19.03.2007, 18:33 3216

"Ертіс Орманы" резерватының басшылығына орманды заңсыз кесуді тоқтатуға 3 ай берілді

ПАВЛОДАР. 19-наурыз. Kazakhstan Today. "Ертіс Орманы" табиғи резерватының басшылығына орманды заңсыз кесуді тоқтатуға 3 ай мұрсат берілді. Бұл туралы қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында Павлодар облысының әкімі Қайрат Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қайрат Нұрпейісов түсіндіріп өткендей, ол осыдан кейін еліміздің ауылшаруашылық министрінен Павлодар облыстық орман және аң шаруашылығы жөнідегі аумақтық басқармасына қатысты мәселені шешуді өтінбек.

"Резерват басшылығы мен өкілетті орган - Павлодар облыстық орман және аң шаруашылығының аумақтық басқармасы - бүгінде орманды заңсыз отаумен күресуге шамалары келмей отыр",- деп мәлім етті Қ. Нұрпейісов. "Резерваттың барлық лауазымды тұлғаларының орманды отауға өздерінің қатысы бар, немесе қатысы жоқ болса да заң бұзушылардың әрекеттеріне көзжұмбайлықпен қарауда, бұл әрине тегін емес",- деп атап өтті ол.

"Ертіс Орманы" резерваты басшыларының мәліметтеріне сүйенсек, тек 2006 жылы орманды заңсыз кесуден келген шығын 232 млн теңгені құраған. "Заң бұзушыларға небәрі 1 миллионға жетпейтін мөлшерде айыппұл салынған",- деп атап өтті Қ. Нұрпейісов.

Осыған байланысты облыс әкімі еліміздің министрлер кабинетіне айыппұл салу ережелері мен мөлшерін қайта қарауды өтінбек ниетте. "Ирбір ағаш үшін салынатын айыппұл ең аз дегенде 100 есеге өсуі қажет",- деді Қ. Нұрпейісов.

Сонымен қатар, облыстық арнаулы табиғатты қорғау прокуратурасының жүргізген тексеруі барысында қорық аймағында 2006 жылы 442, ал осы жылдың екі айында 86 заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелген. Өткен жылы орманды заңсыз кесуге қатысы бар резерваттың 16 қызметкері жауапқа тартылса, үстіміздегі жылдың екі айында екі лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Облыс басшысының ақпараттарына сүйенсек, полицейлердің заңсыз кесілген ағаштарды әкетпек болған заң бұзушыларды босатып жіберу деректері де анықталған. Облыс әкімі заң бұзушылық деректері бойынша қайтарылған материалдардың барлығына түгелдей тексеру жүргізуге бұйрық берді.

"Ертіс Орманы" проблемаларын түбегейлі шешетін уақыт жетті, мен барлық өкілетті органдардан сындарлы іс-қимылдар мен шынайы шешімдерді талап етемін",- деді өз сөзін қорытындылаған Қ. Нұрпейісов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны