08.11.2007, 18:23 3130

Грузияда 15 күндік төтенше жағдай енгізілді

Грузияда 15 күндік төтенше жағдай енгізілді

Тибилиси. 8-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Грузияның президенті Михаил Саакашвали Грузияда 15 күндік төтенше жағдай енгізу туралы қаулыға қол қойды. Демонстрацияларға тыйым салынып, бұқаралық ақпарат құралдарының іс-қызметіне шектеу қойылған. Бұл туралы сәрсенбі күні кешке өткен брифингте Грузияның премьер-министрі Зураб Ногаидели мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

З. Ногайделидің мәлім етуінше декрет мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға байланысты енгізіліп отыр, және де Грузияның Конституциясына сәйкес, декрет 48 сағат ішінде ел парламентінің бекітуіне ұсынылатын болады.

"Демонстрациялар мен манифестациялар жүргізуге уақытша шектеу енгізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылыққа, билікті тақтан тайдыруға және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға шақыруға шектеу қойылады. Сөз бостандығы еш шектелмейді, тек осы шектеулер ғана қойылады",- деп мәлім етті З. Ногаидели.

Тибилисидің мэрі Гиги Угулава мәлім еткендей, Тибилисидегі төтенше жағдайларға байланысты көлік қозғалыстарына шектеу қойылып, мектептер мен жоғарғы оқу орындарындағы сабақтар тоқтатылады. Сонымен қатар, бейсенбіде барлық грузин бұқаралық ақпарат құралдары іс-қызметтеріндегі шектеулердің тізімін алады.

Грузин парламенті мен билік партиясы көшбасшыларының бірі Майя Надирадзе өз кезегінде журналистерге, "Имеди" грузин оппазициялық телеарнасының хабар таратуының тоқтатылуы осы төтенше жағдаймен байланысты екендігін мәлім етті. М. Надирадзе сондай-ақ, Грузиядағы төтенше жағдай "Грузияны тұрақсыздандыру үшін Ресей ресурс жұмылдырғандығына" байланысты енгізілгендігін айтып өтті.

Бұрын хабарлағанымыздай, сәрсенбі күні Тибилисиде елдің құқық қорғау органдары көзден жас ағызатын газ, резеңке таяқтар мен су шашқыштар арқылы оппозициялардың митингісіне қатысушыларды қуып, таратқан болатын. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Тибилисидің ауруханаларына медициналық көмек көрсетуді сұрап, 500-ден астам адам жүгінген.

Тибилисидегі сәрсенбі күні кешке жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты News Сorporation американдық медиахолдингтің иелігіндегі "Имеди" грузин оппозициялық теле арнасына арнаулы жасақ басып кірген. Жүргізушілердің бірі - Георги Таргамадзе, барлық қызметкерлерді бір бөлмеге жинап, оларға қысым көрсетіліп жатқандығын хабарлап үлгерген болатын. "Студияда қорқынышты оқиғалар болып жатыр. Бәрі жақсы болады",- бұл жүргізушінің соңғы сөзі болды, осыдан кейін студияға арнаулы жасақ қызметкерлері басып кірген. Арнаның хабар таратуы осымен тоқтатылған. "Имеди" грузин телеарнасы елдегі оппозиция өкілдеріне арналған жалғыз арна болып табылады.

Жақын уақытқа дейін "Имеди" телеарнасының акциясының жартысы қуғындағы грузин бизнесмені Бадри Патаркацишвилиге тиесілі болған. Грузияның билік өкілдері бизнесменді отанын сатқан, ал арнаны елдегі оқиғаларды сыңаржақ әрі оьективсіз бейнелейді деп жария етуінен кейін, олигарх өз акциясын Руперт Мердоктың медиаимпериясына кіретін News Сorporation берген болатын.

Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Гиви Таргамадзе, "Имеди" теле арнасы төтенше жағдайлар енгізу туралы пункттердің біріне байланысты жабылып отырғандығын мәлім етті. "Президент қол қойған төтенше жағдайлар туралы декреттің бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына шектеу қою туралы айтылған пункттерінің бірі "Имеди" және "Кавкасиа" екі грузин телекомпаниясының жұмысының тоқтауына себеп болған",- деді Гиви Таргамадзе.

Тәртіпсіздіктерден қауіптенген грузиннің арнаулы жасақтары Тибилисидегі барлық орталық көшелерді басып алған. Адамдардың жартысы қаладағы ең үлкен кафедралық шіркеу - Святой Троицы шіркеуіне жасырынған. Шіркеудің қызметшілері, арнаулы жасақ шіркеудің аумағын басып алады деген қауіппен адамдарды шіркеуге кіргізуде. Оқиға болып жатқан жердегі агенттік тілшісі арнаулы жасақтың шірекуге жақындап келе жатқандығын хабарлады.

Опозиция жетекшілерінің бірі - Халық партиясының жетекшісі Кабу Давиташвилиді сәрсенбіде, күндіз белгісіз біреулер ұрлап әкеткен болатын. Сәрсенбі күні кешке К. Давиташвили өте ауыр халде Гори қаласындағы (Тибилисиден 100 шақырым) ауруханада жатқандығы белгілі болды. Арнаулы жасақ оның туыстары мен журналистерді ауруханаға кіргізбей отыр.

Ресейдің дипломатиялық өкілдігінің үш қызметкері нон-грата тұлғасы деп жарияланып, елден қуып шығарылады.

Соңғы хабарламаға сүйенсек, Грузин оппозициясы өз кезегінде төтенше жағдай мерзімі аяқталғанша іс-шара жүргізуге тайм-аут алуға шешім қабылдаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны