03.04.2008, 18:05 3314

Ыстықкөлдегі Қазақстанның төрт пансионаты Қазақстанның меншігіне қайтарылады

Ыстықкөлдегі Қазақстанның төрт пансионаты Қазақстанның меншігіне қайтарылады

Бішкек. 3 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Ыстықкөлдегі Қазақстанның төрт пансионаты Қазақстанның меншігіне қайтарылады. Бұл туралы агенттік тілшісіне Қырғызстанның мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Турсун Турдумамбетов хабарлады.

"Қырғызстан Қазақстанға пансионаттар салынған біздің жерімізді беріп жатқан жоқ, тек оның өз меншігін өзіне қайтарып отыр", - деді Т. Турдумамбетов.

Оның айтуынша, пансионаттар салынған жер Қазақстан жағына 49 жылға жалға беріледі.

Т. Турдумамбетовтың атап көрсетуінше, бүгінде Қырғызстанның дауажайларға қатысты бәсекелестігі өте жоғары. Ал Қазақстандық пансионаттар Ыстықкөлдегі курорттық аймақ беретін барлық пайданың 70%-ын әкелуде. 2007 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның пансионаттары Қырғызстан бюджетіне 8,5 млрд сом аударған.

Мемлекеттік комитет төрағасы сонымен бірге, жуырда нормативтік актілерге түзетулер енгізіліп, соған сәйкес, Қырғызстан аумағындағы шетелдік инвесторлардың нысандарында 80%-дан кем түспейтіндей көлемде жергілікті тұрғындар жұмыс істеуге тиіс болмақ.

Еске сала кетейік, пансионаттар 1960 - 1970 жылдары одақтық қаржыландыру есебінен салынған. Құрылыс бойынша біртұтас тапсырыс беруші функциясы Кәсіподақ ұйымдары Одағының Бүкілодақтық Орталық кеңесіне жүктелді.

Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Ыстықкөлдегі барлық курорттық нысандар Одаққа жаппай ортақ меншік болды. Алайда, 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ТМД елдерінің Бішкекте өткен кеңесінде "Меншіктік қатынастарды реттеу және құқықтарды өзара мойындау жөніндегі келісімге" қол қойылды. Бірақ оның құзыры "4-ші баптан басқасына" жүреді делінді. Бұл бапқа сәйкес, "тараптар басқа елдердің аумағындағы, бірақ, осы тараптардың меншігі болып табылатын нысандарды өзара мойындайтындығы" айтылған.

"Бұдан кейін Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі 1992 жылы пансионаттарды Қазақстанның емес, Қырғызстанның меншігіне қабылдау жөніндегі қаулы қабылдап, нысандарды Қырғызстанның мемлекеттік мүлік қорының балансына қабылдауды тапсырды. Алайда, ол жүзеге асырылмады. Осындай себеппен мәселе шешімін таппады. Нәтижесінде, пансионаттар Қырғызстанның да, Қазақстанның да меншігінде болмай шықты",- деді Қырғызстанның мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны