Көк-Жайлауға құрылыс салу мұздықтардың толық жойылуына әкелуі мүмкін – сарапшылар Эксклюзив КТ
Көк-Жайлау шатқалына құрылыс салу таудағы температураны жоғарылатып, мұздықтардың еруін жеделдетіп, өңірдегі климатының өзгеруіне әкелуі мүмкін. Бұл туралы "Алматы экологиялық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің сарапшылары Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді.
"Қонақүйлер, апарт-отельдер, мейрамханалар, ауаны реттеу жүйелері, автомобиль жолы, көлік, аспалы жолдар және басқа да жасанды нысандардың барлығы қызып, ыстық ауа бөле бастайды. Салдарынан тау аумағында "жылу аралы" пайда болады. Бұл мұздықтардың еруін одан әрі жеделдетеді", - деп есептейді мамандар.
Олардың пайымдауынша, құрылыс салу үшін ағаштарды кесу және тау беткейлерінің мақсатын өзгерту ауада шаң мен күйенің түзілуіне және еркін таралуына тікелей себеп болады.
"Мұздықтардың бетіне қонған шаң мен күйе оларға жойқын әсер етеді. Сонымен қатар, автомобиль жолдары мен инженерлік желілер салу үшін Қазақшық өзенінің бойындағы бірнеше мың ағаштардың кесілуі мұздықтарды қаладан тауға қарай келетін ыстық ауа, шаң мен ыстан қорғайтын соңғы тосқауылдан айырады. Алматы мұздықтары мен өзендері толық жойылған жағдайда өңірдің климаты өзгеріп, бұрынғыдан да құрғақшылық болып, өсімдіктер мен адамдар үшін қолайсыздық өсе түседі", - деп түсіндірді сарапшылар.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта өңірдегі мұздықтарға қатысты жағдай онсыз да нашар.
"Соңғы жылдары Іле Алатауындағы мұздықтардың барлығы дерлік айтарлықтай азайып, мұз жамылғысының басым бөлігін жойылып барады. Атап айтқанда, мұздықтардың ауданы 75%-ға, көлемі 50%-ға азайған", - деді олар.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта мұздықтардың жедел еруінің басты себебі - қаладан тауға кедергісіз көтерілетін шектен тыс жылы ауа.
"Соңғы 23 жылда әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан алма бақтарының барлығы дерлік кесіліп, орнына құрылыс салынды. Бұған дейін алма бақтары мен биік терек және қарағаштан тұратын бақ қорғау жолақтары ұзақ жылдар бойы қаладан тарайтын жылы ауа ағынының тауға өтуіне кедергі келтіретін тау бөктеріндегі қорғаныш буферлік аймақ ретінде қызметін атқарды. Сонымен қатар, бақтар күн сайын ылғал бөліп, буландырып отырды. Ол жоғары көтеріліп, салқындап, бұлт түзіліп, тауда жазғы жауын-шашынның көп болуына ықпал ететін. Бұлттар, жауын-шашын және бау-бақша өсімдіктері мұздықтар мен қар жамылғысының еруін айтарлықтай баяулататын", - деп атап өтті мамандар.
Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылы Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов Үкіметте Алматыны дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте қалада "Көк-Жайлау" тау шаңғысы курортын дамыту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.
2013 жылы Алматы әкімдігі құны шамамен 3,145 млрд теңге болатын курорттың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тендер жариялайтыны белгілі болған еді.
Сол кезде жобаның қоғам наразылығына қарамастан іске асырылып жатқаны айтылды. Сарапшылар, экологтар, спортшылар және Алматының басқа да тұрғындары Көк-Жайлау үстіртіндегі тау шаңғысы курорты жабайы табиғатқа зиян келтіреді, қалада су тапшылығына әкелуі мүмкін және мәлімделген экономикалық тиімділікті, яғни жергілікті және шетелдік туристерді тарту мен жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етпейді деп мәлімдеген болатын. Көк-Жайлауды қорғау үшін қоғам өкілдері Орхус комитетіне шағым да түсірген.
2019 жылы Қоғамдық кеңестің отырысында Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек "құрылыс мәселесін мұқият зерделеу" деген уәжбен "Көк-Жайлау" курортын іске асыруды үш-бес жылға кейінге қалдыруды ұсынған болатын.
Мәдениет және спорттың бұрынғы министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook парақшасында "Көк-Жайлау" тау шаңғысы курортының құрылысына қатысты пікір білдірді. Ол курорт құрылысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кейінге қалдырылғанын еске салды.
"Мемлекет басшысы бұл маңызды мәселеде асығыстық болмауы керектігін, сарапшылардың бағасы мен қала тұрғындарының пікірін зерттеу қажет екенін атап өтті", - деп жазды ол.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті "Ашық НҚА" порталында "Алматы тау кластерінің туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспары" қаулысының жобасын жариялады.
Түсіндірме жазбада жобаны қабылдау туризм саласын дамытуға, туристер ағынын өсіруге, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі орнын көтеруге және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға ықпал ететіні айтылған. Жоспарға сәйкес, жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 655 911 млн теңге болатын 127 іс-шара көзделген.
Сол кезде қоғам белсендісі Ажар Жандосова нысандардың құрылысы мен қызметі қаншалықты экологиялық талаптарға сай жүргізілсе де, оның топырақ жамылғысына, биоалуантүрлілікке және қазіргі уақытта апатты деңгейде азайып жатқан мұздықтардың жағдайына міндетті түрде әсер ететінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, мұның барлығы Алматының климатына да ықпал етеді.
Kazakhstan Today ақпарат агенттігінің сайтында тау шаңғысы курортын салу мәселесіне қатысты сауалнама жүргізіліп, нәтижесі бойынша респонденттердің 80%-ы Көк-Жайлауға құрылыс салуды қолдамаған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

