06.02.2007, 16:22 3158

Еуропалық одақ Қазақстандағы адам және құс тұмауына қарсы күреске 240 мың евро бөлді

АСТАНА. 6-ақпан. Kazakhstan Today. Еуропалық одақ Қазақстандағы адам және құс тұмауына қарсы күреске 240 мың евро бөлді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Еуропалық комиссияның Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы делегациясының басшысы Адриан ван дер Меер мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Еуропалық одақ Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіне "Адам және құс тұмауының пандемиясының алдын алу жөніндегі коммуникациялық стратегия" атты жоба үшін 240 мың евро бөлді",- деді А. Ван дер Меер. "Аталмыш жоба негізінен ақпараттық науқан арқылы құс тұмауының алдын алуға бағытталған, ол ЮНИСЕФ пен Қазақстан үкіметінің тығыз ынтымақтастығымен жасалған",- деді ол.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі Александр Зуев өз кезегінде "БҰҰ балалар қоры өз тарапынан 80 мың АҚШ доллары көлемінде қосымша қаржы бөлетіндігін" хабарлады.

"Аталмыш жоба үлкен көмек болып отыр, себебі "пандемия" сөзі аталған кезде үлкен үрей туу қаупі бар, және де мұндай жағдай жақсы дайындалған коммуникациялық науқанды, халықпен ақпараттық жұмыс жасауды қажет етеді",- деді мемлекеттік санитарлық бас дәрігер Анатолий Белоног.

"Қазақстанда бүгінгі күні кез-келген уақытта тұмау індетін, соның ішінде құс тұмауын анықтайтын екі референт-лаборатория жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде құс тұмауымен ауырғандарды емдейтін мамандар дайындалған",- деді ол. "Республикамызда құс тұмауына қарсы 5 мың доза дәрі-дәрмек алынған. Еліміздің ірі әуежайларында кез-келген уақытта дене қызуы көтерілген жолаушыларды анықтауға болатын тепловизорлар орнатылған",- деді ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, Ұлыбританияда, Нигерияда, Египетте құс тұмауының жаңа ошақтары табылып, Индонезияда індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Қазақстанда құс тұмауы бірінші рет 2005 жылдың шілде-тамыз айларында, ал соңғы рет өткен жылдың наурызында тіркелген болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны