17.01.2020, 13:07 10012

Елордалық зиялылар Абай шығармашылығын талқылады

Сондай-ақ, шара барысында "Абай шығармаларын аударудағы үндестік", Абай шығармашылығында кездесетін "Адам" концептісі", "Абай-аудармашы" тақырыптары қозғалды.

Алматы. 21 қаңтар. Kazakhstan Today - Елордалық зиялылар Абай шығармашылығын талқылады.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында және Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы ЖОО ғалымдары, ҚХА Ғылыми кеңес және елордалық этномәдени орталықтардың мүшелерінің қатысуымен "Абай - ақын, ойшыл, аудармашы" атты ғылыми семинар өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жиын барысында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова мемлекет басшысының "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" мақаласының жұртшылықтың көңілінен шығып, қолдауға ие болғандығын атап өтті.

"2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының "Қазақтану" жобасы аясында ойшыл, рухани ұстазымыз Ұлы Абайдың 175 жылдығы аталып өтіледі. Абай философиясы қазіргі уақытқа дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біздің қоғам мүшелерін гуманистік тәрбиелеуге бағыттады. "Ғылым жолына жеткенше - мақтанба" және "Ең алдымен адам болып қалу қажет" деп біздің рухани ұстазымыз адамгершілікке шақырды", - деді ол. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов рухани жаңғыру, өрлеудің негізі Абай шығармашылығы екенін тілге тиек етті.

"Біз үшін рухтың биігі - Абай! Қазір елімізде қай жағынан алсақ та өсу бар. Бізге рухани көтерілу қажет, оған негіз болатын -Абай. 1914 жылы Семейде ақынның қайтыс болуының 10 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Сонда Міржақып Дулатов: "Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен- күнге артар. "Бірінші ақынымыз" деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар..." деп айтыпты. Алаш ардақтысының сөзі айнымай келді...", - деп профессор жиналған жастардың бойына рух сыйлады.

Сондай-ақ, шара барысында "Абай шығармаларын аударудағы үндестік", Абай шығармашылығында кездесетін "Адам" концептісі", "Абай-аудармашы" тақырыптары қозғалды. Одан бөлек, ҚХА ғылыми-сараптама тобының төрағасы Халил Маслов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, ф.ғ.к., доцент Маржан Акошева, "Тұран" білім беру корпорациясының вице-президенті Орақ Әлиев ұлы ойшылдың философиялық ой-тұжырымдары мен шығармаларындағы парасатты ойларды жан-жақты саралаған баяндама жасады.

.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны