13.05.2008, 18:42 3403

Ертіс өзенінің алқабында картада жоқ қоныс табылды

Ертіс өзенінің алқабында картада жоқ қоныс табылды

Павлодар. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Павлодарда Ертіс өзенінің алқабында әкімшілік мәртебесі жоқ және картада тіркелмеген қоныс табылды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Қонысты Ертіс өзенінің жағалауына ауқымды тексеру жүргізу кезінде табиғат қорғау прокуратурасы анықтаған.

"Осында өмір сүрген жиырма жылда мен бұлай өмір сүруге дағдыланғанмын. Тамақты айналамыздағы табиғаттан аламыз. Ал қырық жыл бұрын салынған үйлер болса, бізге аң фермасынан мұраға қалған. Осында қояндар, құндыздар мен ақ түлкілер өсірілген", - деді жергілікті тұрғын Абукар Аршаков.

Осыдан 15 жыл бұрын бұл жерде Мойылды совхозының қосалқы шаруашылығы орналасқан-ды. Кейін шаруашылық ыдырағанда ресми билік оны ұмыт қалдырған. Қазіргі уақытта ауылда 20 түтін бар. Тұрғындар арасында қарттар да, балалар да кездеседі. Адамдар табиғи шаруашылықпен өмір сүреді. Электр жарығын керосин шамы алмастырған. Ал суды ағып жатқан өзеннен алады.

"Мұнда тұрып жатқан тұрғындардың барлығының да құжаттары бар. Олар туысқандарының үйінде тіркеуге алынған. Алайда, бұл адамдардың осы жерде тұруы заңсыз. Өйткені, қолданыстағы заңға сәйкес өзен, көл маңында кез келген шаруашылық қызметін жүргізуге тыйым салынған. Нақты бұл оқиғаға қатысты айтарым, мал бағуға тыйым салынған", - деп түсіндірді Павлодар облысының табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Берік Ахметжанов.

Ал тұрғындардың бұған айтар уәждері - егер оларға мал ұстауға тыйым салса, олар өзге тұрақ іздеуге мәжбүр болады.

Прокуратура бұл жөнінде хабардар. Сондықтан да олар репрессиялық шараларға бармай отыр.

"Заң, әрине, бұзылды. Алайда, жағдайды екі жаққа да барынша ауыртпашылық әкелмейтіндей етіп шешуге болады. Біз қазір әкімдікпен бірлесе отырып аталмыш мәселені шешудеміз. Біз өзен алқабына зиян келтірмейтіндей етіп ауыл тұрғындарының шаруашылық қызметін реттесек сол да жеткілікті. Ал басқасына келер болсақ, оларға мұнда тұруға ешкім де тыйым салмайды", - деді Б. Ахметжанов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны