09.08.2006, 18:56 3422

Қала жұртшылығы Алматыдағы бірегей жасыл желекті жерлердің сатылу мүмкіндігіне алаңдайды

Қала жұртшылығы Алматыдағы бірегей жасыл желекті жерлердің сатылу мүмкіндігіне алаңдайды

АЛМАТЫ. 9-тамыз. Kazakhstan Today. Еліміздегі бірқатар республикалық БАҚ-тарда жарияланған ақпаратқа сенсек, Алматы хайуанаттар бағы, Ботаникалық бақ пен Орталық мәдени және демалыс бағы сынды қаладағы бірегей жасыл желекті жерлер сатылып кеткен. Сол себепті қала жұртшылығы осындай табиғи кешендердің сатылу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бос уақытты өткізуге арналған қаладағы бірқатар кешендерді бұзу мен жоюға бағытталған әкімшіліктің жоспарына алаңдаушылық білдірген хаттардың азаматтардан көптеп келуіне байланысты "Нағыз Ақ жол" партиясы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовқа мәлімдеме жолдауға бастама көтерді.

"Қала халқы Алматы хайуанаттар бағының көшірілу, Ботаникалық бақтың оталу, ал Орталық мәдени және демалыс бағы аумағының басым бөлігінің жаңа тұрғын үй және басқа да массивтерді салу үшін жеке меншік фирмаларға берілу мүмкіндігіне ызалана қарсылық білдіреді",- делінген партияның қала әкіміне жолдаған хатында.

Мәлімдеме авторлары И.Тасмағамбетовқа бірқатар сауалдар тастаған. Олар "бұл сауалдарға шұғыл әрі толық жауап аламыз" деп сенеді. Хат иелері былай деп сұрайды: "Алматы хайуанаттар бағын Қапшағай тас жолын бойлай 25-ші шақырымға көшіру және оның орнына жаңа тұрғын үй немесе басқа кешен салу туралы шешім қабылданды деген рас па? Егер бұл ақпарат рас болса, онда жер телімін сатуға аукцион немесе тендердің басқа да қандайбір түрі жүргізілді ме? Немесе нақты бір жеке фирманың мүддесіне атаулы шешім қабылданды ма?".

Мәлімдемеде сонымен бірге қаланың жоғарғы бөлігіндегі бірегей Ботаникалық бақтың жойылу мүмкіндігі туралы мәселе көтерілген. "Бақтың орнында элиталық тұрғын үй тұрғызылады деген рас па?",- дейді авторлар.

Мәлімдеме жолдаушылар сонымен бірге Орталық мәдени және демалыс бағының тағдырына қатысты сауалға да жауап алудан дәмелі. "Орталық мәдени және демалыс бағы аумағының басым бөлігі жеке меншік фирмалар мен жеке адамдарға тұрғын үй тұрғызу үшін берілді деген ақпарат шындыққа сай келе ме ?",- дейді олар.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны