартысынан аз, халық осыншама жерді игере алмайды дегендердің сәуегейлігі келген жоқ. Біздің көпұлтты, көпдінді, көптілді сипатымызды қатердей көріп, қара бұлтты төндіріп сөйлегендердің сандырағы жүзеге асқан жоқ. Сол сәуегейлікті келтірмеген, жүзеге асырмаған күштің аты - бірлік.

Қазақстан халқының дәстүрлі достыққа берік бірлігі.

Осындай салтанатты сәтте мен сол сын кезеңде Қазақстанның тәуелсіздігін қолдаған, туған еліміздің өркендеуіне жағдай жасаған ең ұлы күшті - ел бірлігін көзінің қарашығындай сақтап келген барша қазақстандықтарға ақ жүрегімді жарып шыққан алғысымды айтуды перзенттік парызым, президенттік қарызым деп білемін!",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны