19.06.2007, 13:18 3340

Испанияның "Тальго" поезының жолаушылары техникалық ақауларға байланысты Астанаға жете алмады

ҚАРАҒАНДЫ. 19-маусым. Kazakhstan Today. Астана мен Алматы арасында қатынайтын Испанияның "Тальго" поезының жолаушылары техникалық ақауларға байланысты Астанаға жете алмады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Испанияның "Тальго" поезының ("Тұлпар" №1) Астана бекетіне дейін жете алмай қалуына отарба құрамына электр қуатын беретін генераторды зарядтаушы құрылғының істен шығуы себеп болған",- деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ бірінші вице-президенті Сұлтан Табынбаев.

Астана мен Алматы арасында қатынайтын Испанияның "Тальго" поезы жолай Қарағандыда аялдайды. Кеншілер астанасына отарба түнгі 5 сағат 50 минутта келуге тиіс болған, алайда ол түнгі сағат 2-де "Сары Шаған" бекетінде тоқтады. Осыған орай жеткізілген локомотив құрамды "Қарағанды-жолаушылар" бекетіне дейін 6 сағатқа кешігіп жеткізген.

Жолаушылардың айтуынша, осы уақыт ішінде поезда қараңғы әрі қапырық болған, дәретханалар істемей қалған. Астанаға бет алған жолаушыларға жай поездағы алты вагон ұсынылғанымен, жолаушылардың басым бөлігі қолайлы жағдайсыз көлікпен қатынаудан бас тартқан. Поезда барлығы 306 жолаушы келе жатқан, алайда, басқа поезға ауысып мінуге 150 адам ғана келіскен. С.Табынбаевтың айтуынша, Астанаға жай поезбен аттануға келіскендерге билет құнының айырмашылығы өтелді.

"Тальго" кеше кешке Қарағандыдан Алматыға қарай әкетілді. Бұл жерде Испания мамандары оны жөндейтін болады. С.Табынбаевтың айтуынша, ақау өте күрделі, алайда, жөндеу жұмыстарымен қандай жағдайда да испаниялық мамандар шұғылданатын болады.

Астана мен Алматы арасында қатынайтын Испанияның "Тальго" поезы 2003-жылдың 13-қыркүйегінде жолға алғаш рет шыққан. Онда 22 вагон, соның ішінде жолаушылар тасымалдпауға арналған 18 вагон бар.

Испан поезының билеті 7-30 мың теңге аралығында бағаланады. Поездың жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрайды. Ол Алматыдан Астанаға 12 сағатта жетеді, ал жай құрам бұл аралықты 10 сағат баяу жүріп өтеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны