10.07.2015, 13:31 3541

Қалалық бағдарлар 200 жаӊа автобуспен қамтылады

Астана қаласында жаӊа жолаушылар көлігін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында жылжымалы құрамды жаӊарту бағытында бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда. "Астана LRT" ЖШС жолаушылар көлігі бөлімініӊ басшысы Бейбіт Есжановтыӊ хабарлауынша, бүгінгі таӊда елордаға жаӊа 310 автобус жеткізілді, тағы 48 автобус үстіміздегі жылдыӊ қазан айына дейін келеді

Астана. 10 Шілде. Kazakhstan Today - Астана қаласында жаӊа жолаушылар көлігін басқару жүйесін жетілдіру мақсатында жылжымалы құрамды жаӊарту бағытында бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда. "Астана LRT" ЖШС жолаушылар көлігі бөлімініӊ басшысы Бейбіт Есжановтыӊ хабарлауынша, бүгінгі таӊда елордаға жаӊа 310 автобус жеткізілді, тағы 48 автобус үстіміздегі жылдыӊ қазан айына дейін келеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

- Шілденіӊ 11 күні Iveco citylis маркалы 241 автобусты пайдалануға беру көзделген. Соныӊ ішінде 34 автобус 18 метрлік, ал қалғаныныӊ ұзындығы 12 метр. Барлық автобустар кондиционерлік және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген, - деді Б. Есжанов, деп хабарлайды astana.gov.kz тілшісі.

Оныӊ айтуынша, 2017 жылға дейін автобустар тапшылығы 958 автобусты құрайды. Жоспар бойынша, 2015 жылы 358 жаӊа автобус пайдалануға беріледі. 2016 жылы қосымша 200-250 қоғамдық көлік алынып, 2017 жылы елорданыӊ автобус паркі тағы 350 автобуспен толықтырылады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, бүгінгі таӊда қалалық құзіретті құрылымдар елордада қоғамдық көліктерге арналған қосымша жол жолақтарын жасау мәселесін талқылауда. "Астана LRT" ЖШС көлік бөлімініӊ директоры Рустам Халилевтіӊ айтуынша, Бөгенбай батыр, Н. Тілендиев және Б. Момышұлы даӊғылдарында үстіміздегі жылдыӊ тамыз айында қоғамдық көліктерге арналған қосымша жолақтар жасалмақ.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны