10.04.2007, 13:50 3265

Еліміздің республикалық маңызы бар ортақ автокөлік жолдарында жазғы маусымда қозғалысты шектеу туралы бұйрық күшіне енді

АСТАНА. 10-сәуір. Kazakhstan Today. 2007 жылғы маусымның 1-інен бастап тамыздың 31-іне дейін республикалық маңызы бар жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары бойынша жазғы маусымда қозғалысты шектеу туралы бұйрық күшіне енді. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2007-жылғы сәуірдің 7-сінен бастап "Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары бойынша жазғы маусымның күндізгі және кешкі уақытында автокөлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру туралы" ҚР көлік және коммуникациялар министрінің бұйрығы заңды күшіне енді.

2007 жылғы маусымның 1-інен бастап тамыздың 31-іне дейін республикалық маңыздағы жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары бойынша жазғы маусымның күндізгі және кешкі уақытында, яғни 10.00-ден 22.00 сағатқа дейін 8 тоннадан астам жүктемесі бар автокөлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді, делінген министрліктің түсініктемесінде.

Бұл шара жаз маусымында жол төсенішінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында "Автокөлік жолдары туралы" ҚР заңының 18 бабына сәйкес қабылданып отыр.

Шектеулер халықаралық келісімдерге сәйкес жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауда пайдаланылатын, автомобиль жолдарын салуға, жөндеуге қатысатын көлік құралдарына қатысты қолданылмайды.

Сонымен бірге шектеулер жалпы қолданыстағы автокөлік жолдарын салу, жаңалау мен жөндеу үшін пайдаланылатын көліктерге; төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардаптарын жою шараларында қолданылатын; жолаушылар, жүк пен тез бұзылатын тауарларды, сондай-ақ, қауіпті, бөлшектеуге келмейтін ауқымды және салмақты жүктерді, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес тасымалдап әкеле жатқан көліктерге қатысты емес.

ҚР көлік және коммуникациялар министрі бұйрығының заңды күшіне енуіне байланысты ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінің көлік инфрақұрылымын дамыту комитетіне уақытша жол белгілерін орнату тапсырылды.

Сонымен бірге ҚР көлік және коммуникациялар министрлігінің көлік бақылау комитетіне жалпы қолданыстағы автожолдарға автотранспортты жіберу жайын қадағалау тапсырылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны