Система Orphus

Француз тілінде қазақ әндерін орындайтын дуэт Алматы консерваториясының үлкен залында концерт берді

07.04.2019, 17:07 13393
Француз тілінде қазақ әндерін орындайтын дуэт Алматы консерваториясының үлкен залында концерт берді

Алматы. 6 сәуір. Kazakhstan Today - Алматы консерваториясының үлкен залында наурыздың аяғында франкофония күндері аясында бір ерекше концерт болып өтті. Франция елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл концертте Астаналық дуэт өнер көрсетті.

Осылайша Қазақстанда француз тілінде қазақ әндерін орындайтын дуэт пайда болды. Полина Тырина мен Әсем Әбдіқасымова жаңашыл жоба ойлап тауып, акустикалық дуэт құрып, қазақтың халық әндері мен халық арасында танымал әндерді Гюгоның тілінде орындап шетелдерге танытпақшы.

Елордалық екі қыздың шығармашылық идеясының арқасында "Көзімнің қарасы" немесе "Дударай" секілді халықтың жан-сезімін тебірентетін сүйікті әндердің мәні мен саздық сұлулығы ендігі жерде еуропалық тыңдаушылардың назарына жол тартпақшы.

Алматыдағы концертте жиналған қауым тамаша қазақ әндерін французша тыңдаумен ғана шектелген жоқ. Мысалы, сіз бұрын француз тіліндегі танымал "Voyage" әнін домбыра, шаңқобыз немесе сыбызғының, сондай-ақ, скрипка, перкуссия мен гитараның сүйемелдеруінде тыңдап көрдіңіз бе? Немесе кантри жанрындағы француз тіліндегі авторлық әнді тағы да жоғарыда аталған аспаптардың әрлеуімен тыңдағаныңыз бар ма? Жоқ. Ендеше, бұл енді мүмкін болды.

ALMAS дуэті француз тіліндегі қазақ әндерінің альбомын да қысқа мерзімде шығарып үлгерді. Ол қазір Меломан дүкендерінің желісінде сатылуда. "Французша қазақша" деп аталады. Оған француз тіліне аударылған қазақтың 5 халық әні, ана тілінде орындалған 5 халық әні мен француз тілінде қазақ қызы Әсем жазған 5 авторлық ән енгізілген.

Жетігенде Венера Табыс, шаңқобыз бен сыбызғыда Санджай Альмишев, домбырада Ардақ Елеусіз, бас гитарда Азамат Темірбаев, гитарда Влад Руссанов, скрипкада Әсия Нұржігітова, виолончельде Айдар Қазкен ойнайтын бұл топтың жобасын таза қазақстандық деп айту да қиын. Өйткені, топ құрамында перкуссияда ойнайтын филиппиндік Катрина Вилория да бар. Ол өзін "қазақ әндерінің француз тіліндегі альбомын шығаруға атсалысқан әлем тарихындағы тұңғыш филиппин қызбын" деп атап, қалжыңдайды. Ол Елордасында ағылшын тілінен сабақ беретінін айта кетейік.

Ұжым мүшелері El.kz порталына берген сұхбатында топты құру идеясы қалай туғаны және әндерді тәржімалау, аранжировкасын өңдеу жайында әңгімелеп берген. Осы сұхбаттың мәтінін қазақшалап назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дуэттің ALMAS деп аталу себебі туралы сауалға қыздар былай деп жұмбақтай жауап береді: "бұл сөздің ұлттық бояуы бар және көптеген мәндерге ие. Ал қалғанын көрерменнің өзі біліп шешкенін қалар едік".

Полина: "Біздің негізгі құрамда екі жеке орындаушы мен гитаршы бар. Әсем гавайлық төрт ішекті гитара укулеле аспабында ойнайды. Біздің репертуарымызда гитараны да, укулуле аспабын да пайдаланатын бірнеше ән бар. Ал кейінгі жарты жылда біз Қазақстанда жұмыс істеп жүрген филиппиндік қыз Катрина Вилорияны да қатарымызға қосып алдық. Ол шағын төртбұрыш жәшік секілді түрдегі өзіндік ерекше барабан іспеттес перкуссиялық аспап - кахонда ойнайды. Осылайша, біздің жобаны таза қазақстандық деп атауға келмейтін шығар. Біз сондай-ақ, басқа музыканттармен де ынтымақтасамыз. Альбомды жазуға домбыра, сыбызғы, жетіген секілді қазақтың халықтық аспаптарымен қатар скрипка, виолончель, бас гитара секілді аспаптар да пайдаланылды".

Музыкамен қашаннан бастап шұғылдана бастадыңыздар?

Полина: "Мен музыкамен балалық шағымнан бері шұғылданамын. Елордасындағы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында балалық шағымнан, жеті жасымнан бері шұғылданамын. Сонда бара жүріп гитарда ойнауды үйрендім. Кейін музыка теорииясы бойынша жеке сабақ алдым. Алайда кәсіби музыкалық білім игерген емеспін".

Әсем: "Менің музыкалық білімім жоқ. Әрдайым фортепианода ойнауды армандадым, бірақ мені музыка мектебіне беруге ата-анамның мүмкіндігі болмады. Музыкалық мектепке алғаш рет 13 жасқа толғанда бардым, сол кезде тым құрыса домбыра класына баруды ұйғардым. Бірақ "есейіп кеттің" деп мені алмады. Сол кезде біз Оқушылар сарайында бір мықты оқытушы жеке сабақ беретінін естіп білдік. Сол адамнан мен ән айтуды және гитарда ойнауды үйрендім. Біз нота бойынша сауат ашпадық, аккорд бойынша ойнадық. Өз басым аспапта ойнаудан гөрі ән айтуды көңілім қалағандықтан, маған осы ұнаушы еді. Бұл белгілі бір себептермен музыка мектебінде оқи алмаған, бірақ музыкаға жаны құмар адамдар үшін тамаша балама мүмкіндік-тұғын".

Осындай дуэт құру туралы идея қалай туды? Түсінуімше, басты мақсаттарыңыз - шетелдік тыңдарманды қазақ мәдетіниетімен және өнерімен таныстыру ғой. Бірақ не себепті француз тілін таңдадыңыздар?

Полина: "Әсем екеуіміз осыдан оншақты жыл бұрын бард әншілердің үйірмесінде таныстық. Екеуіміз де онда гитарда ойнауды үйренгенбіз. Сол кезден бастап бірге ән айттық. Мектеп бітіргеннен кейін Әсем Францияға оқуға кетті, ал мен балалы болдым, осылайша жолымыз 3-4 жылға айырылды. 2016 жылғы жазда Әсем Елордасына қайта оралды. Қайта кездескен кезде бірге ән айтуға деген құлқымыз қайта оянды. Бірақ ол кезде тек шығармашылық әлеуетті жүзеге асыру ниетіміз ғана болған".

Әсем: "Біздің ұстанатын музыкалық стилімізді біз сөзбен анықтап айтып беру мүмкін емес. Біз мүлдем өзгеше стильдік бағыттағы әндерлі орындаймыз. Біздің репертуарымызда қазақ, орыс, ағылшын, француз, португал, итальян, испан, польяк, украин секілді тоғыз тілдегі әндер бар. Репертуарымыздың арқау -негізі - қазақ тіліндегі халық әндері. Біз оларды әндердің аутентикалық қасиеттерін сақтай отырып, бірақ оған өзіндік музыкалық көзқарасымызды қосып, өз интерпретациямызда акустикалық нұсқада айтамыз. Біздің басты ниетіміз - қазақтың халықтық дәстүрлі әндерін тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге шетелдерде де насихаттау".

Полина: "Неге француз тілі дейсіз ғой? Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншісі - тілдің өз әсемдігі. Француз тілінің дыбысталу әсемдігін бәрі біледі, француз тіліндегі танымал әндердің көптігі осыдан болса керек. Француз тілінде қазақ тіліндегі дыбыстарға ұқсас дыбыстар көп. Бұл - көптеген халықаралық ұйымдардың ресми тілі, халықаралық тіл, бұл тілде тек Еуропада ғана емес, Канада мен Африка елдерінде де сөйлейді. Екінші жағынан орындаушылық үшін француз тілін таңдауға біздің әлеуетіміз де ықпалын тигізді. ALMAS дуэті жеке-жеке 2016 және 2018 жылдары Қазақстандағы Франция елшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген француз әндерінің байқауында жеңімпаз атанды, оларда Әсем өзі жазған француз тіліндегі әнді орындаса, мен француз тіліндегі "Girl from Ipanema" әнін айттым.

Біздің дуэт түрінде де ән айтатынымызды білетін елшіліктегілер француз тіліне байланысты жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Оны талқылай келе жобаның түпкілікті идеясы түзілді. Әсем француз тілінде еркін сөйлейді, француз тілінде әндерді де өзі жазады. Францияда оқып жүрген кезінде сол елде оқып жүрген Рүстем Әбдрахмановпен танысқан. Сонда жүріп олар бірлесіп әндер жаза бастаған. Рүстем Францияда тұрады және сонда жұмыс істейді. Бірақ қазақ тіліндегі халық әндерін поэзия тілінде француз тіліне аударуды жүзеге асыру және авторлық әндерге сөз жазу арқылы жобаға қатысуға бізге келісімін берді. Рүстем Нант қаласында робототехника мамандығы бойынша магистратура бітірген, орыс, ағылшын және француз тілдерінде өлеңдер жазады".

Альбомдарыңыз туралы толығырақ айтып беріңізші. Оны шығаруға қанша уақыт кетті және оған кірген әндер қандай принцип бойынша іріктелді?

Әсем: "Альбомды шығаруға 2018 жылдың желтоқсан айында кірістік. Жаза бастаған кезде қазақ әндерінің біреуі де француз тіліне аударылмаған болатын. 2,5 айда біз он тректі жазып үлгердік. Рүстем қазақ тіліндегі бес әнді аударды, үш авторлық әнге сөз жазды, ал мен екі әнге музыка жаздым. Полина француз тілінде сөйлемейтіндіктен, ол үшін француз тіліндегі әндерді жазу оңайға соқпады. Альбомды жазу барысында біруақытта репетиция жасап, әндердің аранжировкасын жасадық. Бұл аса қауырт кезең болды, іс жүзінде мұндай ауқымды жоба үшін екі ай мерзім - өте қысқа. Оған қоса желтоқсан мен қаңтар мерекелер маусымы болғандықтан, жобаға қатысушылардың барлығының басын біріктіру қиындау болды.

Альбомға қамтитын әндерді өз репертуарымыздан іріктедік. Біздің көзқарасымызша, ең сәтті шыққандарын іріктеп алдық. Халық әндерінің аранжировкасы мен көрермен назарына ұсынылу нақышын сәтті шықты деп санаймыз. Мәселен, "Дударай" әні фолк стилінде болса, "Қараторғай" - нағыз рок баллада түрінде ұсынылады".

Рүстем, әндер француз тіліне қалай бейімделетінін айтып берсеңіз? Бұл оңай жұмыс еместігі күмәнсіз, осының егжей-тегжейіне тоқталып өтсеңіз.

Рүстем: "Қазақтың халық әндерін француз тіліне аудару үлкен сынақ болды. Бұрын мұндай тәжірибем болған емес. Бастапқыда тіпті мүмкін емес секілді сезіндім. Аударма арқылы берілетін мән-мазмұнды айтпағанның өзінде, қазақ тіліндегі мәтіндердің өзіндік ырғағы, өзіндік сазы бар, оларды француз тіліне көшіру оңай емес. Қазақ мақамдарының сұлулығын өз дыбысталуына мейлінше жақын қалпында қалдыра отырып, өзге тілдегі мәтінге сыйдыру өте күрделі болды. Мен тақпақты бөлшектерге бөліп, әуенді әндете отырып, мәтінді жаздым, олай болмағанда ән өз мақамынан айрылып қалар еді. Ал мазмұндық аудармаға келсек, бұл аса ауқымды зерттеу жұмысымен парапар. Ол үшін PhD диссертация жазу тәжірибемді, нағыз ғылыми көзқарас пайдаландым. Бірінші кезеңде мәтінді оқыған кезде қандай бейнелер туындайтыны, әнді тыңдаған кезде қандай ойлар мен сезімдер туындайтыны тұрғысынан талдадым. Келесі кезеңде әннің тарихы мен мәні зерттелді. Қазақтың халық әндерінің әсемдігі әрбір әннің өзіндік бірегей тарихы бар екендігімен ерекшеленетіндігінде. Үшінші кезеңде салыстыру және мәтінді барынша терең түсіну керек. Тек осыдан кейін ғана мен мәтінді француз тілінде жазуға кірісіп отырдым. Әннің рухы мен мән-мазмұнын жеткізу қажеттігіне байланысты бұл оңайға түскен жоқ. Сол себепті де кейбір сөз орамдары сөзбе-сөз аударылған жоқ. Екінші жағынан, мән-мазмұнды сақтап қалу керек болса, үшінші жағынан мәтінді тақпақтың шегіне "сыйғызу" қажет болды. Әсемге бірнеше нұсқасы жіберіліп, сосын бірлесе отырып орындап, дыбысталуын сараптадық, қажет болған жағдайда мәтінді бейімдедік. Осылайша бірнеше әнге бірнеше айдың еңбегі сарп етілді. Бірақ, нәтижесі көңілден шықса болғаны!"

Сіздердің шығармашылықтарыңызға Қазақстанда және одан тысқары жерлерде қандай көзқараста, нендей пікірде және келушілер көп пе?

Полина: "Өткен жылдың қазан айында Парижде екі шағын концерт өткіздік. Келушілер арасынан Қазақстанға қызығушылық танытқан француздарды көру аса қуантты. Сондай-ақ, біз танымал француз әншісі Джойс Джонатанмен бірге бір сахнаға шықтық. Біздің тосыннан туған орындауымыз оның көңілінен шығып, тіпті бейнематриалымызды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына орналастырды. Тыңдармандар біздің концерттерден тың сезіммен қайтады, өйткені, әркім өзінің жанына жақын дүниені табады. Біз бағдарламамызды жанр және стиль түрлерінің барлығын барынша қамти отырып жасауға тырысамыз".

Қайда және қандай аудиторияға арнап концерт қоясыздар?

Әсем: "Біз жиі концерт бермейміз. Тек шақыру бойынша ғана. Негізінен бұл қоғамдық орындар, барлар. Концерт залдарына шығу өкінішке орай әзірге сирек. Өйткені залда концерт ұйымдастыру қаржылық және техникалық тұрғыдан күрделі. Мұндай сұрақтармен айналысатын менеджер немесе директор әзірге жоқ. Дуэт бойынша барлық жұмысты өзіміз жасаймыз, кейбір дүниелерге күшіміз бен уақытымыз жетпей жатады. Біздің кіріс көздеріміз музыкамен байланыссыз, сол себепті біз той-думандарда концерт қою секілді қаржылық жағынан тиімді дүниелерді емес, шығармашылық тұрғысынан ойлаймыз. Залдардағы концерттер алдағы уақытта да болатыныны сенімдіміз! Репертуарымыздағы жанрдың ауқымдылығына байланысты аудиториямыз да ауқымды. Біздің концерттерге шетелдіктер жиі келеді".

Жалпы сіздердің орындауларыңыздан сезімталдық байқалады. Қазақ авторларының композицияларын орындауда қандай сезімге бөленесіздер?

Әсем: "Қазақтың дәстүрлі әндерін орындағанда мен халқымыздың бостандық сүйгіштігін, қонақжайлығын, жалпы халықтың рухын, самғаулар мен құлдырауларға толы тарихын сезінемін. Әуендер арқылы халықтың сезімі мен жан сұранысын ұғынасың. Бұл сезімдердің барлығы да қазіргі заманғы біздер үшін де жат емес. Сол себепті бұл әндерді орындай отырып, олардың рухын қазіргі заман ахуалымен байланыстыра өз басымнан кешкендей сезінетінімді аңдап жүрмін".

Полина: "Бұл мен үшін тосын сұрақ. Мен әндер мен олардан туындайтын эмоциялық ахуал туралы ойланбаппын. Мен Қазақстанда туған орыс қызымын. Мен бұл әндерді естіп өстім, бірақ оларды өзіммен, өз отбасымның тарихымен байланыстырған емеспін. Мені сүйіндіре арбайтын бір дүние - әннің өткен ғасырда, тіпті бірнеше ғасыр бұрын жазылғандығы. Олардың бірнеше ғасырдың тегеурініне төтеп беріп, ауыздан-ауызға өтіп біздің заманымызға жеткені таңдандырады. Мен үшін бұл әндерде гипноздық қасиет бар. Әсем айтқандай, әндер халықтың мәдениетін тереңірек түсінуге көмектеседі. Мен үшін қазақтың халық әндеріндегі гармония мен әуен қызғылықты. Олар мүлдем өзгеше, ұқсайтын дүние таппайсың".

"Бізге орындауымызда сезімталдық бар деп жиі айтады. Осы арқылы нені меңзейтінін түсіну оңай емес, бірақ, бұл біздің бард әндерімен етене жақындығымызға байланысты болар деп болжаймыз. Екеуіміз де бард әндердің үйірмесінде гитарда ойнауды үйрендік және орындаушылықтың тереңдікке, шынайылық пен сезімталдыққа негізделген бұл түрін жақсы ұғындық. Және екеуіміздің классикалық түсініктегі музыкалық біліміміз жоқ. Біз көп нәрсені білмейміз және осыдан болып біздің орындауымыз шынайылыққа толы шығар. Техникалық көзқарас тұрғысынан мінсіз болмаса да, шын көңілден шыққан, шынайы", - дейді қыздар.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

тақырып бойынша жаңалықтар

Комментарии

Ең көп оқылғаны