04.06.2008, 22:31 2853

"Халық банкі" 7 жастағы қызға қатысты шығарылған сот шешімін орындау бойынша талаптардан бас тартты

"Халық банкі" 7 жастағы қызға қатысты шығарылған сот шешімін орындау бойынша талаптардан бас тартты

Қостанай. 4 маусым. "Қазақстан Бүгін" - "Халық банкі" 7 жастағы қызға қатысты шығарылған сот шешімін орындау бойынша талаптардан бас тартты, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Ғалымжан Мырзаққа сілтеме жасай отырып.

"Халық банкі" осы іс тудырған қоғамдық резнонансқа байланысты сот шешімін орындау бойынша талаптардан бас тартты. Ол атқару өндірісі деңгейінде қалады", - деді облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы.

Ол сондай-ақ, Арқалық қалалық сотының шешімі Қостанай обыстық сотының аппеляциялық комиссиясының шешімімен өзгертілгенін хабарлады. "Несиені қайтару жауапкершілігі қызды асырап алған Наталья Васильеваның мойнына жүктелді. Несие "мұрагерлік масса", яғни, қыздың қайтыс болған анасының зейнеттік жинақтарының қалдығынан төленуі тиіс болған.

Қыздың асырап алушысы хабарлағандай, облыстық соттың шешімін ол әлі қолына алмапты. Алайда, сотта облыстық соттың шешімі келесі аптада келетініне уәде берген.

Естеріңізге сала кетсек, 2006 жылдың 18 қыркүйегінде "Қазақстан Халық банкі" АҚ мен клиент арасында 36 айға дейін 500 мың теңге көлеміндегі банк несиесін беру жөніндегі келісім жасалған. Клиент 2007 жылдың 20 маусымында қайтыс болған. Қарыздың қайтарылмауына байланысты "Қазақстан Халық банкі" АҚ оның мұрагері 7 жастағы қызды сотқа берген.

Арқалық қалалық сотының 2008 жылдың 28 наурызындағы шешімімен "Қазақстан Халық банкі" АҚ шағымы қанағаттандырылып, қайтыс болған клиенттің қызынан банк пайдасына 414 мың 195 теңге көлеміндегі қарыз өндіріп алынып, 12 426 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж қайтарып алынған.

Қостанай облыстық прокуратурасының органдары жас мөлшеріне байланысты іс-әрекетке қабілетсіз болуына байланысты қарыз келісімінің орындалмау жауапкершілігін көтере алмайды деп көрсетілген аппеляциялық шағым түсірген. Азаматтық-отбасылық заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікті баланың асыраушысы алуы тиіс.

"Қостанай облыстық сотының 2008 жылдың 28 мамырындағы азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен прокурордың қарсылығы қанағаттандырылып, Арқалық қалалық сотының шешімі өзгертілді. Қарыз сомасы мұра қалдырушының мұрагерлік затынан алынды. Сот шешімін орындау міндеттемесі баланы асырап алушыға жүктелді, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, аппеляциялық инстанция кәмелеттік жасқа толмаған баланың өкілі Т. Мұхаметжановаға әкесінің келісімімен қайтыс болған анасын жерлеуге кеткен шығындарды құжаттық негізде дәлелдеу ұсынылды. Ұсынылған құжаттарды ескере келе алғашқы инстанция сотымен алынған сома 272 мың теңгеге дейін қысқартылды", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2 маусым күні "Қазақстан Бүгін" агенттігіне өздерінің аты-жөнін жарияламауды сұраған қайырымдылық көрсетушілер 7 жасар қыз баланың қарызын өтеу үшін қаржы тапсырды.

Қайырымдылық көрсетушілер соттың "Қазақстан халық банкі" АҚ-ынан анасы алған 500 мың теңге мөлшеріндегі несиені 7 жасар жетім қызға төлеуді міндеттегені туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінде шыққан ақпаратқа назар аударған. Олар берешекті толық мөлшерде өтеп, қыз баланың қамқоршысының есепшотына аудару мақсатында агенттікке ақша тапсырды.

"Қазақстан Бүгін" агенттігі сол күні таңертең "Халық Банкіне" хабарласып, банк алдындағы қарызды тездете өтеу үшін көмек көрсетуді сұрады. Соған қарамастан банк қызметкерлері клиентке қатысты мағлұматтар құпия ақпарат деп бұл мәселені шұғыл түрде шешуден бас тартты.

"Қазақстан Бүгін" қарызды мерзімінен бұрын өтеу үшін жетім қалған қыздың есепшотына тікелей ақша аудармақшы.

Естеріңізге сала кетсек, Қостанай облысының Арқалық қаласының соты 7 жасар қызға анасы алған 500 мың теңге мөлшерінде несиені банкке төлеуге міндеттеген болатын.

"Қыздың анасы Халық банкінен жарты миллион теңге несие алған. Бірнеше айдың көлемінде қарызын жақсы жауып тұрған. Алайда кенеттен қайтыс болған. Банк 7 жастағы қызына мұрагерлік жолымен анасы алған қарызды төлеу талабымен Арқалық қалалық сотына шағымданған", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Арқалық қалалық сотының шешімімен қыз бала бұл ақшаны кәмелеттік жасқа толғаннан кейін төлеуі тиіс болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны