03.02.2021, 18:39 8909

ERG акционері Алиджан Ибрагимов қайтыс болды

2021 жылғы ақпанның 3-ші күні ERG компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Директорлары кеңесінің мүшесі Aлиджан Рахманұлы Ибрагимов 68 жасқа қараған шағында қайтыс болған.
Нұр-Сұлтан. 3 ақпан. Kazakhstan Today - ERG компаниясы Алиджан Ибрагимовтың қайтыс болғаны туралы хабарлады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ERG компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2021 жылғы ақпанның 3-ші күні ERG компаниясының негізін қалаушылардың бірі, Директорлары кеңесінің мүшесі Aлиджан Рахманұлы Ибрагимов 68 жасқа қараған шағында қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз", - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

 
1995-2000 жылдар аралығында Еуразия банкі директорлары Кеңесінің төрағасы. 2001-2007 жылдар аралығында Қазақстанның ең негізгі тау-кен металлургиялық көшбасшыларын біріктірген Еуразия өнеркәсіп қауымдастығы Төралқасының мүшесі. 2002-2007 жылдары "Қазхром" ТҰК" АҚ-ына жетекшілік еткен. Сонымен қатар, Алиджан Рахманұлы "Қазақстан алюминийі" АҚ директорлары Кеңесінің төрағасы болатын.
 
2002 – 2004 жылдары А. Р. Ибрагимов жетекшілік еткен тұста "Қазхром" ТҰК" АҚ хром қорының мөлшері мен өндіріс көлемі бойынша әлемдегі екінші, феррохром өндірісі бойынша әлемдегі үшінші компанияға айналды. Оның бастамасымен Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары, Дөң ТКБК біріктіріліп, вертикалды интеграцияланған компания құрылды. Тау-кен және металлургия компанияларын осылайша кіріктіру нәтижесінде "Қазхром" ТҰК" АҚ инвесторлар үшін тартымды бола түсті.
 

Топтың барлық кәсіпорындарындағы интеграцияланған менеджмент саясатын А. Р. Ибрагимовтың менеджерлік саясатының жемісі деуге болады. Компаниялардың өнеркәсіптік жобаларын жүзеге асыру кезінде ол стратегиялық серіктестерді таңдау ісінде инновациялық көзқарас, еңбекті қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне баса көңіл аударатын. Кең ауқымды инвестициялық бағдарлама аясында Павлодар облысында Қазақстан электролиз зауыты салынды. Бүгінде ол мемлекеттік индустриалды инновациялық үдемелі даму бағдарламасының табысты іске асқан жобаларының бірі атанып отыр. Кәсіпорын еңбекті ұйымдастыру мен қоршаған ортаны қорғаудың әлемдегі ең озық тәжірибелеріне сай жаңа буын зауыты. Алиджан Рахманұлы Ибрагимов білікті мамандар даярлау бағдарламасын ілгерілетіп, қызметкерлерге қауіпсіз әрі жайлы жұмыс жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлетін. Әлеуметтік-тұрмыстық нысандар құрылысына қатысты бастама көтеріп, олардың жабдықталуы мен уақытылы жөнделуіне ерекше екпін түсірді. Осылайша еселі еңбегімен Алиджан Ибрагимов Қазақстандағы тау-кен металлургия саласы мен жалпы экономиканың дамуына сүбелі үлес қосты", - деп атап өтті компанияда.

 
Алиджан Ибрагимов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін "Құрмет" орденімен марататталған. ІІІ дәрежелі "Барыс" және "Парасат" ордендерінің иегері. Бизнесті дамыту мен меценаттығы үшін көптеген үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың наградалар, ордендерімен марапатталды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны