07.04.2019, 15:37 12650

Елордалық колледждерде сұранысқа ие мамандар даярлануда

Адам орта білім алған соң ары қарай сол мамандығы бойынша жоғарғы білім алғысы келеді. Сол себепті де қайтадан 4 жыл оқымауы үшін колледжде оқыған жылдарды есепке алу керек.

Нұр-Сұлтан. 7 сәуір. Kazakhstan Today - Нұр-Сұлтанда еңбек нарығындағы неғұрлым қажетті және жаңа технологиялық мамандықтардың тізбесі анықталды, техникалық кадрларды оқыту бағдарламасының 80%-ы жаңартылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

"Өткен жылы біз қаланың еңбек нарығына сараптама жүргізіп, көптеген мамандықтардың қазіргі кезде өзекті емес екенін анықтадық. Мемлекеттік білім беру тапсырысына түзетулер енгіздік. Ол әкімнің гранты берілген жаңа мамандықтарды еңгізумен толықтырылды. Елордалық колледждерде ең үздік жабдықтар мен материалдардың көмегімен және міндетті түрде тәжірибе жүргізу арқылы қажетті және бәсекеге қабілетті мамандар даярланатын болады", - деп мәлімдеді елорда әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Политехникалық колледжді аралау барысында.

Енді астана колледждерінде электромобильдерді, бим-жобалаушыларды, газдық құрылғылар бойынша мамандарды дайындайды. Даярлаудың барлық процесі құрылыс материалдарының, электр және газ техникаларының үздік өндірушілерінің зертханаларында тәжірибе жүзінде өтеді. Жалпы алғанда, елордада кадрларды дайындауды өзгертуге жүйелі түрде көшті. Мысалы, ТҚКС-да жұмыс істейтін механиктер "Мерседес", "Ауди" қозғалтқыштарында шеберлікке үйренеді. Құрылысшылар және жөндеу жұмыстарымен айналысатындар "Кнауф" құрылыс материалдарымен, шатырлаушылар икемді төбені жабатын жұқа қышпен жұмыс істеуді үйренеді.

"Бағдарламаны жаңарттық, оқытушыларды үйреттік, колледждерде зертханалар мен ресурстық орталықтар құру үшін әлемдік брендтерді тарттық, үш колледжді біріктірдік, оқыту үрдісінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қадамдастыруды өткіздік. Практикалық оқу қорытындысы бойынша өндірушілердің өздері аттестаттау және сертификаттау жүргізіп, түлек диплом алғаннан бөлек, заманауи жабдықтар мен құрылыс материалдарымен жұмыс істей алады деген сертификаттар алады",- деді Малика Бектұрова.

Қазіргі таңда колледждерде заманауи ресурстық орталықтар бар. Колледж қазіргі заманғы цифрлы құрылыс салушы BI Group, BI Construсtion, Autodesk, "АСКОН-Казахстан" және "Line практик" оқу орталығымен ынтымақтастық туралы келісімге келген. Мұнда сондай-ақ, электроника және электромобильді зертхана ашылған, ол колледж түлектерінің білім сапасы деңгейін, құзыреттілігін едәуір ұлғайтады, еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді. Колледж қала мектептерімен тығыз байланыста. Жиі экскурсия өткізіп тұрады, соның арқасында қазіргі кезде сұранысқа ие мамандықтарға деген сұраныс артады. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бұрынғы Политехникалық колледж жаңа оқу корпусына көшеді, онда студенттердің білім алуына және ұстаздардың жұмыс жасауына барынша жағдай жасалады.

"Біздің жоспарымыз - түлектің колледжде алған мамандығы бойынша оқытуды ЖОО-да білім алуы кезінде есепке алу. Ол әлемдік тәжірибе. Адам орта білім алған соң ары қарай сол мамандығы бойынша жоғарғы білім алғысы келеді. Сол себепті де қайтадан 4 жыл оқымауы үшін колледжде оқыған жылдарды есепке алу керек. Сонда студент ары қарай сол мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнында білімін жалғастыратын болады. Бұл ыңғайлы да, қажет те. Біздің ойымызша 2020 жылы Политехникалық колледж өз бағдарламасын бір жоғары оқу орнымен теңдестіріп өз студенттері үшін білімді ары қарай жалғастыра алуға мүмкіндік береді", - деді М.Бектұрова. Қазіргі кезде сұранысқа ие маманның сол мамандықты қаншалықты жақсы меңгеруіне байланысты болып отыр. Сол себепті де колледж нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша тәжірибесі бар және ең жақсы жабдықтар мен материалдармен жұмыс істей алатын білікті түлектерді шығаруға мүдделі.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны