29.08.2006, 13:12 2817

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының басшысы Қазақстанда тұтқындауға сот тарапынан санкция беру тәртібіне көшу қажет деп санайды

АСТАНА. 29-тамыз. Kazakhstan Today. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының басшысы Ивар Викки Қазақстанда тұтқындауға сот тарапынан санкция беру тәртібіне көшу қажет деп санайды. Ол бүгін Конституция күніне арналған тамыз оқулары барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

И.Виккидің пайымдауынша, сондай-ақ, Қазақстанда бас бостандығынан айыру орындары мен уақытша оқшаулау орындарына қоғам тарапынан мониторинг жүргізу үрдісін енгізу қажет.

Оның пікірінше, "бұл Қазақстандағы құқық қорғау мекемелерін демократияландырудың бір маңызды элементіне айнала алады".

"Қазақстанда тұтқындауға сот тарапынан санкция беру тәртібіне көшу, қосымша тергеу институтын алып тастау, адвокаттың қылмыстық процестегі процессуалдық мүмкіндіктерін күшейту, міне, осы қадамдардың барлығы да жүзеге асып жатса, онда Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні жүзеге асырудың нақты бір құрамдас бөлшектері болар еді",- деді И.Викки.

"Қазақстан былтыр біріккен Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт - бірегей тәжірибелік құрал, егер ол нақты жүзеге асырылған жағдайда демократиялық құндылықтарды ілгерілету мен құқықтың үстемдік құруын нығайту ісіне айтарлық көмектесе алады",- деді И.Викки.

"Мемлекеттік комиссияның жұмысы барысында қабылданатын шешімдер ақырғы нәтижесінде пакт ережелерінің тәжірибе жүзінде іске асуына алып келеді деп сенемін. Халықаралық құжатты жүзеге асыруға байланысты алғашқы баяндама БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінде қаралғалы отырған қазіргі сәтте оның маңызы зор",- деді ол.

"Біз Қазақстан тарапынан тұлғаның құқығын қорғауға берілетін кепілдіктерді күшейтуге тағы бір қадам жасалады және соның арқасында Қазақстан азаматтары халықаралық конвенциялық институттарға өз құқықтарының бұзылғандығы жөнінде арыздану мүмкіндігіне ие болады деп сенеміз",- деді И.Викки.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны