30.05.2020, 14:00 9141

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев өңiрдегi эпидемиологиялық жағдайға қатысты брифинг өткiздi

"Бүгiнгi таңда ең бастысы, өз отбасыңа, көршiңе, достарың мен әрiптестерiңе қатысты салғырттыққа, бейғамдық пен жауапсыздыққа жол бермеу керек. Өзiңiз баратын немесе жұмыс iстейтiн орында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет" - дедi облыс әкiмi.

Алматы. 30 мамыр. Kazakhstan Today - Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев өңiрдегi эпидемиологиялық жағдайға қатысты брифинг өткiздi.

"Барша әлемдi жайлаған коронавирус пандемиясы басылар емес. Сондықтан, бүгiнгi таңда санитарлық талаптарды сақтай отырып, кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметiн жандандыру жөнiндегi шаралар кезең-кезеңмен қабылдануда. Белгiлi бiр қызмет түрлерi бойынша шектеу шараларының алынуына байланысты 46 мыңнан астам қызметкер жұмысына шықты, олардың iшiнде көктемгi дала жұмыстарына тартылған 21,5 мың диқаншылар да бар" деп атап көрсеттi брифингте облыс әкiмi Ермек Маржықпаев.

Тұтастай алғанда, карантин шеңберiндегi шектеу шаралары көктемгi дала жұмыстарының барысына әсер еткен жоқ. Мемлекет қолдауының нәтижесiнде егiс жұмыстарын сапалы жүргiзу үшiн барлық шаралар қабылданып, көктемгi егiн егу науқаны жоспарланған мерзiмiнде басталды. Өңiрдiң ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерi мен диқаншылары өз ұжымдарында барлық санитарлық нормалар мен қауiпсiздiк талаптарының сақталуын қамтамасыз еттi.

11 мамырдан бастап шектелген қоғамдық көлiктiң, сондай-ақ, аумағы 2 мың шаршы метрге дейiнгi азық-түлiктiк емес сауда объектiлерiнiң жұмысына рұқсат етiлдi.

Төтенше жағдай кезеңiнде дағдарысқа қарсы шараларды iске асыру шеңберiнде мемлекет қазақстандықтарды қолдау жөнiнде тиiстi шаралар қабылдады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi - Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған "Бiргемiз" акциясының нәтижесiнде бiздiң 8 мың жерлесiмiз жалпы сомасы 400 миллион теңге қаражат көлемiнде көмекпен қамтылды. Олардың әрқайсының есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.

Ел Президентi Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарды және бизнестi қолдау мәселелерiне ерекше көңiл бөлдi. 167 мың ақмолалық жалпы құны 7,1 миллиард теңгеге 42 500 теңге көлемiнде материалдық көмек алды.

"Пандемияның таралуы кезiнде тұрғындар мен ұйымдар үшiн қажеттi өнiмдердi шығаратын жаңа өндiрiс орындарын ашқан кәсiпорындарға ерекше ризашылығымды бiлдiремiн. Олардың арасында маска, медициналық құралдар және дезинфекциялық заттар шығарды қолға алған Көкшетау қаласындағы "Тыныс" акционерлiк қоғамы және тұрмыстық химия зауыты бар. Осы сәттi пайдалана отырып, қиын уақытқа қарамай, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және халықтың өзге де әлеуметтiк жағынан осал топтарына көмек көрсеткен барлық кәсiпкерлерге алғысым шексiз. Бұлар - "Kusto Group" компаниясы (Алматы), "Көкшетау сүт зауыты" серiктестiгi, Aizet Farm агрохолдингi (Ерейментау ауданы), "ТНК" (Жақсы ауданы), "Астана Өнiм" (Целиноград ауданы) және "Үш бұлақ" (Ақкөл ауданы) тәрiздi көптеген серiктестiктер" - деп атап көрсеттi облыс әкiмi Ермек Маржықпаев.

Бiрiншi кезектегi өмiрлiк қажеттiлiгi бар қажеттi өнiмдердiң бағаларын өсiрмеу үшiн айтарлықтай жұмыс жүргiзiлдi. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрi жалғасуда.

7 сәуiрде өңiрде болған қатты дауылдан жүздеген объектiге зиян келiп, екi адам қаза тапты. Шығынды есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Қазiр оларды қалпына келтiрiп жатырмыз.

Сонымен қатар, бүгiнгi таңда құрылыс саласындағы жұмыстар да жалғасуда, жаңа үйлер салынып, әлеуметтiк объектiлер жөнделуде. Биылғы жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберiнде құны 45 миллиард теңге болатын 232 жоба жүзеге асырылып, 11 мың жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Оның iшiнде, облыстың даму үрдiсiне атсалысатын ата-аналарға жағдай жасау үшiн мектепке дейiнгi ұйымдарда кезекшiлiк топтар ашуға рұқсат берiлдi. Қазiргi кезде 12 мың баланы қамтитын осындай 699 топ жұмыс iстеуде, сондай-ақ, балаларға көмек көрсетiп жатқан мемлекеттiк ұйымдар да бар.

"Бүгiнгi таңда алдыңғы қатарда жүрген дәрiгерлерге және барша медицина қызметкерлерiне шынайы алғысымды бiлдiруге рұқсат етiңiздер. Олардың табанды еңбегiнiң нәтижесiнде дерттiң жаңа түрiне шалдыққан жерлестерiмiз ойдағыдай емделiп шықты. Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерi, Аршалы аудандық ауруханасы және өзге де медициналық мекемелер бұл орайда ерлiк көрсеттi деуiмiзге болады. Осы ретте, жасының ұлғаюына байланысты емдерiнiң нәтиже беруiнiң өзiн алдын ала болжау қиынға соққан "Шапағат" медициналық-әлеуметтiк мекемесiндегi науқастарды еске алудың өзi неге тұрады. Олардың арасында үстiмiздегi жылдың мамыр айында 100 жасқа толған Полина Алексеевна Силина да бар" - дедi өз сөзiнде облыс әкiмi.

Ермек Маржықпаев атап өткенiндей, ендiгi жерде эпидемиологиялық жағдай және алдағы уақытта шектеу шараларын жеңiлдету, тұрғындар мен кәсiпорындардың эпидемияға қарсы санитарлық талаптарды сақтауына тiкелей байланысты болады. "Төтенше жағдай аяқталысымен бiз бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтiк желiлерде карантиндiк шараларды күшейту туралы, төтенше жағдай режимiнiң аяқталуы карантин мен коронавирус режимiнiң аяқталғанын бiлдiрмейтiндiгi туралы түсiндiру жұмыстарын белсендi түрде жүргiзе түстiк" - дедi бұл орайда өңiр басшысы.

Брифингте осыған байланысты фактiлер де келтiрiлдi. 23 мамырдағы жағдай бойынша облысымызда COVID-19 жұқтырған 146 адам тiркелдi. Оның iшiнде 4 адам көз жұмды. Коронавирус инфекциясын ең көп жұқтырғандар Елорданың iргесiндегi өңiрлерде тiркелдi. (Целиноград - 128, Аршалы - 7, Шортанды - 3, Көкшетау қаласы - 4, Ақкөл қаласы - 2, Егiндiкөл және Есiл аудандары бiр-бiр адамнан). Науқастардың 11 пайызы 20-30 жас аралығындағы жастар, 25 пайызы 30-50 жас аралығындағылар.

Төтенше жағдай енгiзу кезiнен бастап облыс аумағында 100 блок-пост жұмыс iстедi. Елдi мекендердi патрульдеу, кәсiпорындарда санитарлық норманы сақтау, тұрғындар арасындағы түсiндiру жұмысына полицейлердiң барлық жеке құрамы, СЭС қызметкерлерi, дәрiгерлер, волонтерлер, мемлекеттiк қызметшiлер, тағы сол сияқтылар тартылды. Бүгiнгi таңда, Нұр-Сұлтан қаласының iргесiнде 6 блок-пост қалды.

Қауiпсiздiк шараларының сақталуын бақылау мақсатында жедел топтармен рейдтер жүргiзiледi. Бүгiнгi таңда 4 мың объект тексерумен қамтылған. Олардың 375-iнен ереже бұзушылық анықталып, 200 әкiмшiлiк материал, сондай-ақ, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған жеке тұлғаларға қатысты 400-ден астам материал толтырылды.

Облыста Ұлттық сараптама орталығының филиалы мен "Олимп" медициналық орталығының зертханасы базасында қосымша 2 ПЦР зертханасы ашылып, жедел тестiлеу жүргiзедi. Бiр айда 30 мыңға жуық адам тестiлендi.

"Бүгiнгi таңда ең бастысы, өз отбасыңа, көршiңе, достарың мен әрiптестерiңе қатысты салғырттыққа, бейғамдық пен жауапсыздыққа жол бермеу керек. Өзiңiз баратын немесе жұмыс iстейтiн орында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет" - дедi облыс әкiмi.

Осыған байланысты, тиiстi қызметтер, қала мен аудан әкiмдерi тұрғындар арасында түсiндiру жұмысын нығайтуы, күн сайын кәсiпорындарға, сауда объектiлерi мен тұрғындар көп баратын орындарға, жұмысқа оралуға рұқсат берiлген қоғамдық көлiкке мониторинг жүргiзiлуi тиiс екендiгi айтылды. Егер ондай орындар белгiлеген талаптарды бұзса, жабу керек.

"Жағдай өте өткiр екенiн тағы да айтқым келедi. Төтенше жағдай кезiнде Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бiрлiгi күнi, Жеңiс күнi сияқты көптеген мемлекеттiк мерекелер өттi. Кеше соңғы қоңырау болды. Бұл мерекелер биылғы жылы өзге форматта өттi. Өкiнiшке орай, бiз бүгiнгi таңда бiр-бiрiмiзден оқшаулану режимiнде сөйлесуге мәжбүрмiз. Өйткенi, бiз үлкен қатер - коронавирусты жұқтыру қаупi бар жағдайда өмiр сүрудемiз. Бүгiн бiз өз-өзiмiздi кешегiдей ұстай алмаймыз. Мұны түсiнiп, қажеттiлiк ретiнде қабылдау қажет. Сондықтан, әрбiр тұрғын бұл жағдайды жете түсiнiп, оған үлкен жауапкершiлiкпен және түсiнiстiкпен қарағандары жөн. Санитарлық шаралар сақталмаған жағдайда бұрынғы қатаң карантин режимiне қайта көшуiмiз мүмкiн" - деп атап көрсеттi сөзiнiң соңында облыс әкiмi.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны