27.02.2008, 10:17 2408

Елімізде бала еңбегінің ең сорақы түрлері кездеседі - қоғамдық ұйым

Елімізде бала еңбегінің ең сорақы түрлері кездеседі - қоғамдық ұйым

Алматы. 27-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Елімізде бала еңбегінің ең сорақы түрлері кездеседі . Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының және оның Бала еңбегін жою бағдарламасының қолдауымен жарыққа шыққан "Қазақстандағы бала еңбегі: қоғамды құлақтандыру" ("Детский труд в Казахстане: информирование общественности") кітабының таныстырылымында "Интеллектуалдық еңбек әйелдерінің одағы" қоғамдық ұйымының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Орта Азия республикаларының әлеуетін нығайту: бала еңбегінің ең сорақы түрлерін жоюдың аймақтық бағдарламасы" жобасының аясында зерттеулер жүргізілген. Оның нәтижесі кітапта баяндалған. Атап айтқанда, Мақтарал ауданының Қоғалы ауылының мектеп оқушылары арасында жүргізілген сауалнама 8 бен 18 жас аралығындағы 246 баланың 31,7 пайызы 6 жасынан, 39,8 пайызы 8 жасынан, 19,1 пайызы 10 жасынан, ал қалған 9,7 пайызы 12 жасынан мақта алқаптарында жұмыс істейтінін көрсетті. Яғни, балалар 6-8 жасында қиын және зиянды жағдайларда жұмыс істеуді бастап отыр".

Сонымен қатар, "Қазақстан базарларындағы бала еңбегі" атты әлеуметтік зерттеу жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша базарларда жұмыс істейтін балалардың төмендегідей әлеуметтік-демографиялық сипаттамасы анықталған: 11-15 жас - 48%, 16-19 жас - 50%, 10 жасқа дейін - 2%; 9 жасынан бастап жұмыс істегендер - 7%, 10 жасынан бастап - 15%, 11 жасынан - 8%, 12 жасынан - 13%, 13 жасынан - 18%, 14 жасынан - 9%, 15 жасынан - 12%, 16 жасынан - 7%, 17 жасынан - 9%.

Авторлар сонымен қатар жағымды деректі де атап көрсетіп отыр. Егер бұрын базарларда жұмыс істеп жүрген балалар үйреншікті жайт болса, соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай азайды.

Алайда, кітап авторларының пайымдауынша, қазіргі уақытта бала еңбегінің ұлттық деңгейдегі ең сорақы түрлерінің проблемасын қоғамдық түсіну әлі қалыптаспаған. Мемлекет осы мәселе бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін мойындаса да, аталмыш проблеманың көлемі және сипаты жөніндегі ақпарат жауапты тұлғалар мен ұйымдар арасында өте төмен деңгейде.

Халықаралық еңбек ұйымы "Орта Азия республикаларының әлеуетін нығайту: бала еңбегінің ең сорақы түрлерін жоюдың аймақтық бағдарламасы" жобасын Қазақстанда үш жыл көлемінде жүргізген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны