01.08.2006, 18:39 3014

Германиялық инвестор қаржы полициясының басшылығын "рейдерлік жасады" деп айыптауда

АЛМАТЫ. 1-тамыз. Kazakhstan Today. Қазақстандағы "Голд продукт" акционерлік компаниясын құрған Германия азаматы Юрий Вегелин еліміздің фискалдық мекемелерін "рейдерлік жасады" деп айыптауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

""Голд продукт" акционерлік қоғамы бойынша қаржы полициясының мүмкіндіктері мен құзыретін пайдалану арқылы бизнесті тартып алу шарасы жүзеге асырылуда", деп мәлімдеді Ю.Вегелин өзінің ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына республикалық "Литер" газеті арқылы жолдаған ашық хатында.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Түрген шараптары" сауда маркасы бар "Голд продукт" компаниясының басшылығының үстінен 2004-жылдың қазан айында қылмыстық іс қозғалған. Ол кезде қаржы полициясы компанияны шарап деген атаумен шарап сусындарын жасап сатқан деп айыптады. "Голд продукт" акционерлік қоғамының мүлкі тұтқындалды. 2005-жылдың мамыр айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы жағдайдың анық-қанығына үш айда жетіп, есеп беруді тапсырған.

Алайда, Ю.Вегелиннің айтуынша, 2006-жылдың басына дейін жалғасқан тергеу жұмыстары сотпен тоқтатылған. Кәсіпкердің айтуынша, "жүргізілген сансыз сараптамалардың біреуі де өнімнің сапасыздығы туралы тергеу таққан айыпты дәлелдей алмады".

"Осы жылдың маусым айында өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес басқармасының жетекшісі Қалмырзаев мырза "Голд продукт" компаниясының "қылмыстық әрекеттері туралы" мәселені тағы да көтеріп, Сізге обьективті емес, біржақты ақпаратты жеткізді", деді кәсіпкер президентке жолдаған хатында. Ю.Вегелиннің айтуынша, агенттік төрағасы "өнімнің сапасына қатысты істі тексеру тоқтатылғаны туралы деректі жасырып қалды". Сонымен бірге кәсіпкердің пайымдауынша, Қалмырзаев өз баяндамасында "Голд продукт" компаниясына қатысты түрлі соттарда қаралған шағымдардағы ақша көлемін алға тартады. "Қаржы полициясының көпе-көрінеу қысымымен менің және компанияның үстінен Астана, Талдықорған және Есік қалаларында үш бірдей сот мәжілісі өткізілуде", деді Ю.Бегелин. Кәсіпкердің пайымдауынша, "қаржы полициясы қызметкерлерінің мүлдем бүркемесіз қысымы астында ашық айыптау сипатындағы сот процестері жүргізілуде". "Осындай күшті ықпалдың кесірінен Астана мен Алматы облыстық соттары көпе-көрінеу әділетсіз әрі асығыс шешім шығарды. Олар компанияның мүлкін басып алуға бағытталған",- деп мәлімдеді ол.

Ағымдағы жылдың шілде айында Қауіпсіздік кеңесінің арнаулы тобының мүшелерімен өткізілген кеңесте ел президентінің кейінгі кездері құқық қорғау мекемелері мен басқа да билік органдарындағы сыбайлас жемқорлық байланыстардың көмегімен меншікті тартып алу мақсатында пайдаланалатын "рейдерлік" атты құбылысқа назар аударғанын еске салды. "Голд продукт" АҚ-ына қатысты дәл осындай басып алу шарасы жүргізілуде",- деп санайды кәсіпкер.

Осыған байланысты кәсіпкер Елбасынан қорғау сұрайды. "Қазіргі Қазақстанда, өкінішке орай, мұндай тегеурінді "шабуылдан" тек мемлекет басшысы ғана қорғай алады",- делінген ашық хатта.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны