25.11.2021, 18:31 62932

Елордада Nur Otan сайлауалды уәделері аясында 8 жаңа мектеп салынды

НҰР-СҰЛТАН. 25 ҚАРАША - «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елордада «Nur Otan» партиясының сайлауалды уәделерінің орындалу барысымен танысты.

Оның айтуынша, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия әр облыста, қалада және ауданда 217 жол картасының іске асырылуына жүйелі бақылау жүргізуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарлама аясында жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, 7 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді, 96 көше жөндеуден өтті және т.б. Бұл жұмыстардың басым бөлігі қала шетінде жүргізілді.

«Филиал төрағасы, қала әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «Өндіріс» тұрғын алабындағы №23 мектептің 600 орындық жаңа корпусын араладым. 2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ауданда халық тығыз орналасқанындықтан, аталған оқу орнын кеңейтуді тапсырған еді. Жаңа корпустың құрылысы партияның қалалық сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Жалпы, партия елордада 2025 жылға дейін 60 мың орынға арналған кемінде 50 жаңа мектеп салу міндетін қойып отыр. Биылдың өзінде 8 жаңа мектеп ашылды, тағы 7 нысанның құрылысы аяқталуда», - деп жазды ол Facebook парақшасында. 


Сондай-ақ, Бауыржан Байбек «Өндіріс» тұрғын алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Жыл соңына қарай мұнда күнделікті 500-ден астам адам самбо, кикбоксинг, пауэрлифтинг және басқа да спорт түрлерімен айналыса алады. Жалпы, партияның уәделеріне сәйкес осы жылдың өзінде өңірлерде 127 мыңнан астам секция ашылып, 22 мыңнан астам балалар үйірмесінің жұмысы қайта жанданды.

Содан кейін партия Төрағағасының бірінші орынбасары астанадағы ЖЭО-2-ні газға көшіру жұмыстарының барысымен танысты.

«Елбасы «Nur Otan» Саяси кеңесінің отырысында айтқандай, экология мәселелері еліміз бен билеуші партия үшін негізгі басымдықтардың біріне айналуы тиіс. Бүгінде нысан 95%-ке аяқталды. Газдандыру нәтижесінде азот және көміртегі тотықтарының, парниктік газдардың шығарындылары айтарлықтай азайып, көмір күлінің шығарындылары толығымен жойылады. Елбасының өңірлерді газдандыру жөніндегі «Сарыарқа» жобасы аясында жыл басынан бері қалада 10 мыңнан астам үйге газбен жабдықтау желілеріне қолжетімділік қамтамасыз етілді», - деді ол.

Осы күні Бауыржан Байбек қалалық партия активімен бірге елорда бойынша сайлауалды бағдарламаның іске асырылу барысын талқылады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны