28.11.2006, 18:01 2946

Еліміздегі ВИЧ індетін жұқтырған адамдардың нақты саны ресми мәліметтерден 2 -3 есе артық болуы мүмкін - ЮНИСЕФ өкілі

АЛМАТЫ. 28-қараша. Kazakhstan Today. БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Александр Зуевтың пікірінше, еліміздегі ВИЧ індетін жұқтырған адамдардың нақты саны ресми мәліметтерден 2 -3 есе артық болуы мүмкін. Ол бұл туралы жыл сайын 1-желтоқсанда атап өтілетін Бүкіләлемдік СПИД-пен күрес күніне арналған баспасөз мәслихатында пікір білдірді.

СПИД-пен күрес және оның алдын алу жөніндегі республикалық орталықтың ақпаратына сәйкес, 2006-жылдың 1-қазанындағы жағдаймен елімізде ВИЧ індетін жұқтырған 6943 адам тіркелген. Оның ішінде СПИД дертіне шалдыққан 426 науқас бар. Қазіргі жағдаймен ВИЧ жұқтырған 369 адам қайтыс болды. Биыл еліміз бойынша індет жұқтырғаны анықталған адамдар саны өткен жылғымен салыстырғанда 1,9 есе өсті.

ВИЧ індетін жұқтырған адамдар ең көп тіркелген Қарағанды облысы. Онда 1722 адам болса, Алматыда 1337, Павлодар облысында 1955 және Оңтүстік Қазақстан облысында 847 адам бар. 2006-жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 186 адам тіркелді, бұл былтырғымен салыстырғанда 2,3 есе артық.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ахуалға түсініктеме берген БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД жөніндегі біріккен бағдарламасының үйлестірушісі Ирина Савченконың айтуынша, бұл жайтқа облыстық денсаулық сақтау департаменті басшылығының немқұрайдылығы басты себеп. "Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетінің белең алуына медициналық жабдықтарды пайдалану қауіпсіздігіне қатысты талаптарды бұзу түрткі болды. Бұл - әрбір медицина маманы білетін әліпби. Ал облыста осындай қарапайым ережелердің өзі сақталмауын басшылықтың немқұрайдылығы деп бағалағаннан өзге жол жоқ",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны