04.05.2006, 16:04 14634

Елімізде мамырдың екінші жартысында онкологиялық дерт түрлерін ерте айқындау және оның алдын алуға бағытталған онкүндік өткізіледі

АЛМАТЫ. 4-мамыр. Kazakhstan Today. Елімізде мамырдың 15 мен 25 аралығында онкологиялық дерт түрлерін ерте айқындау және оның алдын алуға бағытталған онкүндік өткізіледі. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың бас директоры Қазбек Төлебаев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Онкүндіктің басты мақсаты - тұрғындар мен медициналық қызметкерлер арасында онкологиялық дерт түрлеріне қарсы сақтықты күшейту. Шаралар онкологиялық дерт түрлерінің алдын алу, оны ерте айқындау және медициналық мекемелердің көмегіне ерте жүгіну, сондай-ақ, медициналық қызмет түрлерін дер кезінде және сапалы көрсетуге бағытталады.

Қ.Төлебаевтың айтуынша, онкүндік аясында елімізде онкологиялық дерттердің алдын алу бағытында медициналық -санитарлық көмектен бастап кең көлемді науқан ұйымдастырылмақ. "Еліміз бойынша өлімге душар етуші себеп ретінде онкологиялық дерт түрлері қан тамыр және жүрек ақаулары мен жарақаттан кейінгі үшінші орында тұр",- деді Қ.Төлебаев. Оның айтуынша, елімізде қатерлі ісік детіне шалдығу құрылымы бойынша өкпенің қатерлі ісігі бірінші орында. Осынау індетке шалдығу оқиғаларының 90 процентіне темекі себепші, деді ол.

Ұлттық орталық бас директорының айтуынша, елімізде жыл сайын қатерлі ісікке шалдығуға байланысты 30 мың жаңа оқиға тіркеледі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, былтыр өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу оқиғасы әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 25,5 болса, өлім көрсеткіші 20,8 болған. Ал әйелдер арасында әсіресе сүт безінің қатерлі ісігі жиі кездеседі. Бұл - әйелдер арасында кездесетін қатерлі ісік дертінің 19,9 процентін құрап отыр.

Мамандар алдағы уақытта бұл індет одан әрі өседі деген болжам айтады. Сонымен бірге олар сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің жасара түскенін байқап отыр. Олардың ақпаратына сәйкес, егер осыдан 10-15 жыл бұрын әйелдер арасында бұл дерт 50-60 жас арасында шарықтау шегіне жетсе, қазір бұл 30 бен 40 жас аралығына тән ауруға айналды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны