29.05.2006, 10:35 3391

Еліміздегі кәсіпорындардың ауаға тастайтын зиянды заттарының үштен бір бөлігі Қарағандының үлесіне тиеді

ҚАРАҒАНДЫ. 29-мамыр. Kazakhstan Today. 2005-жылы Қарағанды облысында ауаға тасталған зиянды заттардың жалпы көлемі 1,4 млн. тоннаны құрады. Бұл еліміздегі кәсіпорындардың ауаға тастайтын зиянды заттарының үштен бір бөлігіне тең. Бұл туралы облыстық қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық басқарманың бастығы Бауыржан Смағұлов “Облыстағы экологиялық ахуал, қоршаған ортаны қорғау проблемалары және оны шешу” тақырыбындағы кеңесте құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Балхаш, Теміртау және Қарағанды қалалары ең лас қалалардың санатында қалып отыр. Ауаға тасталатын зиянды заттардың 80 проценттен астамы осы қалалардың үлесінде.

Б.Смағұловтың айтуынша, соған қарамастан, Қарағанды облысында қоршаған ортаны ластағаны үшін төлейтін төлемдерге ең төмен ставка белгіленген. “Өткен жылы 4 мыңнан астам төлеуші бюджетке небәрі 813,6 млн. теңге аударды. Оның 200 млн. теңгесі ғана табиғат қорғау шараларына жұмсалды”,- деді Б.Смағұлов. Оның айтуынша, биыл алымдар мөлшерін 1,2 млрд. теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.

Аумақтық басқарма бастығының айтуынша, тазарту қондырғыларының ахуалы да бұрынғыдай проблема күйінде қалып отыр. “Олар жеке меншік фирмалардың меншігінде. Олар күрделі жөндеу жүргізбейді, жете назар аудармайды. Соған байланысты тазарту қондырғыларын коммуналдық меншікке беру мәселесін көтеру керек”, деді Б.Смағұлов.



МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны